Жаңалықтар

Депутат өнер жұлдыздарының зейнеткерлер мен жалғызбасты аналарды алдап келгенін айтты

Депутат өнер жұлдыздарының зейнеткерлер мен жалғызбасты аналарды алдап келгенін айтты
Фото: parlam.kz 14.02.2024 13:37 1004

Депутат Нартай Сәрсәнғалиев бас прокурор мен Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасына жолдаған сауалында қаржылық пирамидалар мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, тұрғындардың шақшадай басын шарадай қылған сондай ұйымның бірі – «Л-капитал». Себебі 1451 адам аталған қаржылық ұйымның құрбаны болған. Жұртшылықтың бұл ұйымға сенуіне жарнама жасап жалаулатқандардың сапында елге танымал өнер жұлдыздарының көп болуы себеп. Өнер иелерінің сөздеріне иланып, қаржысынан айырылғандардың арасында зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар да аз емес екен. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 10 миллиар 499 миллион теңге. Сөйте тұра іс бойынша сот созылып, прокуратура органдарының әрекеті де көңілге қонбай тұр. Депутат құрбандар саны бұдан да көп дегенді алға тартады.

Бұл жерде тағы бір түйткіл бар, «Л-Капитал» акционерлік қоғамына алданғандар саны 1451-ден әлдеқайда көп. Себебі арыз жазған ағайын қаржылық құйтырқылықтың құрбандары санатында әскери бөлім қызметкерлері, түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар дейді. Бірақ олар арыз жазудан тартып отыр, себебі де түсінікті шығар, - деді мәжілісмен.

2008 жылы құрылған әрекеті қаржылық пирамидаға ұқсас ұйымды Алматы қаласының Әуезов аудандық Әділет басқармасы ресми тіркеген. Алғашында елге қаржылық сауаттылықты үйрететін бизнес тренингтер өткізіп бастаған компания халықты алдап соққан. Нартай Аралбайұлы осындай алаяқтар қашанғы емін-еркін жүретінін сұрады.

Қарапайым елдің мобильдік аударымына қарауыл қойып қадағалап, қажет болса шара қолданамыз деп халыққа дөң айбат шеккен мемлекеттік органдар шын ұрыларды ауыздықтауға келгенде сылбырлық танытпауы керек, - деді ол.

Осы орайда депутат халықтың ақшасын алып, алдап соққан қаржылық ұйымдарды ауыздықтайтын ведомствоаралық тұрақты комиссия құруды ұсынды. Себебі бір жылда қаржы пирамидаларынан келген залал 2,1 есе көбейген. 

2023 жылдың мамырында Қаржылық мониторинг агенттігі 22 қаржы пирамидасын анықтап тізімін жариялады. Ол тізімді  бүгінге дейін 70 мыңнан астам адам ғана көрген. Бұл өте аз, сондықтан елді ақпараттандырудың қосымша тетіктерін табу қажет. Себебі бір жылда Қазақстанда қаржылық пирамида құрбандарының жалпы саны үш есе артқан, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Сонымен қатар былтыр 5 айда қаржылық пирамидаға қатысы бар деген күдікпен 4000-ға жуық сайт пен аккаунтар бұғатталған.

Күдікті сайтты бұғаттауды жедел жүзеге асыратын тетік қарастыру қажет, - деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға