Жаңалықтар

Ассамблея жастары - бірлік сабақтастығын жалғастырушы

Ассамблея жастары - бірлік сабақтастығын жалғастырушы
19.09.2019 18:55 3033

Достық үйінде «Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастарды дамытудағы жастардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жастардың қоғамдағы саяси белсенділігіне дәлел болған аталмыш шараға «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының, «Жас Отан» жастар қанатының елордалық филиалдарының және этномәдени орталықтар жанындағы жастар ұйымдарының өкілдері, ақпарат нарығын игерген журналистер, медиамамандар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ляззат Құсайынова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұралы Айдашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бас сарапшысы Элина Паули жастармен сұқбат құрып, оларға бағыт-бағдар берді.

Еркін форматта ұйымдастырылған аталмыш шарада Жастар жылының аясында жасалып жатқан жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі тілге тиек етілді. Атап айтар болсақ, жастарды жұмыспен, тұрғын үймен қамту мәселелері түсіндіріліп, жас маманның мемлекеттік саяси тұлға ретінде қалыптасуына, білім алуына, тәжірибеден өтуіне, кәсіпкерлікпен айналысуына ықпал болатын мүмкіндіктер таныстырылды.

 Қазақ тіліне көрсетілетін құрмет – оның тілінде сөйлеу

Мәжілісмен Геннадий Шиповских қазақ отбасында тәрбие алған. Жастарды мемлекеттік тілді құрметтеуге және сол құрметтің белгісі ретінде өз ортасында қазақ тілінде сөйлеуге шақырған Геннадий Геннадиевич сонымен қатар, мамандық таңдауда жастардың еңбек нарығының сұранысын жете зерделемейтіндігіне қынжылыс білдірді.

Ассамблея жастары - бірлік сабақтастығын жалғастырушы

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«Өзге ұлттардың барлығын өгейсінбей, бауырына басқан қазақ халқына көрсетілетін құрмет – оның тілін білу, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын сыйлау. Осы отырыста мен сіздермен әдейі қазақ тілінде сұқбат құрып отырмын. Жиналыста ғана емес, күнделікті тұрмыста, қызмет бабында да қазақ тілінде сөйлесуге тырысамын. Бірақ, бұл менің орыс тілін білмейтіндігімнен емес. Шүкір, орыс, ағылшын тілдерінде де ойымды еркін жеткізе аламын. Алайда, біз өзгерісті дәл бүгін өзімізден бастауымыз керек. Бұған дейін Елбасымыз «Біздің басты байлығымыз – қазақ тілі» деп айтты. Ал Президент Қасым Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік тіл ұлтаралық қатынас тіліне айналады деді. Ол үшін біз барлығымыз осы бағытта жұмылуымыз керек. Қазақстандық азамат қай ортада, қандай шараға қатыспасын мейлі, ең бастысы, әңгіменің әлқиссасын қазақ тілінде бастауы керек. Өзің тұрып жатқан елге көрсетілетін құрмет те осы болмақ. Бүгінде «Болашақ» корпоративтік қоры голливудтық кинокартиналарды қазақ тілінде дубляждау жұмыстарын қолға алды. Әлем жұлдыздарының қазақ тілінде «сөйлегені» әрине, көңілге қонымды көрінеді. Қазақтілді аудитория ғана емес, қазақ тілін үйренемін деген ниеті барлар кинотуындыларды қазақ тілінде көрсе, бұл да тілдік насихат құралы болмай ма?! Киномотография жөніндегі заң жобасында кинотеатрларда қазақ тіліне дубляждалған фильмдерді прокатқа шығару, кино мен теледидар өнеркәсібінде қазақ тілін қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде мәселелер қамтылды. Алдағы уақытта қаржыландыру мәселесі дұрыс шешілсе, қазақ тіліндегі кинолардың саны арта түсетіндігіне сенімім мол. Себебі, оған сұраныс күннен-күнге өсіп келеді.

...Мен өз тағдырымның қазақ халқымен біте қайнағанына дән ризамын. Жастайымнан әке-шешемнен айрылып, жетімдер үйіне түстім. Кейін Алланың қалауымен қазақ отбасы асырап алды. Үйде меннен бөлек бес бала болатын, олар алтыншы бала қылып мені бауырларына басты. Кішкентай кезімнен темір-терсекке құмартып өстім. Сондықтан болар, мамандық таңдағанда да, қарапайым еңбек адамы болуды қаладым. Ең бірінші айлығыма қазақтың ырымымен үйге нан алып келгенімде, анам қатты қуанды. Жұмыс жасап жүріп, арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған түрлі іс-шараларға қатысып тұратынмын. Кейін Жайдарман әзілкештер клубында өнер көрсеттім. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты ел аралауға шыққан «Менің елім» үгіт поезын жүргізу бақыты маған бұйырды. Еліміздің барлық шалғайдағы ауыл-аймағын аралап, Нұр-Сұлтан қаласына келіп тоқтағаннан кейін, өмірімде тарихи сәт болды, поездың машинисті ретінде Елбасының алдында есеп бердім. Менің Елбасымен сұқбаттасатынымды білген кезде әке-шешем, жақындарым қатты қуанды. Кейін 2016 жылы саяси додаға қатысып, Мәжіліс депутаты болып сайландым. Әрине, алғашқы кезде өмірімдегі өзгерістердің барлығы да тосындық болды. Теміржол саласында жүрген соң, саясаттан да көп хабарымның бола қоймағанын жасырмаймын.

Өз өмірімді жастар, сіздерге ермек үшін таныстырмадым. Мен бүгінгі деңгейіме пойыз жүргізіп жүріп жеттім. Осылайша, қарапайым еңбек адамы саяси сауатты маманға айнала алатынын дәлелдедім. Бүгінде, еңбек нарығына шолу жасап көрсеңіздер, қарапайым еңбек адамы болуға құлшынатын жастың аз екенін байқайсыздар. Мамандықтың жақсысы мен жаманы болмайды. Бастысы, сенің өзің өмір сүретін ортаға, қоғамға тигізетін пайдаң болуы керек».

 Жастарға мемлекеттік қолдау қомақты

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырушы өкілетті орган бұл – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Бүгінде министрлік тарапынан жастардың қоғамдағы рөлін айқындау, жұмыспен, баспанамен қамту, білімін шыңдауына, тәжірибесін ұштауына сондай-ақ, кәсіпкерлік тетіктерін игеруіне мүмкіндік беретін Жастар тұжырымдамасы жемісті жүзеге асырылуда. Бұл туралы министрліктің өкілі Элина Паули баяндап берді.

Ассамблея жастары - бірлік сабақтастығын жалғастырушы

Элина Паули, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бас сарапшысы:

«Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы аясында бүгінде жастарды қолдау бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта Президент жанында жастар саясаты жөніндегі кеңес, одан өзге барлық өңірлерде жастар ресурстық орталықтары, әкімдер жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестер, жоғарғы оқу орындарында жастар ісі жөніндегі комитеттер жұмыс жасайды. Және үкіметтік емес ұйымдар негізінде құрылған 500-ден аса жастар ұйымдары бар.

2019 жыл Жастар жылы деп жариялануына байланысты Министрлік Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасын әзірлеп, бекіткен болатын. Ол 89 тармақтан тұрады. Мұнда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтуға, білім беруді және волонтерлікті дамытуға, жастардың әлеуметтік белсенділігін дамытуға, жас отбасын, денсаулықты және әлеуметтік инклюзивтілікті қолдауға басымдық беріліп отыр.

Жастарды тұрғын үймен қаматамасыз етуде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Осы жылы еліміздің үш қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға жалдамалы тұрғын үй беріледі. Министрлікпен жалдамалы тұрғын үй берудің ережесі әзірленіп, бекітілді. Жалдамалы тұрғын үй сатып алу құқығынсыз бес жылға дейін беріледі және жалға алушы оған тек айына 10000-12000 теңге көлемінде ғана жалдау ақысын төлейді. Бұл жоба әсіресе, жас отбасылардың жеке баспана алуы үшін қаражат жинауына мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Жыл сайын жоғарыда аталған қалаларда кемінде 3000 пәтер пайдалануға беріледі. Жалдамалы тұрғын үй бағдарламасымен құжат қабылдау қараша айында басталуы керек. Әрбір қалада құжаттарды жергілікті атқарушы орган қабылдайтын болады. Жол картасының екінші бағыты бойынша халықты жұмыспен қамтуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдараламасына өзгерістер енгізілген. Сол өзгерістердің негізінде «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» бағыттары арқылы жүзеге асырылатын «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы дүниеге келді. Бұл жоба үш жыл ішінде 1 миллион жасты қамтитын болады. «Жас маман» жобасы арқылы бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие болып отырған 100 индустриялық-сервистік мамандықтар бойынша мамандар даярланатын болады. Осы мақсатта 200 мың жас кәсіптік-техникалық білім алады. Сондай-ақ, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында «Бизнес бастау» бағдарламасымен жастарға кәсіпкерлік негіздерінің қыр-сыры үйретіледі. Оларға консультативті кеңес қана беріліп қоймай, бизнес жоспар құруға көмек көрсетіледі. Осы кәсіпкерлік негіздерін игергеннен кейін жас маман кәсіпкер ретінде өз идеяларын ұсынып, шағын несиеден үміттене алады. Сонымен қатар, қайтарымсыз гранттар да беріледі.

Бүгінде министрлікпен Ассамблея бірлесіп бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Жастарға үлкен мүмкіндіктер берілуде. Ең бастысы, олар бір жерде тоқтап қалмай, алған білімдерін дамытуға, өз-өздерін жетілдіруге күш жұмсауы керек».

 Жастар ақпарат нарығының волонтері бола алады

Жастарды ақпарат саласымен бірлесіп жұмыс жасауға шақырған журналист Олжас Беркінбаев, жастар ақпарат саласындағы мемелекеттік саясаттың, ел бірлігінің насихатшысы болуы керек дейді.

Ассамблея жастары - бірлік сабақтастығын жалғастырушы

Олжас Беркінбаев, журналист:

«Ассамблеяның әрбір мүшесі ерікті деген пікірге толықтай қосыламын. Және осы отырған жастарды ақпарат саласының ерікті сарбазы болуға шақырамын. Егер ақпарат саласындағы сараптарға зер салсақ, жағымсыз жаңалық әлеуметтік желілерде 6-ақ секундтың ішінде тарап үлгереді екен. Бүгінде барлық адамдар мобильді құрылғыны пайдаланады, ендеше ел үшін, өздеріңіз үшін жасалып жатқан жаңалықтар мен жақсылықтардың жаршысы болыңыздар. Әрбір осындай келелі кеңестен алған әсерлеріңізбен, білген-түйген ойларыңызбен әлеуметтік парақшаларыңызда бөлісіңіздер. Мемлекет жастарға жасап жатқан қамқорлықты барлық қазақстандықтар, әсіресе, ауыл-аймақтағы жастар білуі керек. Барлығымыз әлеуметтік желіні пайдаланамыз. Бірақ оны жеке бас мақсатында пайдаланбай, ел мүддесіне бағыттауымыз керек. Геннадий Генадиевичтің айтқанын да толықтай қуаттаймын. Шын мәнінде, біз неге қазақша сөйлемейміз?! Орыс тілі қазақ тілінің тасасында қалып қояды деп қорықпауымыз керек. Алайда, өз мемлекеттік тіліміздің мәртебесіне үлес қоса отырып, Президент айтқандай, оны ұлтаралық қарым-қатынас тілінің деңгейіне көтеруге үлес қосайық. Жастарды позитивті түрде ашық болуға шақырамын».

 Жастар өз болашағына не қажет екенін біледі

Жастар Қазақстанның баға жетпес құндылығы және оған бүгінгі мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық, елдің ертеңгі болашағының мызғымас кепілі болуы керек. Бұл туралы еркін форматта өткен дөңгелек үстелде өз пікірін білдірген жастар белсендісі Анастасия Тимощенко-Боровикова жастарды қоғамның барлық салаларында әлеуметтік белсенділік танытуға шақырды.

Ассамблея жастары - бірлік сабақтастығын жалғастырушы

Анастасия Тимощенко-Боровикова, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының астаналық филиалының төрайымы:

«Шын мәнінде, жастар бүгінгі қоғамда әлеуметтік топ ретінде негізгі рөлге ие болып келеді. Қазақстан ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында әлемнің 30 дамыған елінің қатарына енуге батыл қадам жасады. Осы жағдайда жастарға үлкен сенім мен міндеттер артылып отыр. Оған аға ұрпақтың маңызды істерін жалғастыра отырып, ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыра түсуге, Қазақстанды ХХІ ғасырда әлем мойындайтын бірегей елге айналдыруға үлес қосу міндеті жүктелді. Біз Қазақстанды әлемге танытатын жаңа ұрпақпыз. Жастардың білім алуы, өз-өзін интеллектуальды дамытуы үшін барлық жағдай жасалып қойылды. Біз қазақстандық жастарға үн қосу мақсатында 2018 жылдың 15 наурызында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысын құрған болатынбыз. Негізгі мақсаттарымыздың бірі - жас көшбасшылардың жаңа толқынын қалыптастыруға ықпал ету.

Елордалық Ассамблеяның қызметінде басымдық беріліп отырған бағыттардың бірі - жастармен жұмыс екендігі қуантады. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары ұрпақ сабақтастығындағы бірлік пен келісімді нығайтудың қозғаушы күші мен тетігі екендігін ұғына отырып, қоғамның барлық әлеуметтік салаларына белсенді қатысуға тырысады. Біз сол арқылы елдің жоғарғы оқу орындарымен, ғылым және мәдениет орталықтарымен ықпалдастық орнатып, ғылым және зерттеу салаларын дамытуға, қайырымдылық жұмыстарына, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарына қатысуға, кәсіпкерлік негіздерін игеруге мүмкіндік алдық. Сондай-ақ, Ассамблеяның «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» тарихи-экологиялық акциясы аясында еліміздің мәдени және рухани киелі орындарында болдық. Ассамблеяның жастар бойына сіңіруі керек тағылымды бастамаларының бірі - «Қазақтану» жобасы болып табылады. Ол мәдениетті, тілді, тарихты, қазақ халқының тұрмыстық ерекшелігін насихатауға арналған. Жастар ұрпақ сабақтастығын сақтап қалу үшін ата-баба тарихын, дәстүрін танып-білуі керек. Ересек өмірге енді ғана қадам басқан жастардың өз болашағына қызығушылық пен мүдделілік танытып отыруы заңдылық. Жас ұрпақ өз мүмкіндіктеріне сенеді, болашағына қандай білім мен ілімнің қажет болатынын жақсы біледі».

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға