Димаш Үндістан кинофестивалінде марапат алған қазақстандыққа қолдау көрсетті
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген қазақстандық «Паралимпиец» фильмі Үндістанда өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының кинофестивалінде жоғары марапатқа ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Режиссер Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиец» фильміндегі басты рөлді сомдаған Асқар Ілиясов «Үздік ер адам рөлі» сыйлығын жеңіп алды. Фестивальге 14 елден барлығы 57 туынды ұсынылды.
Отандық делегацияны Димаш Құдайберген бастады. Айта кету керек, бұл фильмнің алғашқы марапаты емес – өткен жылы ол Ресейдегі кинофестивальдерде 2 мәрте гран-при алды. Кинотуынды қазақстандық паралимпиадашылардың өміріндегі нақты оқиғаларға негізделген. Фильм 2018 жылы Пхенчханда жеңіске жеткен Қазақстандағы алғашқы қысқы Паралимпиада чемпионы Александр Колядиннің жеңіске жету жолын баяндайды.
«Мен өте бақыттымын. Бұл менің алғашқы сыйлығым. Біз үлкен еңбек жасап, бүкіл жанымызды салдық. Біздің басты мақсатымыз - паралимпиадашылар туралы айту, олардың жеңістерінің артында қандай ерік-жігер, күш пен ұмтылыс тұрғанын көрсету. Бұл туындының мемлекеттік қолдаудың арқасында жарыққа шыққанына қуаныштымын», - деді жүлдегер Асқар Ілиясов.
Сонымен қатар, кинофестивальде отандық «Ұлы Дала таңы», «Мұқағали», «Мама, мен тірімін!», «Адемоканы оқыту» және «Ыстық көл» фильмдері көрсетілді.