Депутат жасанды интеллект қандай қауіп төндіретінін айтты

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) туралы заң жобасына қатысты бірқатар маңызды ұсыныстарды атап өтті. Ол ЖИ бүгінде прогрестің ажырамас бөлігіне айналғанын және оның әртүрлі салаларға әсерін мұқият зерттеу қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Халықаралық экономикалық ұйымдардың мәліметі бойынша, ЖИ әлем бойынша 90 миллионға жуық жұмыс орнын алмастыруы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін де үлкен сын-тегеурін туғызады, себебі депутаттың айтуынша, елдегі нақты жұмыссыздық деңгейі 12-13% (шамамен бір миллион адам) құрайды. Сондықтан кадрларды қайта даярлау және жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі заңнамалық бастамалардың бір бөлігі болуы тиіс.
ЖИ бүгінде ауруларды диагностикалауда кеңінен қолданылады. Мысалы, онкологиялық ауруларды анықтауда оның дәлдігі 95%-ға дейін жетуі мүмкін. Алайда құқықтық мәселе туындайды: егер ЖИ берген ұсыныстар негізінде ем жүргізіліп, қателік кетсе, жауапкершілікті кім көтереді?, - дейді мәжілісмен.
Жасанды интеллекттің дамуы заңнамалық тұрғыдан жаңа нормаларды енгізу қажеттігін тудырып отыр.
ЖИ жол қозғалысын басқаруда қолданыла бастады, бұл қауіпсіздікті арттырып, шығындарды азайтуға көмектеседі. Дегенмен мұндай жүйелерді енгізу жан-жақты пысықтауды қажет етеді, себебі оларды дұрыс бейімдемесек, кері әсері болуы мүмкін. ЖИ дамыған сайын жаңа қауіптер пайда болып жатыр, соның ішінде алаяқтық пен контентті қолдан жасау. Қазіргі технологиялар адамның даусын және бейнесін өзгертіп, жалған ақпарат таратуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ЖИ музыкалық және шығармашылық туындыларды өзі жасай алады, бұл авторлық құқық мәселесін туындатады. Сондықтан бұл аспектілерді заңнамалық тұрғыда нақты реттеу қажет, - дейді Елнұр Бейсенбаев.
Осы орайда депутат ЖИ туралы талқыланып жатқан заң жобасын салалық деңгейде толықтыру қажет екенін атап өтті. Басты бағыттар – жауапкершілік мәселелері, авторлық құқықты қорғау және еңбек нарығын жаңа технологиялық шындыққа бейімдеу.
Жасанды интеллекттің дамуы – бұл қиял немесе болашақ емес, ол біздің бүгінгі күніміз. Қазақстан бұл технологияларды тиімді және қауіпсіз пайдалану үшін берік заңнамалық негіз әзірлеуі қажет, - дейді депутат Елнұр Бейсенбаев.
