Жаңалықтар

Дәурен Абаев бірнеше киножобаның түсірілім жұмысымен танысты

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі мәлім етті
Дәурен Абаев бірнеше киножобаның түсірілім жұмысымен танысты
Фото: gov.kz 08.11.2022 09:00 1617

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматыға жұмыс сапары барысында мемлекеттік қолдауға ие болған бірнеше киножобаның түсірілім жұмысымен танысып, режиссерлермен кездесті. Сондай-ақ кинопродюсерлер министрге «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмнің трейлерін көрсетіп, туындының 2023 жылдың басында кинотеатрлардан көрсетілетінін жеткізді, деп хабарлайды El.kz

Картинаның негізгі сюжеті ақын өмірінің соңғы тоғыз жылына негізделген. Фильмнің актерлік құрамында Досжан Жанботаев, Ерік Жолжақсынов, Асан Мәжит, Анна Старченко, Нұркен Өтеулов, Ержан Нұрымбет, Фархад Махмудов және басқалары бар.

Дәурен Абаев «Хош иісті жүрек» көркем фильмінің түсірілім алаңына да барды. Режиссер Максим Кодаровтың дебюттік толықметражды еңбегі абьюзер азаматтың өмірі туралы әлеуметтік тақырыпты қамтиды.

Одан бөлек, министр режиссер Дильшат Рахматуллиннің фильмі «Ашина. Көкбөрілер туралы аңыз» кейіпкерлерін анимациялау және монтаж жұмыстарымен танысты.

Сонымен қатар, министр белгілі режиссер Әділхан Ержановтың «Мүйізтұмсық» фильмінің түсірілім алаңына барды. Картина Алматы облысында түсіріліп жатыр. Басты рөлдерде Берік Айтжанов пен Анна Старченко ойнайды. Әділхан Ержановтың фильмдері Канн, Венеция, Локарно, Роттердам, Брюгге, Стокгольм, Пусан сияқты «А» класындағы халықаралық кинофестивальдерде таныстырылып жүр. Оның азиялық «Оскар» саналатын Asia Pacific Screen Awards – 2019 беделді сыйлығын жеңіп алған Қазақстандық тұңғыш режиссер екенін атап өткен жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға