Дидар Хамза спортқа қайта оралуының себебін түсіндірді
Дзюдодан Қазақстан командасының бұрынғы мүшесі Дидар Хамза ұлттық құрамаға қайта оралды. Ол Душанбеде өтетін Grand Slam турниріне қатысатын балуандар тізіміне кірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, былтырғы Азия ойындарынан кейін дзюдошы үлкен спортпен қош айтысатынын мәлімдеген еді.
Азия ойындарынан соң сондай қиын күй кештім. Мұндай жағдай әрбір спортшының басында болады деп ойлаймын. Өйткені, әр жарыста ұтыла берген соң, күресуге, татамиге шығуға жігер қалмайды. Менің де басымнан осы жағдай өтіп, спорттан кетемін деп шештім.
Бірақ аздаған үзілістен соң күресуге деген ынтам қайта оянды. Жігіттердің күресін, жарыстарды көріп, әлі де белдесуге болатынын түсіндім. Осылайша, жаңа жылдан бастап ұлттық құрамаға қайта келіп, жаттығу жиындарына қатысудамын. Халықаралық жиындарға да бардым.
Бапкерлер шешімімен, Душанбеде (Тәжікстан) өтетін Grand Slam турниріне қатысушылар тізіміне ендім. Қазір рейтингте 40-орындамын. Олимпиадаға жолдама алатын әлі де мүмкіндік бар сияқты. Алда соңғы үш жарыс қалды. Бұйырғанын көреміз, - деді спортшы.
Айта кетелік, Дидар Хамзаның ең үлкен жетістігі - 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының алтын медалі.