Жаңалықтар

ДАУЫЛДЫ ДӘУІРДІҢ ДАУЫЛПАЗ ЖЫРШЫСЫ - 1

Жұмат ТІЛЕПОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі
03.03.2014 06:26 9994

Жұмат ТІЛЕПОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі

ДАУЫЛДЫ ДӘУІРДІҢ ДАУЫЛПАЗ ЖЫРШЫСЫ

            Биылғы жыл – еліміз өмірінде өткен көптеген елеулі оқиғалардың мерекелі жылы. Солардың басы – еліміз тәуелсіздік алғандығының жиырма жылдығы. Сонан кейін поэзия ақтангерлері Қасым Аманжоловтың ғасырлық, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерекесі өтіп жатқан жыл. Ал, бүгін – қазақ жұртының елдік шаңырағын көтерісуге ерекше қайрат еткен жыр дүлдүлі Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық мерекесінің шымылдығы ашылып, байрақты туы көтерілген күн!

            Ел деп соққан жүрек иесінің еңбегі қаншалықты өміршең болса, еңсесі де соғұрлым жоғары, есімі де соншалықты ардақты. Адамзат баласының арғы-бергі дәуіріне көз салғанда осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген Сүлеймен Дәуітұлынан басталатын небір даңқ иелерінің ғибратты тірлігі осындай ойға жетелейді.

            Ел сөзін сөйлейтін өлең-жырдың тау тұлғалы азаматтарына да адамзат қоғамы ерекше құрметпен қараған. Ежелгі гректердің өздерінің жадын тірілтуші деп білетін, жартылай аңыз адамы соқыр жыршы (аэд) Гомерді, әлемдегі алғашқы эпикалық жырлар – «Иллиада» мен «Одиссеяны» өмірге келтіруші деп, пайғамбардан әрмен әз тұтуы болсын, парсы жұртының осыдан дәл 1001 жыл бұрын соңғы редакциясы бітіп, ақи-тақи соңғы нүктесі қойылған «Шах-намесінің» авторы Абулхасым Фирдоусиін бір ғасырдағы емес, бар ғасырдағы парсы ұлтының рухани көсемі деп білетіні де, сондай-ақ, ХIV ғасырдың даңқты жиһанкезі Ибн-Батуды Берке сарайынан кезіктірдім дейтін Сыпыра жыраудың аты аталып жатқан тұста қай қазақтың да елегізіп елеңдесіп қалатындығы да содан.

            Ақындық өнердің ақ дариясы сынды Қашаған Күржіманұлы осыдан 170 жыл бұрын өмірге келді. Оның соңын алып, араға төрт жыл салып ұлтымыздың ұлы перзенттері Абай, бес жыл өткізіп Жамбыл, екі жыл өткізіп Ақансері мен Мұрат Мөңкеұлы дүние есігін ашты. 1841 жылы кейін «Зар заман» дейтін кітабы шығып, Ресей отарлаушыларының озбырлық қылығын әшкерелегендерді «Зар заман ақындары» дейтін атқа меншіктетіп кеткен Шортанбай Қанайұлы сол жылы 33 жаста, Шортанбай тобына қосақтатыла айтылатын екінші бір дара тұлға Дулат Бабатайұлы 39-да, азаттық күрестің алдаспаны Махамбет Өтемісұлы 38-де, ал, Біржан сал Қожағұлұлы сегіз-ақ жаста болатын. Дәл, сол жылы Абай аса қатты бағалаған дейтін, 1862 жылы ол жырлаған «Ер Тарғын» эпосын белгілі ғалым Н.И.Ильминский кітап етіп бастыртып шығаратын Марабай Құлжабайұлы мен Ыбырай Алтынсарин бір-біріне жалғас өмірге келіп жатты. Бұл тұс, осы аты аталған сөз зергерлері өмірге келген кезең, сондай-ақ, жалпы, осы адамдардың қай-қайсысының да өмір кешкен дәуірі қазақ жұрты үшін тұтастай өте-мөте қасіретке толы ауыр уақыт болатын.

ХIХ ғасырдағы қазақ елі – өткен замандардағы бірде жоңғармен, бірде Хиуа, Қоқан хандықтарымен, біресе батыстағы алып жұрт орыстармен ұстаса жүріп күн кешкен әлеуетінен біржола айырылды. Бұл 1870 жылдары Ресейдің бүкіл Орта Азия республикаларын Қазақстанмен қосып өзіне қаратқан отарлаушылық мақсаты жүзеге асқан кез еді.

Сол тұсты, сол оқиғаны көре жүріп, біле тұрып, халқының мұнан кейінгі қасіретті күйіне қарлығаштың қанатымен су тасығаны сияқты жан ұшыра еңбек қылмаған ақын, жырау болған жоқ. Сондағы ең басты мақсат – қалың қауымның елдік еңсесін түсірмеу болатын. Бірақ, тайталасқа толы, адамзаттың қолын ғана емес, пейілін байлап тұрған қара ниетті қасіреттің тасы өрге домалап тұрғанда, озбырлық біткеннің жолын кесіп, қанағатсыздық пен мейірімсіздіктің туын жығу оңай емес-ті. Бұған адам жанын, заман халін, көкірек көзімен қапысыз танитын асқан білімпаз дегдарлыққа қоса ел тарихының, ата-баба өмірінің үлгілі тұстарын – ұрпағын рухтандырар дәстүр жайын жеткізер Қашаған сынды дауылпаздарға ар науасынан ақтарылған асау жырды төгілдіруге тура келген.

Қашаған – эпик ақын. Қазақ поэзиясының асқар шыңдарының бірі Ілияс Жансүгіров «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі» деп бекер айтпаған. Ол – жырау, ол – жыршы және жырау болғанда да Алтын Орда заманының, ноғайлы дәуірінінің небір алып жұрттармен алысқан айбынды баһадүрлері туралы ерлік жырларын тереңдей зерттеген академик В.М.Жирмунский айтатын, сонау Тоқтамыс ханның ақылшысы болған абыз жырау Сыпырадан басталып, Абылға келіп тірелетін көлемі жағынан әлемде қырғыздың «Манасынан» кейінгі, бүгінде «Қырымның қырық батыры» аталатын ел тарихын әуенді саз-өлеңмен сөйлететін жыр мұхитының қарқуары еді. Ол М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Қ.Сыдиықовтар зерделеген Қазақстанның батыс аймағындағы болмысы ерек жыраулар мектебінің талантты өкілі еді. Ол қолына домбыра алып, алқалы топтың құрмасына кірген заманында Абыл мен Есет, Қалнияз бен Нұрым, Ақтан мен Аралбай сынды ақындық өнердің ақиықтарының төрт көзі түгел еді. Қашаған сол ортаға еніп, ақындық өнерін ұштады, білімін толықтырды. Өнеге-үлгісін алып, елінің тарихына қанықты. Оны ол өзінің «Қазақ деген ел едік, қайырлы халық атанған. Үш қожаның тұқымы – өсіп-өнген қатардан: Үйсін, Арғын, Алшын деп, Үш жүз болып атанған. Әзіреттің кең ойы, Алты судың өн бойы – Атамыз қонған жер екен» деп, елінің өткені туралы келелі жайларды төкпектетіп келетін «Атамекен» толғауында «Көзім көрген адамда Абыл, Нұрым, Ақтаным, осылар еді тақтағым. Осылай деп маған үйреткен, тарихтың ескі ақпарын» деп, ақын ретінде сол ортаға өзінің шәкірт болып келгендігінен хабар береді. Кейін дауылды, дауы көп заманда өмір кешкен дауылпаз жыршы өзінен үлкен Абыл мен Нұрымға, өзімен қатар Ақтанға қандай ілтипат көрсетсе, өзі де сондай құрметке ие, сол даңқты мектептің басты тұлғасына айналды. Өзі шәкірттер тәрбиелеген ұлық ұстаздыққа жетті. Қазақ поэзиясының арғы-бергі дәуірін біраз зерделеген ғұлама ғалым Е.Ысмайыловтың «Мұрынға да, Құмарға да, Нұрпейіске де ұстаз болған Қашаған ақын» дейтіні де сондықтан. Осы тұста жалпы біздің қазақтың ұлт ретінде табиғат берген қабілеті жағынан соншалықты нәрегей қауымның тегінен емес екендігімізді дәлелдейтін Қашекеңдер жырлаған «Қырымның қырық батыры» туралы бір ауыз сөз айтуға тура келеді.

жалғасы...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға