Жаңалықтар

Депутат халықты әлеуметтік қорғау саласында интеграцияланған білім беру жүйесін енгізуді сұрады

Депутат халықты әлеуметтік қорғау саласында интеграцияланған білім беру жүйесін енгізуді сұрады
Фото: amanatpartiasy.kz 11.09.2024 12:30 418

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға кәсіптік білім беру туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет», – деген болатын.  Ал кәсіптік білім алу – мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік мәртебесі мен қорғалуын арттырудың ең тиімді тетіктерінің бірі. Біз әрбір балаға, оның қажеттіліктеріне және басқа да жағдайларына қарамастан, өз әлеуетін толық іске асыруға, қоғамға пайда әкелуге және оның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік беруге міндеттіміз, - деп атап өтті ол.

Депутат жазда мен сайлаушылармен кездесіп, Кентау қаласындағы «Арнайы кәсіптік колледжде» болғанын айтты.

Кездесу барысында оқу орнының ұжымы өздерін ерекше алаңдататын және сіздің қолдауыңыз бен қатысуыңызды талап ететін бірқатар мәселелерді көтерді. Кентаудағы Колледж – тірек-қимыл аппараты бұзылған I-III топтағы мүгедектігі бар адамдар арасында мамандар даярлайтын Қазақстандағы жалғыз оқу орны.  1942 жылы ҰОС мүгедектеріне арналған «Есеп және жоспарлау мектебі» ретінде құрылған, кейіннен ол 15-35 жас аралығындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптік колледжге айналған.Бүгінгі таңда студенттер Республиканың 12 аймағынан оқуға түседі. Колледждің қызметі халықты әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін нормативтік актілермен реттелмеген. Бұл Түркістан облысының прокуратурасы жүргізген тексеру тұрғысынан құқық бұзушылық болып табылады, - деді ол

Осыған байланысты екі министрліктің, яғни Халықты әлеуметтік қорғау және білім берудің нормативтік-құқықтық актілерін қолдану салдарынан анықталған құқықтық бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама енгізілгенін атап өтті.

Прокуратураның ұсынысына сәйкес білім беру үдерісіне бақылауды күшейту мақсатында колледжді білім беру саласына беру жолдарын қарастыру тапсырылған.  Алайда, колледж халықты әлеуметтік қорғау саласынан білім беру саласына ауысқан жағдайда осы мекеменің бірегейлігі жоғалады. Колледждің білім беру саласындағы оқу ұйымдарынан айырмашылығы онда мамандық алумен қатар оңалту қызметтері, медициналық емдеу, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету сияқты арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілді көлемі ұсынылатындығы, - деді депутат.

Осыған байланысты, колледж қызметінің бірегейлігі мен қажеттілігін ескере отырып, сондай-ақ осы әлеуметтік топ орта кәсіптік білім беру жүйесінде оқығысы келетін және тиісті жағдайларда оқи алатын білім алушылардың ерекше санатын құрайтынын ескере отырып, депутат министрден мына мәселерді қарастыруды сұрады:

- мүгедектігі бар адамдар үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге кәсіптік техникалық білім беру стандартын әзірлеу және енгізу;  

-15-35 жас аралығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге қызмет көрсету бөлігінде «арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына» өзгерістер енгізу;

- Халықты әлеуметтік қорғау саласында интеграцияланған білім беру жүйесін енгізу;

- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, кәсіптік техникалық білім алу және медициналық қызмет көрсету элементтерін біріктіретін қызметтер көрсетудің гибридті моделін қалыптастыру жөніндегі пилоттық жобаны әзірлеу;

- Елімізде арнаулы кәсіптік колледждердің аналогтарының жоқтығын және өңірлерде жоғары сұранысты ескере отырып, әрбір облыста осындай бір колледжден құра отырып, осы тәжірибені енгізу қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға