Жаңалықтар

Депутат мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдерді көбейту керектігін айтты

Депутат мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдерді көбейту керектігін айтты
Фото: pixabay.com 22.01.2025 15:36 103

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ҚР премьер-министріне депутаттық сауал жолдап, қазақ киносына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше,соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда, сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп жетіліп, арнасынан асып тұр.

Кино саясаты қоғам көшін бастауы керек еді, ал біздің бұл өнеріміз қоғамның жетегінде кетіп барады. Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыспен тарихи тұлғаларға арналған сериалдар мен көркем фильмдер түсірілуде. Осы орайда Антон Чеховтың: «Біз Гогольді халықтың деңгейіне түсірмеуіміз керек, керісінше халықты Гогольдің деңгейіне көтеруіміз қажет!» дегені еркісіз ойға оралады. Дәл осы найзағайдың отына нан пісірп жатқан кезеңде кино – бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан  режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым.Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер ақыл-есі түзі жұрттың ашуын туғызуда, - дейді депутат.

Ол дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар барын айтты.

Өткен 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-ы – комедия. Күлдіреміз деп бүлдіріп жатырмыз. Жалпы, қазір күлетін кезең бе?.. Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Көбі тарихи, экшн, комедиялық, авторлық фильмдер. Ұлттық кинолардың қатыр тым аз. Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі – алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған. Сұраныс жоқ емес, бар! Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Алайда, ұлттың есін екеу, түсін төртеу етіп, бала-шағасымен театрға түнететін өнім болмай тұр, - деді Әшімжанов.

Кино өндірісіне нарықтық сипат береміз деп жалаңаштап алған жағдайлар да аз емес. Сөз жоқ, кино нарығы коммерциялық тұрғыдан өзін өзі қаржыландыру керек. Алайда, әлемде ұлттық кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау жасап отырған елдер бар. Мамандар даярлауда арнайы мемлекеттік саясат белгіленген. Мәселен, Германиян кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі. Ал Оңтүстік Корея отандық киноны қолдау үшін кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдердің сағатын шектейді.

Депутат мына шараларды қолға алу керегін мәлімдеді:

Бірінші, бүкіл мемлекет бойынша (мейлі мемлекет болсын, мейлі жеке тұлғалар болсын) түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру;

Екінші, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру;

Үшінші, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау;

Төртінші, халықты арнайы ұлттық киноларды көрсететін кинотеатрлармен қамтамасыз ету.

Бұл орайда, жауапкершілікті арттыру мақсатында «Кинематография туралы» Заңды қатаңдату бағытында бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенімізді жеткіземіз,- деп аяқтады ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға