Жаңалықтар

ДДҰ әдейі пандемия жариялап, вакцинацияны бастады – фейк

ДДҰ әдейі пандемия жариялап, вакцинацияны бастады – фейк
Фото: © Pixabay.com 15.02.2024 18:24 832

Әлеуметтік желі қолданушылары австриялық журналист Джейн Бюргермайстердің ДДҰ-ны әлемдегі денсаулық сақтау, полиция және басқа құрылымдарды бақыламақ деп айыптаған 2009 жылғы видеосын талқылауда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік үкімет құру үшін пандемия жариялап, вакцинацияны бастаған екен. Бұл жалған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Stopfake.kz мәліметінше, Джейн Бюргермайстердің қатысуымен өткен жаңалықтар бағдарламасының ескі шығарылымының жазбасы пайдаланушыларда ДДҰ мен БҰҰ-ның COVID-19-бен күресу мақсатында жасаған әрекеттеріне күмән тудыру үшін жарияланған.

2009 жылы доңыз тұмауы А (H1N1) пандемиясы басталды. Вирустың генетикалық талдауы оның жануарлар тұмауы вирустарынан шыққанын көрсетті. 1977 жылдан бері таралып келе жатқан адамның маусымдық H1N1 вирустарының жаңа вирусқа еш қатысы жоқ.

Доңыз тұмауының өршуі наурыз айында Мехикода тіркелді. Штамм өте жұқпалы болды. Екі айда (наурыз, сәуір) доңыз тұмауын жұқтыруы ықтимал деген мың жағдай анықталды, 81 адам қайтыс болды. Аурудың тез таралуына байланысты ДДҰ 11 маусымда қауіптің алтыншы, ең жоғары деңгейін жариялады. Ұйым әлем елдерінің үкіметтеріне ешқандай шарт қойған жоқ. Алтыншы деңгей вирустың бір елде тұрақты індет тудырғанын білдіреді.

Маусым айына қарай 74 мемлекет өз аумағында инфекция зертханалық жағдайда расталғанын хабарлады. Ауру жұқтырудың 30 мыңнан астам жағдайы тіркелді.

Шұғыл арада ДДҰ елдерге осы жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы ұсыныстар жолдады. Бақылау немесе билікті басып алу туралы сөз болған жоқ. ДДҰ денсаулық сақтау қызметкерлерін жоспарлау мен үйлестіруге, материалдық қолдауға және оқытуға назар аударуға кеңес берді. Сондай-ақ індеттің таралуын тоқтату үшін вакцина өндірушілермен жұмыс жүргізе бастады.

Доңыз тұмауы пандемиясы қастандық теорияларының таралуына әкеп соқты. 2009 жылғы қыркүйекте Бюргермайстер де өз пікірімен бөлісті. Ол пандемия қасақана жасалған, бұған ДДҰ, БҰҰ, АҚШ үкіметі, Федералды терегу бюросы, сондай-ақ АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы кінәлі деп мәлімдеді. Журналист олар осылайша әлемнің барлық үкіметтерін бақылауға алмақ дейді. Бюргермайстер сотқа да жүгінбек еді. Істің сотқа жеткен-жетпегені туралы мәлімет жоқ, өйткені Бюргермайстерде сенімді дәлелдер болмады.

Сондай-ақ, ескі видеода австриялық журналист пандемиядан кейін барлық мемлекеттер үкіметтермен бірге жойылады, тек ДДҰ ғана қалады дейді. Бірақ олай болған жоқ, өйткені Бюргермайстер ұсынған дәлелдер ойдан шығарылған.

Видеода айтылған жайттарға сенуге негіз жоқ. Доңыз тұмауы таралды, ДДҰ оны вакцинацияның көмегімен тоқтатпақ болды. Бұл әлемнің барлық үкіметтерін бақылауға алу әрекеті емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға