Жаңалықтар

Әдемі қартаю да бір бақыт

Спортты серік еткен зейнеткерлер
Әдемі қартаю да бір бақыт
20.11.2020 19:08 7278

Екі жарым жыл бұрын Алматы қаласында зейнет жасындағы адамдарға арналған «Ұзақ жасау орталығы» ашылды. Бүгінгі таңда аталмыш орталыққа әдемі қартайғысы келетін үш мыңнан аса ата-апаларымыз барып жүр екен.

Аты айтып тұрғандай «Ұзақ жасау орталығын» ашудағы мақсат – зейнеткер, алайда өмір сүруге құштар, спортты сүйетін, салауатты өмір салтын серік еткен, жаңашылдыққа бейім жандарды қолдау. Орталықтағы әкімшілік қызметкері Айгүл Тұрарқызының айтуынша, мұнда спорт және шығармашылық клубтар сондай-ақ қарияларға білім беру курстары бар. Бәрі тегін. Атап айтар болсақ, йога, айкүне, скандинав жүрісі, шахмат секілді өзге де көптеген денсаулық пен ағзаға пайдалы курс түрлері жұмыс істейді. Тіпті қарттарға смартфон пайдалануды үйрететін де курс бар екен. Онда үлкен кісілер «Egov» арқылы онлайн қызмет алуды сондай-ақ «Даму мед» секілді қосымшаны дұрыс пайдаланып, дәрігердің қабылдауына онлайн жазылу, медициналық анықтама алу, сараптама нәтижелерімен танысу секілді қызмет түрлерін үйренеді. Ал, шығармашылық бағыттағы курстарда ата-апаларымыз қолөнер шеберлігімен қатар сурет салуға қолдарын жаттықтырып, түрлі бұйымдар жасауды үйреніп жүр.

Әдемі қартаю да бір бақыт

Эксперимент ретінде ашылған пилоттық жоба бірден алматылық зейнеткерлердің көңілінен шығып, тілегі мен жүрегі бір, салауатты өмір салтын ұстанатын ынтазар жандардың басын қосатын үлкен алаңға айналды. Тіпті шаһарда дәл осындай екінші орталық ашылып, келем деушілер қатары артқан.

«Ұзақ жасау орталығының» мекен-жайы Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі 29 үйде орналасқан. Байланыс телефоны: 8 (727) 278 0015

Осы орталыққа баратын зейнеткерлердің арасында жасы үлкен қарияларымыздың бірі – София Шамикулова апамыз екен. Жасы 90-нан асса да би сабағы мен айкүне спорт үйірмесін жібермей қатысады. Қаншама замандастарына үлгі болып жүрген апамыз сәні мен сымбатына да қатты мән береді. Дұрыс тамақтануды серік етіп, денсаулығын барынша күтеді.

Әдемі қартаю да бір бақыт

Зейнет жасындағы адамдар үшін салаутты өмір салтын ұстану – денсаулық кепілі. Қазақылық танымға салып, «Мен қартайдым, зейнетке шықтым енді немере бағамын» немесе «Қартайғанда бізге не керек?», «Аяғым қақасайды, белім ауырады» деп өздерін ысырып қойып, ойша ауру тілеп, моральдық тұрғыда өздерін ешкімге керексіз сезінбей, қайта осындай орталықтар арқылы өзін өзге қырынан танып, өмірге деген құштарлығы арта түскен жандар қаншама!?

Солардың бірі – Татьяна Каримова

Татьяна Ивановнаның жасы 78-де. Аптаның демалыс күндері міндетті түрде дәстүрді бұзбай құрбыларымен бірге тауға шығуды әдетке айналдырған. Күнделікті күйбің тірліктен бір сәт демалып, таза саф ауамен тыныстап, әрі жаяу жүру арқылы денені шынықтырады. Әсіресе жазда емдік қасиеті бар, денсаулыққа пайдалы шөптер мен жидектер теріп қайтуды жаны сүйеді. Бұл әрі Татьяна апамыз үшін құрбыларымен әңгіме-дүкен құрып, жақынырақ араласудың таптырмас әдісі.

Әдемі қартаю да бір бақыт

Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Қорының мәліметінше

  • Салауатты өмір салтын серік еткен белсенді қарттардың жүрек қан-тамыр, тыныс алу, бұлшық ет жүйесінің функцияналдық деңгейі аз қозғалатын, спортқа қызықпайтын құрдастарына қарағанда әлдеқайда жоғары болады.

  • Олардың сүйек құрылысы әлдеқайда мықты, салмақтары дұрыс, дене бітімі әдемі болып келеді.

  • Спортты жақсы көретін зейнеткерлердің есте сақтау қабілеті күшті, ойлау қабілеті шапшаң өзге де когнитивті функциялары мықты келеді.
  • Сондай-ақ, физикалық тұрғыда белсенді қарттардың өлім көрсеткіші әлдеқайда төмен. Әсіресе, жүрек ауруы, қан қысымының көтерілуі, инсульт, диабет, тоқ ішектің обыры, сүт безінің обыры секілді сырқаттар сирек кездесуі мүмкін.

Ғалидолла Бекқужиев, 80 жаста

Жас күнімде көп жұмыс істедім, өзім қызығатын спорт түрлерімен шұғылданатын уақыт тапшы болды. Алайда, зейнетке шыға сала жүгіруді қолға алдым. Қоршаған ортаны аялау, жануарларға қамқорлық көрсетуді жаным сүйеді. Өзімнің шағын зообағымда тотықұс, тышқан, қоян, тасбақа, ұлу, шотландиялық мысық, ангора тұқымдас мысық бар. Әр таңымды денені созу жаттығуларынан бастаймын. Жазда жүзумен шұғылданамын, велосипед тебемін. Ал, қыста конькиі теуіп, атқа мінгенді, шаңғы тебуді жақсы көремін. Бұдан өзге менде қыста қар тазалау, жазда бақша суару, оны баптап-күту сынды сүйікті ісім тағы бар. Олай дейтінім, барлық бұлшық ет іске қосылып, дене шынығады. Спорт емей немене? Бірнеше жыл бұрын жаңа үй салуды бастап, 50% жұмысын өз қолыммен тындырғанмын. Және бір маңызды атап айтарлығы алкоголь ішімдіктеріне әуестігім жоқ, шылым шекпеймін. Білесіз бе, жыл өткен сайын өте белсенді бола бастағанымды аңғарамын. Қозғалған сайын өзімді жеңіл сезінемін. Көңіл-күйім де керемет, ұйқым да қанық. Көп жылдар бойы ауру дегеннің не екенін ұмыттық (тьфу-тьфу), дәрі дегенді де білмеймін. Бес балам бар, немере, шөберелерім бар. Ең үлкен шөберемнің жасы 13-де болса, кенжесі 2 жаста. Мемлекет тарапынан зейнет жасындағы адамдарға қолдау көрсету – өте дұрыс қадам деп есептеймін. Дәл осындай орталықтар еліміздің өзге қалаларында да ашылса игі болар еді. Сарыағаш, Бурабай сынды табиғаты тамылжыған жерлердегі емдеу-сауықтыру санаторийлеріне тағы баруды жоспарлап жүрмін.

Әдемі қартаю да бір бақыт

Дәрігерлердің пайымынша, денедегі бұлшық ет массасы азайған сайын, қарттар өздерін әлсіз сезінеді. Бұл жерде жас көрсеткішінің түк қатысы жоқ. Қайта жас ұлғайған сайын бұлшық етті нығайтуға тырысу керек.

  • Жаяу серуен – жасы ұлғайған жандар үшін таптырмас спорт.

  • Жаяу жүру мен дұрыс тынысалу организмді кислородпен толтырады.

Ресми дерекке сенсек, қазір жер шарында өмір сүретін адамдардың 2,5% 75 жастан асқан қарттар

Күлімхан Борықбаева, 63 жаста

Дене-бітімімді бір қалыпта ұстау үшін футбол ойнаймын. 27 жыл бұрын күйеулеріміздің кезекті матчынан кейін, әйелдер қауымы да доп теуіп көруді жөн көрдік. Бізге бірден ұнап қалды. Осылайша футболға қызығушылығымыз оянып, қалайша кірісіп кеткенімізді аңғармай қалдық. Командамызда жасы 70 болса да жастардан кем жүгірмейтін ойыншыларымыз бар. Футбол бұлшықеттің жұмысын қыздырып, қан айналымын жақсартатын спорт түрлерінің бірі деп білемін. Доп теуіп жүргенімізге 30 жылдан асты, өзімізді жеңіл әрі күшті, жас сезінеміз. Ең бастысы әдемі әрі деніміздің сау екенін жан-тәніңмен сезіну – ғажап сезім. Әрбір матчтан кейін бізге буға қыздырыну үшін моншаға барамыз, әзілдесіп шәй ішеміз. Футболдың бізді біріктіргені соншалық, бір отбасындай болып кеттік. Қандай да бір қиындық туса, бір-бірімізге қол ұшын созып, көмектесуге дайын тұрамыз. Отбасылық мерекелерде бір-бірімізге барып, араласып, караокеде бірге ән шырқауды ұнатамыз.

Әдемі қартаю да бір бақыт

Бектыбай Сауранбаев, 77 жаста

Мен күн сайын жаяу серуендеп, шахмат ойнағанды ұнатамын. Нағыз кәсіби жүргізуші болсам да, қала ішінде жаяу жүргенді жаным сүйеді. Бала күнімде тауға шығуды, шаңғы мен конький тебуді жақсы көруші едім. 60 жылдардан бастап спортпен шұғылдана бастадым. Ол уақытта шаһарда неше түрлі спорт клубтары жұмыс істейді. Мен волейбол ойнадым. 1961 жылы қала бойынша біздің команда чемпион атанғаны бар. Ал, шахмат ойнауды өз бетімше үйреніп алдым. Қазір шахмат ойнау үшін күнде саябаққа барам. Жас көрсеткіш ешқашан кедергі болмайды. Азарт баршаға ортақ сезім. Мұнда кәрісі де жасы да жиналып, ойнай береді.

Надежда Степанова, 60 жаста

Басты ұстанымым – «Өмірді сүю және бағалау», «Қуаныш пен күлкі – өмірдің жетістігі», «Қозғалыс – өмір». Салауатты өмір салтын жақсы көремін. Сергіту жаттығуларын жасаймын. Көбірек жаяу серуендегенді, билегенді жаным сүйеді. Күн ұзақ таза су ішіп жүргенді құп көремін және тамақты тойып жемеймін. Тамақ ішкім келген сәтте ғана ауқаттанамын. Менің рационымда жасыл шөп пен көкеніс сондай-ақ жеміс-жидек көп. 50 жасқа келгенде конький мен ролик тебуді үйрендім. Ал, 60 жасымда шаңғы тебуді меңгердім.

Әдемі қартаю да бір бақыт

Күлзада Игібаева , 70 жаста

Спортпен белсенді түрде шұғылдануды былтыр жазда қолға алдым. Қала әкімінің бастамасымен ашылған «Ұзақ жасау орталығына» барған күннен бастап, спорт менің айнымас серігіме айналды. Йога, қазақ гимнастикасы айкүне, скандинав жүрісімен айналыстым. Спорттың бұл түрлері бұлшық ет жүйесін нығайтып, денені шынықтырады. Нәтижесінде мендегі 26 % май массасы бұлшық етке айналды, өте қуаныштымын. Қазір де йогаға барам, айкүне жаттығуларын жасаймын, үйде скандинав жүрісімен шұғылданып, үш жыл бойы жүзумен айналысып жүрмін. Және мүмкіндігіме қарай диета ұстағанды ұнатамын. Үлкен кісілерге арналған дәл осындай орталықтар Алматы қаласының әр бұрышында ашылса ғой деген тілегім бар. Себебі жылына тек бір ай ғана баруға рұқсат береді. Жыл он екі ай баратындай мүмкіндік болса нұр үстіне нұр болар еді.

Елордада 2017 жылдан бері зейнет жасындағы қарияларға арналған «Ардагер» орталығы жұмыс істейді. Зейнеткерлер бұл орталықты қазақ және ағылшын тілдерін үйреніп, компютерлік сауаттылықты үйрететін арнайы курстарға қатысады. Сондай-ақ, жаттығу залдарында спортпен шұғылданып, йога жаттығуларын меңгеруге мүмкіндік бар.

«Ардагер» орталығы Нұр-Сұлтан қаласындағы Потанин көшесі 9 үйде орналасқан.

Байланыс телефоны: 8 (7172) 49 3231

2018 жылы Алматы қаласының Түріксіб ауданында «Зейнет жасындағы қарттар күндіз баратын орталық» ашылды. Мұнда есте сақтау қабілеті бұзылған немесе диабет және инсульт ауруынан зардап шеккен қарттарға реабилитациялық бағдарлама аясында көмек көрсетіледі.

Мекен-жайы Потанин көшесі, 247а орналасқан.

Қызық дерек

100 жасында парашютпен секірген рекордсмен

Әдемі қартаю да бір бақыт

Жасы 100-ді еңсерсе де өмір бақи өзін жас сезінетін рекордсмен Джорджина Харвуд 1915 жылы Оңтүстік Африкада өмірге келген. Студенттік жылдарда-ақ қатарластарынан оқ бойы озық көрінген ол Кейптаун университетін тәмамдаған алғашқы әйел болды. Артынша тұрмысқа шығып, төрт балалы болып, жұрт қатарлы өмір сүрді. Кейін немере, шөбере сүйді. 90 жасында өмірге құштар апамыз болмысы өзгеше хоббиге қызықты. Парашютпен секіруді мақсат еткен кейуана екі жыл бойы асықпай дайындалды. Өзін моральдық әрі физикалық тұрғыда дайындаған әжеміз 92 жасында алғаш рет парашютпен сәтті секірді. Қауіпі мен қатері қатар жүретін ерекше спорт түріне деген екінші қадамын тек 97 жасында жасап, екінші рет аспан әлемін бағындырды. 100 жасқа толу мерейтойын Джорджина апамыз жақындарының ортасында салтанатпен тойлады. Осылайша өзінің үшінші рекордық қадамын 100 жасында жасап, аспан тұңғиығында парашютпен қалықтады. Артынша океанға сүңгіп, жүзіп өткен. Бұдан кейін апамыз үш жыл өмір сүріп, 2018 жылы ұйықтап жатып, мәңгілік мекеніне аттанған екен.

80 жасында Эвересті бағындырған қария

Әдемі қартаю да бір бақыт

80 жасында Эвересті бағындырған Юитиро Миура Жапонияда туған. Оның әкесі танымал саяхатшы әрі шаңғышы болған. Юитиро әке жолын қуып, шаңғы спортын жанына серік етті. Ол әлемдегі ең биік шыңдарды бағындырып, таудың басынан шаңғымен түсуді әдетке айналдырған. Эверест шыңына шыққан қадамы деректі фильмге арқау болған. Юитироның шаңғы спортындағы жетістігі туралы туынды 1975 жылы «Оскар» сыйлығын алыпты. Ал, 2003 жылы жапондық қария Эвересті бағындырған ең кәрі спортшы ретінде танылды. Алайда, бұл рекорд тек 5 жыл ғана өз мәртебесін ұстап тұрды. Себебі, Непаль альпинисі Мин Бахадур Шерхан 76 жасында Эверестке көтеріліп, рекордты жаңалады. Бұл жаңалық Юитиро Миураның жігерін жасытқан жоқ, керісінше ол 2013 жылы 80 жасында Эверестің ең биік шыңын бағындырып, рекордты жаңартты. Осылайша өз атын тарих бетінде тағы бір мәрте қалдырды. Бұл рекордты осы күнге дейін әлі ешкім өзгерткен жоқ. Сонда да Юитиро босаңсымай әлі де шаңғы спортымен белсенді түрде айналысады. Ал, альпинист Мин Бахадур Шерхан 6 мамырда дүние салыпты.

Балет өнеріндегі дебют

Әдемі қартаю да бір бақыт

80 жасында балет билеп таңқалдырған келесі кейіпкер – Джон Лоу.

Джон Лоу 1919 жылы Ұлыбританияда туған. Оның өмірбаяны туралы эпопея жазуға болады. Бақытты балалықтан басталған өмір дастаны соғыс, тұтқын, жапон лагері, көмір шахтасын да көрді. Отанына оралғаннан кейін жүрегіне қаяу салған естеліктер мен күйзеліс оны біраз мазалады. Алайда, ол берілмей жаралы жанын арт-колледжде емдеуді жөн көрді. Сурет өнерін қатты жақсы көрген Джон сурет мамандығын жете меңгеріп, сүйікті ісімен шұғылдану мүмкіндігіне ие болды. Тіпті осы ортадан өмірлік жарын кездестірді. Уақыт өте келе сурет өнері екінші жоспарға ойысып, қызмет, отбасы арасында шығармашылық деп өмірі өтіп жатты. Көзді-ашып жұмғанша қалай 80 жасқа толғанын білмей қалды. Балалары ер жетті, үйлі болды, балалы-шағалы үлкен әулетке айналды. Немерелері үнемі атасына балет студиясы туралы айтып қызықтырды. Бір қызығы, Джон өмір бақи би өнеріне қатты қызыққан екен, тіпті талай бишілердің суретін салыпты. Бірақ, ешқашан билеп көрмепті. Бірде немерелері атасын Lantern Dance студиясына сүйрегендей қылып апарады. Би өнері жанына жағып, балет қимылдарын оңай еңсеретінін байқайды. Тіпті бір жылдан кейін түрлі шараларға қатысып, жергілікті жұлдызға айналады. Балет өнеріне жан-тәнімен берілген Джон бір көрген адамға өмір бойы осы бимен айналысатындай көрінетін болған. Қария 90 жасын өзі тұрып жатқан шағын ғана Эли қаласында тойлады. Мерейтойында ол «Суретші өмірі» атты қойылым қойып, көпшілік алдында биледі. Биге деген құштарлығы өле өлгенше сөнген жоқ. Қарт 99 жасында немере, шөберелерінің ортасында көз жұмды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға