Жаңалықтар

Депутат есту қабілеті бұзылған балалардың мәселесін шешуді талап етті

Депутат есту қабілеті бұзылған балалардың мәселесін шешуді талап етті
Фото: parlam.kz 06.03.2024 13:49 700

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдардың мәселесін көтеріп, вице-премьер Тамара Дүйсеноваға сауа жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда есту қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам тұрады. Бұл ретте, қоғам белсенділердің айтуынша, олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Есту қабілеті шектелген адамдар әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының объектілеріне жетуде проблемаларға жиі тап болады. Негізінен, бұл қоғамдық орындарда визуалды ақпараттың жеткіліксіздігінен және арнайы сымсыз жүйелер арқылы есту аппаратына немесе кохлеарлық имплантқа есту қабілеті нашар адамға берілетін ақпараттың болмауынан орын алады. Кейбір мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамның аппараты қосылған телефонымен бірге өтуге әлі де тыйым салынған, - дейді депутат.

Оның айтуынша, көптеген автобустарда, троллейбустарда, трамвайлар мен пойыздарда алдағы аялдама туралы хабардар ететін жүгіртпе жол тақтасы жоқ. Көптеген теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда ақпараттық тақта жоқ.

Кинотеатрларда фильмдерді көрсету субтитрлермен бірге жүрмейді. Телевизиялық жаңалықтар бағдарламалары сурдоаудармамен бірге жүреді, алайда сурдоаударма кадрларның мөлшері өте аз, осыған байланысты ақпарат алудың қиындығы бар. Ел Президентінің сөйлеген сөздері (халыққа Жолдаулар, құттықтаулар және т.б.) сурдоаударма мен субтитрлермен қамтамасыз етілмейді, - дейді мәжілісмен.

Бүгінгі таңда республикамызда есту қабілеті бұзылған балаларға арналған бірнеше мамандандырылған мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істейді. «Қазақстан саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық және қалалық филиалдары статистикалық есептерінің деректері бойынша оларда 2488 бала білім алып жатыр.

Өкінішке қарай, олардың білім деңгейі көңіл көншітпейді, өйткені ымдау тілін білетін сурдопедагогтар жетіспейді. Есту қабілетінің бұзылуына байланысты бұл ымдау тілі осы санаттағы адамдардың ана тілі болып табылады. Мұндай мамандандырылған мектептердің түлектері тіпті қарапайым өтініш те жаза алмайды (мысалы, жұмысқа орналасу кезінде жұмысқа қабылдау туралы және т.б.). Олар аз жалақы төленетін жұмысқа орналасуға мәжбүр, өйткені олардың көпшілігінде толыққанды әрі кәсіптік білім жоқ, - дейді Ерлан Әбдиев.

«Адамдардың көлік құралдарын басқаруына тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 9 қарашадағы № 853 бұйрығында есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға «В» санатындағы жүргізуші куәліктерін беруге тыйым салынған. Бірақ жол жүрісі қағидаларында «Есту қабілетінен толық айырылған жүргізуші» деген үш қара нүктесі бар сары шеңбер түріндегі арнаулы белгі бар.

Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің мүгедектік белгісі бойынша кемсітусіз әлеуметтік қорғауға және осы құқықты іске асыруды көтермелеуге мойындайтынын және осы құқықты іске асыруды қамтамасыз ету мен көтермелеуге тиісті шаралар қабылдайтынын атап өткім келеді, - деп тоқталды депутат.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, бірқатар мәселелерді шешу қажеттілігіне назар аударғымыз келеді, оның ішінде:

- қоғамдық пайдалану орындарында есту қабілеті бұзылған адамның есту аппараттарына немесе кохлеарлық импланттарына ақпарат беретін арнаулы сымсыз жүйелер көзделсін;

- есту қабілеті бойынша проблемалары бар азаматтардың есту аппараттары қосылған ұялы телефондарымен түрлі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға кедергісіз кіру мәселесін пысықтау қажет;

- вокзалдарда, автовокзалдарда, әуежайларда және қоғамдық көліктерде ақпараттық таблолар көзделсін;

- кинотеатрларда фильмдерді субтитрлермен көрсетуді қамтамасыз ету;

- экранның көлемін 1/6 бөлігіне ұлғайта отырып, телевизиялық жаңалықтар бағдарламалары сурдоаудармамен қамтамасыз етілсін;  

- музейлерде «сурдогидтер» көзделсін немесе сурдоаудармашының ымдау тіліндегі жазбасы болатын QR-кодтары бар белгілер орналастырылсын;

- денсаулық сақтау министрінің бұйрығына жүргізуші куәліктерін беру кезінде есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға тыйым салу нормалары бойынша өзгеріс енгізілсін.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Сізден көрсетілген мәселелерді шешу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беруді және осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз, - деп түйіндеді Ерлан Әбдиев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға