Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстаудағы мектеп асханаларын тексереді

Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларына жоспардан тыс тексеру жүргізуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының мектеп асханаларында балалардың топтық улануы фактілері бойынша тапсырмасы шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен келісе отырып, Маңғыстау облысының білім беру мекемелерінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізуде.

Улану жағдайларын тергеп-тексеру және мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту, денсаулық сақтау министрліктерін, Бас прокуратураны қоса алғанда, мүдделі органдардың өкілдерінен тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Денсаулық сақтау министрлігінен ведомствоаралық жұмыс тобының құрамына Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарының, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен және ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығынан 7 маман енгізілді.
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Манаш жалпы білім беретін мектебінің 12 оқушысының арасында тамақтан шыққан соңғы топтық инфекциялық ауру фактісі бойынша тергеп-тексеру басталып, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар өткізу туралы қаулы шығарылып, әкімдіктің жанынан штаб құрылғанын естеріңізге сала кетейік.
