Жаңалықтар

Депутат киноны тек қазақ тілінде түсіруді ұсынды

Депутат киноны тек қазақ тілінде түсіруді ұсынды
Фото: El.kz 19.12.2024 17:33 145

Сенат депутаты Руслан Рүстемов Үкімет басшысы Олжас Бектеновке еліміздегі мемлекеттік тапсырыспен түсірілетін киноны тек қазақ тілінде түсіруді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кино дұрыс мақсатта пайдаланылса, ұлтты біріктіретін құралға, бұрыс мақсатта пайдаланса, атом бомбасынан да қауіпті қаруға айналатыны сөзсіз. Сол себептен қазіргі қазақ киносына, көркем фильмдердегі әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерге бейжай қарауға болмайды. Қазақша киноның тілі көркем, шұрайлы, ана тілімізде сөз саптау үлгісіне лайық болуға тиіс. Кеңес заманының өзінде қазақ фильмдері осы талапқа жауап берді. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ киносының тілі туралы жағымсыз пікірлер, қарсылыққа толы ашу-ыза белең алды. Қазіргі қазақ киносында тіл мәселесі тым өзекті. Себебі атауы қазақша болғанмен, кейіпкерлері таза қазақ тілде сөйлемейтін, тілі алашұбар, жеңіл әзіл мен арзан күлкіге құрылған, анайы сөздер мен азғындыққа толы фильмдердің көбеюі өте қауіпті. Бұл үрдіс осылай жалғаса берсе, таяу уақытта қазақ тілінде түсірілген киноны таппай қалуымыз да мүмкін, - делінген сауалда.

Руслан Рүстемов аралас тілде түсірілген фильмдерден соң қазақ тілі таза нұсқасынан алыстап бара жатқанын айтады.

Таза қазақ тілінде жазылмаған, шетелдік жат ұғымдағы сценариден түсірілген, көркемдік деңгейі ұлттық танымымызбен сәйкеспейтін, жат мәдениеттің кодымен сөйлейтін, кейіпкерінің аты мен түрінен басқа қазақтың өзі жоқ. Көркем фильмдер өскелең ұрпақтың рухани талғамына кері әсер етіп жатыр. Аралас тіл ұрпақтан-ұрпаққа берілген сайын ана тілінің рөлін атқарып, тілдің бастапқы құрылымы өзгеріске ұшырайды. Осылайша қазақ тілі таза нұсқасынан алыстап, күрделі тілдік нормаларын жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағымсыз жағдай қазақша үйренгісі келгендердің де дағдыларына теріс ықпал етеді, - деді ол.

Сенатор шетелдік фильмдердің прокатынан түсетін салықты ұлттық киноға бағыттау керек деп есептейді.

Отандық кино өнімдеріне әдеби-идеологиялық тұрғыдан нақты бақылау орнату үшін кино түсіру ісін мемлекеттік лицензиялауды ұсынамыз. Қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тіл курстарын өткізіп, әр жаңа фильм туралы кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару қажет. Шетел киносының прокатынан түскен салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсауды, мемлекет тапсырысын аясындағы фильмнің бәрін тек мемлекеттік тілде түсіруге заңмен міндеттеуді ұсынамыз, - деді сенатор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға