Жаңалықтар

Дәстүрлі садақ ату: Қазақстан спортшылары Әлем кубогында өнер көрсетті

Дәстүрлі садақ ату: Қазақстан спортшылары Әлем кубогында өнер көрсетті
Фото: ҚР СІМ 04.07.2023 01:26 1183

Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдрашов дәстүрлі жамбы атудан Әлем кубогының ашылу салтанатына қатысты.

ҚР СІМ мәліметінше, іс-шараның ашылу салтанатына сондай-ақ Мажарстанның мәдениет және инновация министрінің орынбасары Эстер Витайош, Қазақстанның «Жамбы ату» федерациясының президенті Еркебұлан Ильясов, Мажарстанның Жамбы ату академиясының президенті Золтан Немети, Халықаралық жамбы ату альянсының президенті Алан Ле Галл қатысты.

Әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар мен жанкүйерлердің назарын аударған турнирге 14 елден 51 спортшы қатысты. Әлемдік додада ел намысын жамбы атудан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ералхан Айкөз бен Бақдәулет Бабажан, ел чемпионатының жеңімпаздары Батыр Бексауыт пен Мадияр Шәріпбаев қорғады. Ұлттық құрама мүшелерін жамбы атудан бас жаттықтырушы Елдос Бадашев бастап барды.

Іс-шараны Мажарстанның Жамбы ату академиясының спорт қауымдастығы Халықаралық жамбы ату альянсының қолғабысымен ұйымдастырды. Қатысушы елдердің қатарына Финляндия, Франция, Германия, Мажарстан, Иран, Италия, Қазақстан, Нидерланд, Польша, Португалия, Швеция, Швейцария, Түркия мен Ұлыбритания кіреді.

Ұлттық құраманың әлемдік сында өнер көрсетуіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Жамбы ату» федерациясы қолдау жасап отыр.

Айта кететін жайт, 2022 жылғы қыркүйекте Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы Қазақстанның 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге өтінімін бірауыздан қолдады. Бұл оқиға Қазақстанда ұлттық спорт түрлерінің дамуына ықпал етеді.

 
 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға