Жаңалықтар

«Дарын» сыйлығының иегері Ақмарал Науатбектің Астанадан Парижге дейінгі жетістік жолы

«Дарын» сыйлығының иегері Ақмарал Науатбектің Астанадан Парижге дейінгі жетістік жолы
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 12.12.2024 15:09 331

Биыл Парижде өткен Паралимпиада ойындарында топ жарған Ақмарал Науатбек күні кеше «Дарын» жастар сыйлығының иегері атанды. Осыдан біраз уақыт бұрын спортшы «Жанкүйер» подкастына келіп, арнайы сұхбат берген болатын. Бүгін дзюдо тарихына енген Ақмарал Науатбек туралы қызықты деректерге шолу жасадық.

Ақмарал Науатбек — парадзюдо әлемінде Қазақстанның атын шығарып, ел мерейін өсіріп жүрген спортшы. Оның спорттық мансабы, табандылығы, халықаралық аренадағы жетістіктері болашақ ұрпақ үшін үлгі боларлық дүние. Ақмаралдың жеңіс жолы, ұстанымы мен мақсаты кез келген адамды таңқалдырады.

Балалық шағы мен спортқа қадам басуы

Ақмарал Науатбек 1999 жылы 8 қаңтарда Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. Балалық шағында спортқа бейімі байқалып, 11 жасында дзюдо секциясына қатыса бастайды. Бұл кезеңде Ақмаралдың мықты ерік-жігері мен жеңіске деген ұмтылысы қалыптасып, оның болашағына негіз болды.

Ақмарал жасөспірімдер арасында әлем чемпионаттарына (2017-2019) қатысып, жетістікке жетіп жүргенде, 2021 жылы көру қабілетінің нашарлауына байланысты паралимпиадалық спортқа ауысуға мәжбүр болды. Бұл өзгеріс оның өміріндегі маңызды бетбұрыс еді. Ол тек жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, парадзюдоның ең беделді спортшыларының бірі бола білді.

Ақмарал пара дзюдоға 2021 жылы ауысты. Сол кезден бастап дайындалды. Дайындықты Астана қаласында жүргізген жоқ, ұлттық құрамамен бірге әр қалада жаттықты. Кестесі бойынша дайындық жүргізді. Одан бөлек Паралимпиада ойындарына психологиялық тұрғыдан дайындалды. Психологпен жұмыс істеді. Себебі ойындарға әлемнің ең мықты спортшылары барады. Бәрі техника, физика жағынан мықты. Психология тұрғысынан дайын адам жеңеді, - дейді чемпионның анасы.

Спортшының анасы өзінің қызы секілді жандардың спортқа құштарлығы мықты болатынын атап өтті.

Адамды арман жетелейді. Сол қойған мақсатының артынан жүре беруі керек. Пара спортшыларды мүмкіндігі шектеусіз адамдар деп есептеймін. Олар ерлік жасады. Осы жолы да, күнделікті ерлік жасайды. Он екі мүшесі сау болмаса да, жігері, спортқа деген құштарлығы өте мықты болады. Олар жеңіске жеткен сайын, халық, балалар, осындай жағдайдағы азаматтар үміттене бастайды, - дейді Роза Бужігітова.

Жетістіктері мен жеңістері

Ақмаралдың парадзюдодағы алғашқы үлкен жетістігі — 2022 жылы Бакуде өткен әлем чемпионаты. 48 келі салмақ дәрежесінде J2 санатында өнер көрсетіп, финалда Рио Паралимпиадасының чемпионы Сандрин Мартинетті жеңіп, әлем чемпионы атанды. Бұл жеңіс оның халықаралық деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді.

2023 жылы Ханчжоуда өткен IV Азия Пара ойындарында ол 48 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Оның шеберлігі мен тактикалық ойлауы Азия құрлығындағы мықты спортшыларды басып озып, тағы да өзінің үздік екенін дәлелдеді.

2024 жылғы Париж Паралимпиадасы — Ақмаралдың мансабындағы шыңдардың бірі. 48 кг салмақ дәрежесінде ол тағы да франциялық Сандрин Мартинетпен кездесіп, “иппон” әдісімен жеңіске жетті. Осылайша, ол Қазақстан тарихында парадзюдодан әйелдер арасында тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанды.

Дзюдошы жігітпен отбасын құрды

Ақмарал Науатбек 2022 жылы Мәди Амангелді есімді дзюдошыға тұрмысқа шыққан. Олар үнемі бірге жаттығып, бір-біріне қолдау көрсетеді. Париж олимпиадасында Мәди Ақмаралға үлкен қолдау көрсетіп, сенім ұялатқан. Ал Ақмарал Науатбек өзінің қандай келін екені жөнінде пікір білдірен еді.

Анам мақтап отырады. Келін ретіндегі міндетімді ұмытпауға тырысып, үйде барлық шаруаны атқарамын. Қазір түрлі іс-шараларға шақырып, қонақтан-қонақ жүрміз. Бас тарта алмайсың, құрмет көрсетіп шақырып жатқан соң бару керек. Сондықтан қазір үйдегі тірліктен толықтай босатылдым, бірақ бәрі біткен соң қарапайым Ақмарал болып міндеттеріме кірісемін. Бұйыртса, тағы 10 күннен кейін жаттығуды бастаймын деген жоспар бар. Қазір денсаулық жағдайымды реттеп, жарақаттарымды емдеп алуым керек, - деді Ақмарал Науатбек.

«Дарын» сыйлығының иегері Ақмарал Науатбектің Астанадан Парижге дейінгі жетістік жолы

Спортшының бапкері Айдын Анапин де ата-енесінің қолдауы өте ерекше екенін айтып, алғысын білдірген.

Бапкері ретінде Ақмаралдың екінші анасы – Мәдидің анасына үлкен алғыс білдіремін. Шәкіртім де ата-енесіне шексіз риза. Олар спортшы келін алғаннан кейін оның мақсатын біліп, өздері де қолдауын аямайды. Олар қайта Ақмаралдың жаттығуларына, дайындығына көмектескені болмаса, ешқашан кедергі келтірген емес, - деп Айдын Анапин чемпионның ата-енесіне алғысын жеткізді.

Ақмаралдың ерекшеліктері

Ақмаралдың табысының артында қажырлы еңбек пен мақсатқа жетудегі табандылық жатыр. Оның жеңістері тек техникалық шеберліктің нәтижесі емес, сонымен қатар күшті психологиялық дайындықтың да жемісі. Ақмарал әр жеңісте Қазақстанның туын жоғары көтеріп, еліміздің атын әлемге танытып келеді. Ол үшін спорт тек жеңіске жету емес, сонымен қатар рухани даму, өзін-өзі жеңу жолы.

Ақмарал Науатбек — жас спортшылар үшін үлгі. Оның табандылығы мен еңбекқорлығы спорт саласында ғана емес, өмірдің кез келген саласында табысқа жетуге болатынын көрсетеді. Ол Қазақстан жастарын спортпен шұғылдануға шақырып, денсаулықты жақсартуға және белсенді өмір салтын ұстануға үндейді.

Ақмаралдың болашақ жоспарлары ауқымды. Ол келесі Паралимпиада ойындарында тағы да чемпион болуды мақсат етеді. Сонымен қатар, парадзюдоны елімізде дамытуға, жас спортшыларды тәрбиелеуге атсалыспақ. 2027 жылы елімізде өтетін дзюдодан әлем чемпионатында топ жаруды көздеп отыр.

Ақмарал Науатбек — тек чемпион емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа үлгі. Оның әрбір жеңісі — Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы мәртебесін арттыру. Ақмаралдың жеңістері мен өмір жолы — еңбек пен табандылықтың айқын дәлелі. Оның табыстары болашақта да ел намысын қорғайтын жас спортшыларды қанаттандыратыны сөзсіз.

Абиба мен Галбадрахты жеңген

Ақмарал подкастағы әңгіме барысында кезінде дзюдо құрамасында үздік спортшылар саналатын Отгонцэцег Галбадрах пен Абиба Әбужақынованы жеңген кезін еске түсірді. 

«ұл белдесулер менің есімде. Бірақ қазір  салыстыру туралы көп әңгіме қозғалып жатыр. Алайда қазіргі уақытта бұл салыстырулар орынсыз деп ойлаймын. Себебі мен бүгінде пара дзюдода жүрмін. Ал Абиба дзюдода өнер көрсетеді. Абибаның дзюдоға қосқан үлесі зор. Иә, мен пара дзюдодан чемпион болдым, алтын медаль жеңдім, бірақ Абибаның да еңбегі зор. Бұрынғы іс болды, кетті, - деді спортшы. 

Ақмарал Науатбек айтулы нәтижеге қол жеткізу үшін бәсекелестік қажет екеніне тоқталды. 

Спортта үлкен бәсекелестік – үлкен жетістіктерге алып келеді. Сол арқылы әрдайым шыңдаласың. Мен үнемі ер балалармен жаттығу жасап, белдесемін. Татамиде ер балалармен күресемін. Тіпті менің спарринг әріптесім ер бала, оның салмағы 60 келіні құрады. Осы бағытта жаттығу жасағандықтан, маған жарыста жеңіл болды, - деді Ақмарал Науатбек.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға