Жаңалықтар

Демократиялық құндылықтарымыз

демократиялық құндылықтар
15.02.2015 09:56 4263

Демократиялық құндылықтарымыз

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат - Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан жиырма жыл бұрын, 30- тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен жиырма жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі - Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

     Тоқтала кететін тағы бір жайт, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана жиырма жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.

Тарихқа кері шегінетін болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Бұл туралы: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», - деп жазады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында. Осылайша, ел егемендігінен кейінгі 1993 жылы  қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Алғаш қабылданған 1993 жылғы Конституцияның мәні мен маңызына  келетін болсақ, бұл Негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі - мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден - экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден - жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден - ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету. Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабында жазуына қарағанда, жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияның жобасында барынша қамтылмады. Президент бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын жазады. Сөйтіп, уақыт өте келе заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң - Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі. Өйткені 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

Қанат Мәметқазыұлы

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға