Жаңалықтар

Депутаттар ​​Қазақстан мен Черногория қарым-қатынастарын дамыту мен нығайту мәселелерін талқылады

Депутаттар ​​Қазақстан мен Черногория қарым-қатынастарын дамыту мен нығайту мәселелерін талқылады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 05.10.2023 22:49 678

​​Қазақстан мен Черногория қарым-қатынастарын дамыту мен нығайту мәселелерін Мәжіліс депутаттары Құдайберген Бексұлтанов, Болат Керімбек және Максим Рожин Черногорияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Милорад Шчепановичпен кездесуде талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Қазақстан-Черногория» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топ жетекшісінің орынбасары Құдайберген Бексұлтанов соңғы бірнеше жылда елдер арасындағы екіжақты байланыс айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Черногорияда Қазақстанның алғашқы өкілдігі – Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы және «Подгорица-Астана» тікелей рейсі ашылды. Қазақстандықтарға Черногорияға бару үшін визасыз режим іске қосылды.

Өз кезегінде Милорад Шчепанович елдер арасында, оның ішінде құқықтық салада да тығыз байланыс орнағанын айтты. Бүгінгі таңда Черногория тарапы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету, сотталғандарды беру және шығару туралы үш мемлекетаралық келісімді қарастырып жатыр. Сондай-ақ Елші Қазақстан-Черногория ынтымақтастығын дамытуда парламенттік достық топтары маңызды рөл атқаратынына назар аударды.

Сонымен қатар әңгімелесушілер сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты байланысты және парламентаралық өзара іс-қимылды дамыту мен нығайтуға келісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға