Димаш, дрондар шоуы және 100 мың адам: Ақтаудағы ТҮРКСОЙ іс-шарасы өтті

Әлемдік жұлдыздардың өнері, дрондар шоуы, әйгілі қолөнершілердің шеберлік сағаттары: Ақтауда түркі әлемінің мәдени астанасы жылының салтанатты ашылуы несімен есте қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақтау қаласында «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы 2025» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Халықаралық түркі мәдениеті ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше елдердің – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстанның мәдениет министрлері мен өкілдері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері және Венгрия делегациясы болды.
Каспий теңізінің жағалауында өткен ауқымды шараны 100 мыңнан астам көрермен тамашалады. Олардың қатарында жергілікті тұрғындармен қатар Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шет елдерден келген қонақтар да бар.
Салтанатты кештің басты нысандарының бірі – «Дархан Дала» этноқалашығы болды. Бұл – қазақтың дәстүрін, Маңғыстаудың киелі мұрасын және түркі халықтарының тарихын насихаттауға арналған бірегей мәдени кеңістік.
Іс-шара аясында ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің суретшілері мен қолөнершілерінің көрмесі де ашылды.
Мерекелік кеште Ақтау аспанын ерекше таңғажайып көрініске бөлеген дрон шоуы өтті. Бір мезетте 500-ден астам дрон көкке көтеріліп, Қазақстанның туы, Маңғыстаудың табиғатына тән жануарлар мен бозжыра тауы, халықаралық шараның логотипі және қазақтың ұлттық мәдениетінің элементтері бейнеленді.
