Жаңалықтар

"Десант боламыз": Ақтаулық егіздер әскерге аттанды

"Десант боламыз": Ақтаулық егіздер әскерге аттанды
Фото: otpannews.kz 16.04.2025 21:12 534

Маңғыстау облысынан 25 жас сарбаз салтанатты түрде еліміздің Қарулы Күштері қатарына аттанды, деп хабарлайды otpannews.kz.

Олар мерзімді әскери қызметін Алматы гарнизонындағы 38-десанттық-шабуылдаушы бригадада атқарады. Жаңа жас сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өтті. 

Болашақ сарбаздардың арасынла Маңғыстау ауданына қарасты Қызан ауылының тумалары, егіз бауырлар Тұрсынбек пен Мықтыбек Бақтыгерейұлы да бар. Бала күндерінен бері бір-бірінен бір елі ажырамаған егіздер барлық істі бірге атқарып, армандарға бірге жетуді мақсат тұтқан. 

Олар жас кезінен дзюдомен айналысып, бес жыл бойы спорттық секцияға барған. Республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанып үлгерді. Олардың спорттық шынығуы мен командалық рухы — десанттық бөлімге сай келетін мінсіз қасиет болып саналады. 

Бізге 1414-тен SMS келіп, әскерге шақыру хабарламасы түсті. Еш ойланбастан құжаттарымызды жинап, медициналық тексерістен өттік. Бала кезден армандаған армияға өз еркімізбен бардық. Көк берет киіп, парашютпен секіру — бала армандарымыздың бірі болатын. Армия бізге көп нәрсе беретініне сенімдіміз, – дейді егіздер. 

Олар борышын атқаратын 38-десанттық-шабуылдаушы бригада — Жоғарғы Бас қолбасшының резерві болып саналатын, алдыңғы шепте де, қарсылас тылында да әскери тапсырмаларды орындай алатын элиталық бөлімше.

Десанттық-шабуылдаушы әскер қатарында болу — үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мұндай бөлімде қызмет ету үшін тек физикалық дайындық жеткіліксіз, сонымен қатар батылдық, табандылық, темірдей тәртіп пен жауынгерлік бауырластық қажет. Тұрсынбек пен Мықтыбек бұл сынаққа дайын және әскери борышын абыроймен атқарамыз деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға