Димаш Құдайбергенов «Славян базары-2015» халықаралық ән байқауының жеңімпазы атанды
Витебск қаласында өтіп жатқан «Славян базары-2015» ХХІV Халықаралық эстрада әндерінің орындаушылары арасындағы байқауда Қазақстан атынан өнер көрсеткен Димаш Құдайбергенов жеңімпаз атанды.
Ресми түрде жеңімпаз 13 шілде күні «Славян базарының» салтанатты жабылу рәсімінде жарияланады. Алайда, байқау қорытындысы бойынша қазақ әншісінің көш бастап тұрғаны белгілі.
Жас әнші екі күннің қорытындысы бойынша 175 ұпай иеленді. Алғашқы күні ол Константин Меладзенің «Опять метель» атты композициясын орындаса, екінші күні «Sos dun terien un detresse» атты француз әнін айтты.
Димаш Құдайбергенов Гран-при жеңімпазы атанып, 20 мың доллар көлемінде ақшалай премияға ие болмақ. Екінші орынды Белоруссия әншісі Валерия Грибусова, үшінші орынды болгариялық Николай Манолов иеленді.
Атап өтерлік жайт, Димаш Құдайбергенов Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Ол халықаралық байқауларға осыған дейін де қатысқан болатын. 2012 жылы «Шығыс базар» әншілер байқауында Димаш жеңімпаз атанған, ал бір жылдан соң Мейкин Азия» бірінші халықаралық жас әншілер фестивалінің жеңіп алған. 2014 жылы «Славян базары» байқауында Қазақстан атынан «Голос» вокалдық байқауының («Қазақстан дауысы») Мархаба Сабиева өнер көрсетіп, байқау қорытындысы бойынша үшінші орын алды.
Дәурен Омаров
Ақпарат Tengrinews.kz порталынан алынды