Жаңалықтар

Депутаттар халықпен кездесті

Жол картасы шеңберінде салынып жатқан 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысымен танысты.
Депутаттар халықпен кездесті
Фото: дереккөз 17.08.2022 21:35 2562

Мәжіліс депутаттары өңірлерде жұмысын жалғастырып, облыс, аудан орталықтарын аралап, еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды EL.KZ мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда халықты әлеуметтік қолдау шараларына, мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті жерлерде жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударуда. 

Бүгін Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Алматы облысының Есік қаласында  «AMANAT» партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын жүзеге асырудың Жол картасы шеңберінде салынып жатқан 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. 

Кездесуде Ж.Әшімжанов қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру жөніндегі мемлекеттік шаралар туралы, оның ішінде депутаттардың әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған заңнамалық бастамалары туралы айтты. Сонымен қатар нысандағы құрылыс жұмыстарының сапасы уәкілетті органдардың қатаң қадағалауында болуы тиіс екенін де атап өтті. 

Өз кезегінде құрылыс компаниясының өкілі Болат Ишназаров қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 95%-ға аяқталғанын, абаттандыру жұмыстары біткеннен кейін тұрғын үйлер мерзімінде пайдалануға берілетінін айтты. 

Жалпы Есік қаласында кезекте тұрған тұрғындарға биылғы жылдың төртінші тоқсанында 120 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға