Жаңалықтар

Депутат Жанарбек Әшімжан желіде қазақтың ғұламаларына тіл тигізгендерді жазалауды талап етті

Депутат Жанарбек Әшімжан желіде қазақтың ғұламаларына тіл тигізгендерді жазалауды талап етті
Фото: Коллаж El.kz 09.10.2024 17:23 377

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіде қазақтың ғұламаларына тіл тигізгендер жайлы айтып, премьер-министр мен бас прокурорға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат соңғы кездері қоғамда адам баласының жағасын ұстататын, ұлттың сапасына әсер ететін жағдайлар толастамай тұрғанын атап өтті.

Өкінішке қарай, соңғы уақыттарда Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп барады. Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды «туфли жалағыш», Шәмшіні «арақкеш» деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес. Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп жанымыздан түңілдік. Ұлттың Арын жарты шөлмек шарапқа, намысын бүтін нанға сататын, көңілін ит жалаған, ниетіне қасқыр шапқан замандастарымның қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады, - деді ол.

Жанарбек Әшімжанның сөзінше, күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды.

Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, таразылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді. Тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді. Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты «жазалау» шаралары аз емес, - деді мәжілісмен.

Айтуынша, Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты.

Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ. Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана. Алайда, рухани тұрғыда кез келген кері әрекетке тиісті уәкілетті органдар тарапынан жауап берілмеген жерде осындай жағдайлар орын алады. Ел Президентінің сәт сайын «қоғамда Заң үстемдігі және тәртіп салтанат құру керек!» деген сөзінің түп мағынасы осы емес пе, ағайын! Шіріген ауыздан шыққан сөзді жөндеймін деп, намысты жас өрендеріміздің заң аясында опық жеп қалуы мүмкін еді. Сондықтан, қоғамда бірінші кезекте заң сөйлеуі керек. Сонда ғана, біз тәртіпке бағынатын қоғам құратынымыз анық, - деді ол.

Осылайша Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан премьер-министр Олжас Бектенов пен бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ қалыптастырамыз десек, үкіметтік деңгейде жеделдетіп Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік Бағдарлама әзірлеу қажет. Бала-бақшаларда, мектептерде, оқу-ағарту бағытында бұлжымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шараларын жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар Заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз, - деді мәжілісмен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға