Жаңалықтар

Депутат мүмкіндігі шектеулі жандарға көлікті 4 пайыздық несиемен беруді сұрады

Депутат мүмкіндігі шектеулі жандарға көлікті 4 пайыздық несиемен беруді сұрады
Фото: parlam.kz 21.09.2023 15:51 1793

«Ауыл» партиясының депутаттары премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, мүгедек жандар үшін көлікті жеңілдетілген пайызбен беру мәселесін қарауды сұрады.

Статистикалық деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның 62% еңбекке қабілетті жас. 305 499 мың адам ауылдарда және 409 658 мың адам қалада тұрады. Ал мүгедек жандардың көбісінің қоғамдық көлікті пайдалануға мүмкіндігі жоқ, тиісінше жүріп-тұру үшін автокөлік қажет екендігі сөзсіз.

Әсіресе ауылды жерлерде мәселе күрделі. Ұшақ ұшпайды, пойыз да жүрмейді. Осы орайда көлікке деген мұқтаждық арта түсетіні анық. Депутаттардың сөзіне қарағанда, осындай адамдар амалсыз арзан көлік сатып алады, себебі олардың ыңғайлы көлік алуға зейнетақысы да жетпейді.

Мүгедектердің зейнетақысы өте төмен екені белгілі, әуе тасымалы мүгедектер үшін арманға айналған, ал теміржол бағытында купелер мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделмеген. Бір ғана амал – ол автокөлік. Сол себепті мүгедектігі бар жандар үшін 4 пайыздық жеңілдетілген несие қарастырылуы керек, - деді мәжілісмен Таңсәуле Серіков.

Сонымен қатар ол Қазақстанда «Инватакси» арнайы әлеуметтік қызметі емханаға, ауруханаға, дүкенге жету үшін ғана қарастырылғанын алға тартты. Амалы таусылған мүмкіндігі шектеулі жандар автокөліктеріне қолмен басқарылатын құрылғыларды өздері орнатып жүр. Мәжілісмен осы орайда жыл сайын өсім көрсетіп отырған автоөндіріс мүмкіндігі шектеулі жандарға неге жеңілдік жасамайтынын сұрады.

Автоөндіріс саласына жауапты министрліктің ақпаратына сәйкес, жыл сайынғы өсім байқалады, жағдайлары жақсы. Сонда мемлекеттен субсидия ала тұра мүгедектерге ешқандай жеңілдік жоқ па? Бұл қалай болғаны? Ол субсидия нақты қайда жұмсалуда? – деді депутат.

Серіков бірқатар ұсынысын жеткізді:

  • медициналық анықтамалары бойынша арнайы автокөлікпен қамтамасыз етуге мұқтаж жандарды есепке алуды қарастыру;
  • арнаулы автокөлiк құрастыру үшін өндіріс орындарын құру, өндiрушiлерге осы мақсаттар үшiн салықтық жеңілдіктер беру;
  • арнаулы автокөлiктермен айналысатын техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашуға мүмкіндік туғызу;
  • автоөндірістің мемлекеттен субсидия алуына байланысты мүгедектерге, жеңілдетілген 4 пайыздық несие және тегін автокөлік беру жолдары қарастырылсын.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға