Жаңалықтар

Депутат Қазақстанда кальянға тыйым салуды ұсынды

Депутат Қазақстанда кальянға тыйым салуды ұсынды
Фото: © Pixabay.com 24.01.2024 13:01 1086

Қазақстанда үш жылда вейп тұтынушылардың саны 300 есе артқан, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың сөзінше, «Қазақстан балалар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде Астана мен алматылық жастардың шамамен 80 пайызы апта сайын вейп сатып алған.

Ал оның құрамында не бар екені белгісіз. Өйткені елімізде оның құрамын зерттейтін зертхана жоқ. Қаржы министрлігінің дерегінше, 2020 жылдан бері оның сатылуы 300 есе өскен. Енді осыған заң арқылы нақты тосқауыл қойылды. Бүгінде пайдасынан зияны көп, жас та, кәрі де пайдаланатын осындай электрондық темекі, синтетикалық есірткі, бір ішсең, қайта-қайта іше бергің келетін энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен-күнге көбейіп барады. Солардың бірі – кальян, қорқор түтіні. Бұл да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп, өскелең ұрпақты аздырып барады. Бүгінде арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарды қойып, жастар көлікке салып алып қорқорлататын жағдайға жетті, - деді мәжілісмен.

Депутат кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз екенін жеткізді. Сөзінше, оған темекіден бөлек түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, арақ та, коньяк та қосуы әбден мүмкін, ал оны қадағалап жатқан бір жан жоқ.

Соның салдарынан бүгінде отбасымызбен қоғамдық жерге барып тамақ ішу мүмкін болмай қалды. Айналамыз көк түтін, оның заңсыз екенін ескеріп жатқан кәсіпкер жоқ. Бұл – дабыл қағарлық жағдай! Рас, кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені үш жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты, - деді ол.

Депутат қоғамдық орында кальян шегіп отырғандарға шағым айтылса, әкімшілік шара қолданылып, небәрі 15 АЕК айыппұл салынатынын айтты. Дегенмен бұл кәсіпкерлерге ешбір зиянын тигізбейтінін түсіндірді. Себебі бұл мәселе заң жүзінде көзделмеген.

Депутат қоғамды кальяннан арылтып, оған мүлдем тыйым салу қажет деп есептейтінін жеткізді. Сонымен қатар мынадай ұсынысын айтты:

  • Бірінші. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барша көңіл көтеру орындарына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет
  • Екінші. Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс.
  • Үшінші. ҚР Үкіметі елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға