Жаңалықтар

Декреттік демалысты қалай тиімді пайдалануға болады?

Декреттік демалысты қалай тиімді пайдалануға болады?
Фото: коллаж El.kz 31.01.2025 18:20 102

Бүгінде Қазақстан әйелдеріне бала туғанға дейін және туғаннан кейін бала күтімі бойынша 3 жасқа толған мерзімге дейін декреттік демалыс беріледі.

Декрет - еңбекке, физикалық және эмоционалдық сынақтарға толы кезең.

Декреттік демалысқа шығу алдында тұрған болашақ аналардың басты қорқынышы – жұмыс ритмінен алыстап, оған қайта ілеспей қалу. Сол себепті "үйде отырып, қатардан қалмау үшін не істеу керек?" деген сұрақ еркісіз туындайды. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі тарқатады.

Тайм-менеджмент

Отбасы сәбилі болғанда «күн тәртібі» түсінігінің маңызы артады. Тәртіп болмаса, өмірдің хаосқа айналуы әбден мүмкін. Кез келген нәрсені алдын-ала жоспарлап, тапсырмаларды рет-ретімен орындаған жөн.

Приоритеттерді дұрыс қою

Жаңа босанған әйелдерден «Бұрын қанша бос уақытым болғанын түсінбегенмін» дегенді жиі естуге болады. Бірақ ойлап қарасаңыз, уақыт тапшылығы оны тиімді пайдалануға итермелейді. Сол себепті қолы қалт етсе, уақытты сапалы және маңызды істерге арнаған дұрыс.

 

Өзгерістерге тез бейімделу

Бос уақыт болмаса, әр минутты тиімді пайдалану қажет. Мысалы, бала ұйықтағанда бірнеше тапсырманы бірдей орындауға болады. Бала тәрбиесі еріншектікпен күресуге мәжбүрлейді.

Көп серуендеу және дұрыс тамақтану

Жүктілік пен босану әйел ағзасына салмақ түсіргенімен, бұл кезеңді денсаулыққа пайдалы дейтіндер бар. Себебі болашақ аналардың таза ауада көп серуендеп, дұрыс тамақтанып, денсаулығына ерекше ден қоюға мүмкіндіктері туады.

Әсіресе бала емізетін аналар үшін бұл - өте маңызды. Сондай-ақ, отбасының жалпы тамақтану тәртібін жақсартуға ынталандырады.

Эмоционалды интеллект

Ешқандай тренинг немесе кітап нәресте сияқты эмоцияны тез түсінуді үйретпейді. Шақалақтың неліктен жылап жатқанын табу оңай емес. Бала тоңды ма? Әлде ұйқысы келді ме? Аш па? Осы тәріздес сұрақтар жиі мазалап қана қоймай, баланың өсуімен бұл мәселелер күрделене береді. Сол себепті балалы болғанда эмоционалды интеллект дами түседі деуге болады.  

Жаңа білім-дағдылар

Жас ата-ана бала тәрбиесі, денсаулығы, психологиясы жайлы егжей-тегжейлі білуі қажет. Сондай-ақ, ойыншықтар, киімдер, жиһаздар мен басқа да баланың қажеттіліктерін анықтап алғаны дұрыс. Бұл жаңа әлемге бойлап, өмірдің басқа қырларын да түсінуге мүмкіндік береді.

Креативтілік таныту

Өмірдегі кез келген мәселеге креативтілікпен қараған жөн. Балаға дәрі ішкізу, тырнағын жылатпай алу, шашын жуу немесе дүкенге барып, ойыншықсыз үйге қайту сияқты мәселелер қиыл ұшқырлығын қажет етеді. 

Декретте отырып, қосымша табыс табудың жолдары қандай?

Декрет «демалыс» деп аталғанымен, шындығына келгенде, бұл кезең - шыдамдылық пен күш-жігерді қажет ететін толыққанды жұмыс. Жәрдемақы алып отырғаны болмаса, жалақы төленбейді. Декрет үш жылға созылғанымен, жәрдемақы бала 1,5 жасқа толғанға дейін ғана төленеді. Сол себепті кей аналар декретте отырып, қосымша табыс табу жайлы ойлай бастайды. Тіпті қаржылық қиындық көрмеген аналардың өзі қол қусырып отырмай, әртүрлі іспен хобби ретінде айналысып, нәпақа табады.

Мәселен

1.Копирайтер

Копирайтинг — әртүрлі міндеттер үшін мәтіндер жазу бағытындағы жұмыс. Мақалалар, өнім сипаттамалары немесе бизнес-аккаунттарға пост жазуға болады. Бұл мәтіндер түпнұсқа түрде жазылуы немесе үлгі бойынша қайта жазылуы мүмкін.

Копирайтинг саласында клиенттер базасы болса фриланс арқылы да жұмыс істеуге болады. Копирайтингтің басты артықшылығы — қашықтан және кез келген уақытта жұмыс жасау мүмкіндігі. Бұл саланы меңгеру үшін көптеген онлайн курстар мен тегін оқу ресурстары ойластырылған.

2.Маркетплейс менеджері

Маркетплейс менеджері — онлайн платформалар арқылы тауарларды сатумен айналысатын маман. Мұндай маманның міндеттері арасында дүкен парақшасын жасау, тауарларды сатып алу мен сақтау, клиенттердің пікірлері мен шағымдарын басқару, бағаларды бақылау және сату нәтижелерін талдау бар.

3.SMM маманы

SMM (Social Media Marketing) — әлеуметтік желілерде бренд, компания немесе тауарды насихаттау. Бұл маман стратегиялық жоспарлау, жарнаманы орнату, контент жасау және жұмыс нәтижелерін бағалауды білуі керек.

4.Репетитор

Репетитор болуға педагогикалық білімі бар мамандар ғана емес, математика немесе физика сияқты пәндермен айналысатын инженер немесе программистер де бола алады.

5.Чат-администратор / менеджер

Көптеген салон, онлайн мектептер, фитнес клубтары үнемі чат-администраторларын іздейді. Бұл жұмыс көп жағдайда қашықтан жасалады. Сондай-ақ арнайы дағдыларды қажет етпейді.

6.Рекрутер

Компаниялардың көбі үнемі жұмысшыларды іздеуде болады. Декретте отырған аналар үшін бұл мамандық та оңтайлы нұсқалардың бірі.   

7.Блог жүргізу арқылы табыс табу

Декрет — блог ашу үшін жақсы уақыт. Бала-шаға тақырыбынан бөлек, қолөнер, аспаздық, сән және т.б. тақырыптарда блог жүргізіп, оқырмандарды жинауға болады.

8.Жеке бизнес

Декретте жеке бизнес ашып, шаруаларын дөңгелетіп отыратын аналардың қатары көп. Шағын бастама ретінде маркетплейстерде сауда жасап немесе тапсырыс бойынша торт пісіруді қолға алуға болады.

9.Хоббимен айналысу

Декретте бар уақытты балаға және үй шаруашылығына арнау психологиялық тұрғыдан қиын болуы мүмкін. Сондықтан өзіңізге уақыт бөліп, хобби табу маңызды. Мысалы, қолөнермен айналысып, табыс табуға болады.

10.Видеомонтаж

Қазіргі уақытта көптеген бизнес-аккаунт пен блогерлер үшін видеомонтаж қызметі ерекше сұранысқа ие. Бұл да - табыс табудың таптырмас көзі.

11.Тігін

Декретте тігу өнерін меңгеруге болады. Бүгінде интернетте тегін үлгілер мен видеокурстар жетіп артылады.

12.Тоқу

Тоқумен айналысу да - жақсы идея. Ине мен жіп болса жеткілікті.

13.Шам жасау

Үйдегі интерьерді сәндеуге немесе сыйлық ретінде қолдануға болатын шамдар жасау қызықты хобби бола алады.

14.Скрапбукинг

Альбомдар жасап, оларды ерекше етіп безендіру арқылы стрессті жеңуге болады.

15.Сурет салу

Сурет салу арқылы рухани ләззат алып қана қоймай, қомақтытабыс таба аласыз. 

16.Бисермен өру

Бисермен әртүрлі әшекейлер жасау да - қызықты әрі пайдалы хобби.

17.Спорт (йога, пилатес)

Декретте йога немесе пилатес сияқты жеңіл спорт түрлерімен айналысып, денені шынықтыруға болады. Сондай-ақ спорт кез келген стресс пен күйзелістің "емі" екенін ұмытпаған жөн.

18.Бақша өсіру / флорариум жасау

Бөлме өсімдіктерін күту немесе флорариум жасау - керемет идея.

19.Музыка

Декретте музыкалық аспапта ойнауды үйренуге болады.

Айта кету керек, декретте жаңа мамандық алу үшін көптеген онлайн курс пен бағдарламалар бар. Бастысы ниет болса болғаны...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға