Жаңалықтар

ДАУЫЛДЫ ДӘУІРДІҢ ДАУЫЛПАЗ ЖЫРШЫСЫ - 3

Ежелгі аңызға, Прометейге кесілген Зевс үкімін, сол Зевстің баласы араласып, Прометейді құтқарған болса, ізгі жүректі, алапат рухани қайрат-күш иесі Қашағанға осынымыз әділетсіздік еді-ау деген, тиымшыл билік тарапынан мейірім болған жоқ.
03.03.2014 06:27 4765

Ежелгі аңызға, Прометейге кесілген Зевс үкімін, сол Зевстің баласы араласып, Прометейді құтқарған болса, ізгі жүректі, алапат рухани қайрат-күш иесі Қашағанға осынымыз әділетсіздік еді-ау деген, тиымшыл билік тарапынан мейірім болған жоқ. Бұл және тек бір ғана Қашағанның басындағы жай емес еді. Біздің халқымыздың қай салада да оза шауып бәйге алатын жүйріктерінің ұлтына адал қызмет етіп өткен сұңқарлар мен тұлпарларының көрген күні осы еді.

Қашаған айтыскер ақын.

Айтыскер болғанда да ел даңқынан айбынып жүретін аса білімпаздығына қоса төгіле жөнелетін жыр нөсері. Оның дәлелі – 1891 жылы өткен деп шамаланатын Ізім шайырмен айтысы. Ел Қашағанның айтыстан жеңілген, өзіне тиесілі сөзден сүрінген жері жоқ деп есептейді. Оған бір мысал, айтыста өзгеге жүлде бермеген Мөңкеұлы Мұратты ел айтыстырмақ болғанда Мұрекеңнің Қашекеңнің жолын сыйлап айтыспауы. Бірақ, бертінірек келгенде Ізбас дейтін жас ақын ағасымен сөзбен қағысады. Және бұл баяғы бала Қашағанды сынайтын Нұрым ағасының сөзі сияқты емес. Сонда айбынды жырау «Ардақты атам – Ер Қосай, Өзімнің атым – Қашаған, Ғұмырым сексен жасаған, Адай түгіл Алшынға, Жүйрік едім қашаннан, Мен сені артық көрмеймін, шыбын мен шіркей, масадан. Маған тиген, Ізбас-ау, көлдей болар шырағым, көздей тесік жыртығың. Біздердей ақын-жыршының соңынан қалмай сөз айту, арылмай жүрген қырсығың. Жұрт күлсін деп айтамын, одан басқа сендейге, болады сөзім құр шығын. Мен қайыртпай кеткен ақынмын. Таз Қашқынбай, Тама Ізімге. Ұлық болар Ізбас-ау таласқан бізбен білімге»,- деп келіп, Ізбасты біраз сөз тоқпағының астына алады. Ал, Қашағанның сол кездегі елдегі беделі сондай – тыңдаған жұрт Ізбасты пірге келіп тиіскендей көріп қабылдаған. Әлі солай қабылдауда.

Қашағанның қай туындысы да өршілдігімен өміршең. Оның Бекеске, Сақыпқа, Берекет ақынға, Есқали сұпыға айтқан, Аралбайды жұбатқан сөздері жыр сүйер елдің жатқа айтатын аруақты шығармасы. Елдің тентегі мен телісін жалғыз адамның жөнге салуы қиын жай. Бірақ, Қашекеңдер аузымен айтылып, елге тарайтын, дүниедегі саналыларға сапар шегетін сөздердің әлеуеттілігі ерекше.

Жырау мұрасы біраз жылдардан бермен қарай жоғары оқу орындарында оқытылып келеді. Жыраудың барша мұрасының басын жинақтауда жүйелі түрде зерттеуде ғұлама оқымысты Қабиболла Сыдиықов ағамыздың еңбегі зор. Қазақтың, соның ішінде әсіресе, батыс аймағының ақын-жырауларының еңбегін жинастырып зерттеп, үлкен ғылыми сараптаудан, текстологиялық яки мәтіндік түзілісін тәртіпке салып түгендеудегі оның еңбегі халқымыздың бұрынғы өткен небір тарихи тұлғаларының, сөз зергерлерінің еңбегін өмірбойы жинақтап өткен Мәшһүр Жүсіп Көпеев еңбегіне ұқсас. Ал, жалпы ақын шығармашылығына Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, Қ.Сыдиықов, бүгінгі арамызда отырған ұлт мақтанышы, ой мұхитының иесі Әбіш Кекілбаевтың берген бағаларын таразыға тартылған әділ баға деп есептесек, көп қателеспейтін болармыз. Сондай-ақ, Мұрын Сеңгірбеков, Көшен Өсербаев, Сүгір Бегендікұлы, Сәттіғұл Жанғабылов, Ығылман Шөреков, Құмар Жүсіпов, Шамғұл Ыбырайымов, Шәдіман Үсенбаев, Жанжігіт Қосназаров, Назарбек Раев, Қажығали Мұқамбетқалиев, Сапарғали Омарбеков, Жетібай Жылқышыұлы, Сайын Назарбеков, Бектұр Төлеуғалиев сынды ақын жанашырларының жинаушы, айтушы, жариялатып насихаттаушы еңбектері зор. Сол еңбеккерлерге, бүгінгі зерттеуші, ақынның мерекесін өзіне лайықты дәрежеде өткізуші қауымға Қашекең рухы, оның алдында, кейін өткен күллі ақын-жыраулар риза болғай. Ақын даңқы аспандай бергей, ақынды өмірге келтірген елдің абыройы, қадір-құрметі арта бергей!

...басы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға