Жаңалықтар

Әділет министрлігі қандай заң жобаларын әзірлеп отырғанын айтты

Қазіргі уақытта аталған заң жобалары Үкіметтің қарауында жатыр.
Әділет министрлігі қандай заң жобаларын әзірлеп отырғанын айтты
Фото: El.kz 25.08.2022 15:23 1565

Әділет министрлігі 5 ірі заң жобасын әзірлеп шықты. Қыркүйектен бастап депутаттар заңдарды назарға алып, талқылайды. Бұл туралы Әділет министрі Қанат Мусин Ұлттық зияткерлік меншік институты базасында халықпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды El.kz.

Министр атаған заң жобаларын талқылап, міндеттерін атап өтті. Айтуынша, бұл конституциялық заңдар аталған органдардың құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайды.

Заңның ерекшелігі, дағдарыс жағдайында үкіметке заңды күші бар уақытша актілерді қабылдауға құзырет беріледі. Аралас сайлау жүйесі енгізіліп, мәжіліске депутаттардың 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтер бойынша сайланатын болады.

«Партиялар мен депутаттыққа кандидаттардың әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жүргізуге, сайлауға аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан байқаушыларды жіберуге құқығы енгізіледі. Сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру тәртібі мен басқалары айқындалады. Аталған түзетулер аясында еліміздің басты құжатына «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты» туралы Конституциялық Заң жобасы енгізілді. Үшінші түзету «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасы. Бұл конституциялық заңдар аталған органдардың құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайды. Төртіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілетін заң жобасы, саяси партиялардың, Жоғары сот кеңесінің, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, есеп комитетін жоғары аудиторлық палатаға қайта қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ, халықтың жерге меншік құқығымен байланысты заң жобасы енгізілуде», - деді әділет министрі.

Министр заң жобаларын әзірлеу барысында халықтан түскен ұсыныстар да қаралғандығын айтты. Сондай-ақ азаматтарға заң қызметін көрсетуде өңірлік заңгерлік қауымдастық үлкен жұмыс атқарып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша нотариустардың жалпы саны - 743, адвокаттардың саны - 657. Қалада заң консультанттарының 8 палатасы жұмыс істейді. Заң аясында адвокаттардың, заң кеңесшілердің палаталары халықтың мәселесін шешуге атсалысу қажет екендігін тілге тиек етті.

Қазіргі уақытта аталған заң жобалары Үкіметтің қарауында жатыр, жақын арада Парламентке енгізу жоспарлануда. Заңдарды қабылдау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.



Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға