Дәулет Тұрлыхановтың ұлы: Бас әскери прокуратура істің мән-жайын айтты
Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлының бұзақылық әрекетіне қатысты істі тергеу аяқталды. Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс бойынша тергеу амалдарын әскери прокуратура қадағалады. Қылмыстық іс аяқталды. Қазір ол соттың қарауында. Ол мерзімді әскери қызметте жүрген сарбаз. Ол аталған қылмысты жасаған кезде демалыста болған, - деді Мақсат Қазиев.
Прокуратура өкілі депутаттың ұлы кінәлі екені дәлелденсе, қандай шешім шығуы мүмкін деген сұраққа жауап берді.
Нақты үкімді сот шығарады, яғни тиісті шешім жарияланады, - деді Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.
Айта кетейік, біраз уақыт бұрын желіде белгілі спортшы Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың төбелес кезінде түсірілген жаңа видеосы жарияланды. Оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматыдағы сауда орталықтарының бірінің жанындағы көлік тұрағында болған. Оның барысында қызды жақтауға тырысқан ерлі-зайыптылар Анна Дмитриевич пен Олег Чернов зардап шекті.