Жаңалықтар

Дархан даланың дүлділі

Қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафинннің туғанына – 119 жыл
Дархан даланың дүлділі
11.11.2021 17:14 5565

 

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, мәртебесін биіктеткен классиктердің бірі, көркем сөздің ұстасы, тапқырлық пен шешендіктің нұсқасы, дархан дарын, алыптар тобының алтын діңгегі Ғабиден Мұстафин болғаны даусыз. Жазушының туған күні қарсаңында көзкөрген ізбасар інілерінің, сыншы-ғалымдардың жылы лебізді естеліктерін ұсынуды жөн көрдік.

Дархан даланың дүлділі

 

Миллионер Мұстaфин

 

Әдебиет сыншысы, журналист Бақыт Сарбалаев өзінің «Миллионер Мұстафин» атты естелігінде былай дейді: «1945 жыл! Бұл жыл белгілі қазақ жазушысы Ғабиден Мұстафин үшін екі есе жеңіс жылы болып еді. Ол қазақ кеңес әдебиетінің кезеңдік кесек туындыларының біріне айналған «Шығанақ» романын жазып бітірген. Алайда осы жылы тағдыр оны жақсы шығарманы дүниеге келтіріпсің деп маңдайынан сипай қойған жоқ. Қайта роман жарық көрісімен республикалық газеттерде қатар сыналған. Шығарманың бітімі жаңашыл екенін мойындамақ түгіл, оның идеясының дұрыстығына күмән келтірушілер табылған. Бұл – Ғабеңнің жазушылық өміріндегі ең қиын күндер еді. Бірақ адалдың аты арып, тоны тозбайды. Одақтық жазушылар ұйымы романның жолма-жол аудармасының өзін ұнатып, авторды Мәскеуге шақыртқан. Ғабең пойыздан түсісімен кідірместен тура Жазушылар одағына, Фадеевтің қабылдау бөлмесіне тартқан. Барса Фадеевке кіргісі келіп отырған адамдар көп екен. Содан соң алыс жерден әдейі келгенін, қалайда қабылдап, тықылтаяң шаруасын тыңдауын өтініп, бір жапырақ хат жазып жіберген. Фадеев мұның хатын қолына ұстаған күйі кабинетінен шығып, «Осындағы Мұстафин кім?» – деп сұраған. Мұндайды күтпеген Ғабең орнынан секіріп тұрған. Бірден жүзінен нұр төгіліп, жымиып, жылы шырай білдірген Фадеев кабинетіне кіргізіп, көптен білетін дос-жар адамындай қабылдаған. Ұсақ-түйек пендешіліктен, былық-шылықтан таза, жаны кристалдай мөлдір, мейірбан, үлкен жүректі адам жайдары мінезімен, жылы сөзiмен Ғабеңнің көңілін көтеріп, көкірегін шайдай ашып жіберген.

 

«Сіздің романыңыздың мазмұнымен таныспын. Ұнамды. Меніңше, осы романыңыз сіздің одақтық әдебиетке шығуыңызға кең жол ашады», деген ол, « - Осы уақытқа шейін қазақ жазушыларынан мен Әуезов пен Мұқановты ғана жақсы білетін едім. Ендігі танысқан үшінші жазушым сіз болдыңыз. Тіпті жақсы болды. Қатты сындар айтылғанға «құртты, құрыдым» деп ойлайсыз ба? Жоқ. Керсінше олар сіздің атыңызды шығарып, насихаттап, көтеріп жатыр. Асықпаңыз. Осында болыңыз. Мұндағы жолдастармен бірге романыңыздың орысша нұсқасын жақсарта түсіңіз. Сосын романды міндетті түрде маған әкеп беріңіз, бастан-аяқ мұқият оқып шығайын». Ғабең сол жолы Мәскеуде екі ай тұрған. Романның әбден қаралып, жетілдірілген нұсқасын Фадеевтің қолына ұстатып барып, Алматыға оралған. Фадеев болса қолжазбаны оқып шығып, бірінші бетіне: «Басылсын. Александр Фадеев» деп қол қойып, «Советский писатель» баспасына тапсырған. Сол сол-ақ екен, романның алдынан да ақ жол ашылып қоя беріп еді».

 

Дүлдүлі дархан даланың

 

2002 жылы 20 қарашада қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев Ғ.Мұстафин туралы естелік жазып қалдырған еді.

 

...Аспанның төсін арда емген асқар шыңдардан емес, жер қойнауын тесіп шыққан жақпар тастардан шым-шым қайнап өніп, Сарыарқадан Көкарқаға дейінгі көл-көсір алкаптағы ешбір елдімекенді айналып өтпей, бәріне де соғып, бәрінің де көңілін бірлеп, мейірін қандырып баққан ақпейіл өзен Нұралай Ғабиден Мұстафин таланты да өзін жаратқан топырақтан нәр алып, өзін жаратқан өлке мен ортаны асқақтата жырлап өтіпті. Оның қырандай қырағы суреткерлік түйсігі туған жазиралар төсіндегі жақсылы-жаманды құбылыстардан үдере өзгеру үстіндегі елі мен жерінің басына атымен бейтаныс заман ортағалы тұрғанын дер кезінде дәл аңғара біліпті. Көз саласына іліккен көріністерді көңіл саласына көшіріп, оның тосын сипаттарының астарларына үңіліп, тарихи мән-мағынасын іздепті. Қайсысының бүгін бар, ертең жоқ құбылмалы, қайсысының бүтін әлсіз, ертең мықты тұрлаулы құбылыстар екендігіне қапысыз қанығуға күш салыпты. Ол күні жеткенде тілден жақты ажыратпайын дегендей жаппай жетістіктер кезеңінде өмір сүрді. Талай қимас құбылыстар мен қасиеттер көзге оттай басылып, ұзақ жайлаған көне қоныстарда қалып бара жатты. Талайлар өз қағынан өзі қарадай жерініп, жаңа қонысқа бет алғанның жөні осы екен деп әй-шайға қарамай, әлі беймәлім, әлдеқайдағы нағашысының ауылына бара жатқандай аттарын борбайлатып, адыраңдап шаба жөнелісті. Ғ.Мұстафин ондай алақызба айқай-сүреңдерге елегiзiп, босқа арамтер болмапты. Әкесінің иманды, атасының Дәулетті болғандығы үшін көзтүрткілік көрсе де көзсіз ашуға мінбепті. Сабасынан аспай, сабырын сарықпай сақтай біліпті. Оның артына тастаған шығармашылық мұралары бала кезінен табаны тиген Жауыртаудай, қалғандарға атымен ұқсамайтын айрықша тұрпатымен көзге оқшау шалынады. Сыртынан қарағанда шынында да сар далада тайпалта жүйткіп келе жатқан сары корғаның қыр арқасына күдірейе қонжиған, ат жауыртпай қоймайтын жайсыз әрдей сойқан елестейтін, жапырақ, ерекше жақпар таулары бар қазынасын тереңіне бүгіп, сол арқылы күллі әлемнің көз сұғын қадалалтын әйгілі Теміртауға айналып отырғаны мәлім. Қылтың-сылтыңсыз, жылтырақ-жылтылсыз ел болса да өмірдің өзіндей қылып қаз-қалпында кейіптейтін Мұстафин шығармалары да туған елдің ыс басқан түндігіндей, туған ананың бесігінде тербеткен әлдиіндей, туған әкенің қиын сағаттарда арқаңнан қағып, мандайыңнан сипап, емірене айтатын ақыл кеңесіндей айымдылығымен еріксіз баурап алады. Олар тіршіліктің әшекейсіз де әдемі, әспеттеусіз де мәндi екендігіне көзіңді жеткізе түседі. Қаптаған құйтырқы құбылыстарға төтеп бере алу қай замандағы суреткерлер үшін де қиынның қиыны болған. Кейінгі жүз жыл ішінде әдебиетіміз осындай ойнақшыма кезеңнің талайын кешіп, талай жерде екі оттың ортасында шыжғырылып, әрі-сәрі дәурен кешіп келеді. Кейбір туындыларымыз қанатсыз тауықтай күнделікті тіршіліктің күлдібадам қиындығының тар көрпесіне қамалып, етекбасты күй кешіп бақты. Кейбір суайт уақыттың айтқанына еріп, ақыр аяғында бәлду-бәлду бәрі өтіріктің кебін киеді. Ғ.Мұстафин мүндай қатерден замана шындығына адамгершілік көзімен үңіліп, адамгершіліктің таразысымен байыптай алған салиқалы сарабдалдығы арқасында аман қалды. Оның шығармалары шырғалаңы мол шытырман заман да ғұмыр кешкен, мейлінше әділ адамның өз көзімен көріп, өз көкірегіне түйген әсерлерін шынайы жеткізе алған дәйектілігімен құнды. Жазушының «Өз көзіммен», «Көз көрген» сияқты жанрлық анықтамаларға жиі жүгінуі соның айғағы. Ол өмірді күрес деп емес, еңбек деп ұқты. Өйткені, күрескеннің бәрі жеңіске жете бермейді. Ал еңбек еткеннің ешқайсысы жеміссіз қалмайды. Сондықтан да ол тек қана еңбекті насихаттап, еңбекті дәріптеді. «Шығанағында» сол кездегі таптық тайталастардың қызыл қырғындары мен қызыл қырғиларын дәріптемей жер тырмалап, ырзығын айырып, былайғылардың да күн көрісіне қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей өз қолғабысын тигізгеннен басқаны мұрат етіп көрмеген, қазақтың «Я, Құдайлап» күн кешкен қарапайым шаруа шалының бейнетқор тіршілігін суреттейді. «Қарағандысында» ғасыр тоғысындағы қиян-кестілерді, азып-тозып, өкпесі талған далалықтардың өнбес даудың соңында біржолата құрып кетпей тұрып, жаңа кәсіп пен жаңаталаптың соңына түсіп, жасампаздық жолына шыға бастағанына мейірленеді. «Миллионерiнде» іргесі көң сасып, тірідей күлге көміле жаздап отырған қоңторғай қазақ ауылының қалған дүниеден қағажу көрмей, жұртпен бірге етегін жиып, еңсесін тіктегенін армандады. Бұл шығармаларында ол өзі өмір сүріп отырған кезеңнің ұрандатып баққан идеологияларын жоққа шығарған жоқ. Бірақ оларды қақшаңдаған таптық тайталастардың таразысына сүйрелемей, жалпыға тән адамгершілік арнасында шешімдеуге тырысты. Керітартпалықтың емес, ілгері ұмтылушылықтың сөзін сөйледі. Оның 60-70-ші жылдары жазылған «Дауылдан кейін» және «Көз көрген» романдары әдебиетіміздің асыл қазынасынан баянды орын иеленген ірі табыстарымыз. Олар шын мәніндегі ХХ ғасырдағы жаңа тарихымызды қайта зерделеп, қайта бағамдауды бастап берген туындылар. Ғасыр басында қазақ даласына аяусыз тырнақ батырған әлеуметтік қатыгездіктердің қанды жолын мұншалықты шыншылдықпен және сыншылдықпен бейнелеген шығармалар оған дейін кездеспеген еді. Одан кейін де жиі ұшырасып жатқаны шамалы. Алпысыншы жылдардағы азды-көпті кеңшілікті дер кезінде орнымен пайдаланып, халық өмірінің ең көлегей тұстарының ең шынайы панорамасын жасақтап үлгере алған бірден-бір қазақ жазушысы Ғ.Мұстафин болды. Оның қай шығармасын алсаңыз да кешегі ақыл ұзын, қол қысқа заманда өз халқына шындап жаны ашығандықтан туған шынайы дүниелер еді. Сондықтан да ол кешегі, бүгінгі және ертеңгі оқырманға қажет бірегей қасиет. Оның талапкер басшы бола білгенін көзбен көрген ұрпақ өкiлiмiз. 1963 жылдың жазы еді. Соңғы 6—7 жыл ішінде одаққа жаңа мүше қабылдамаған шақ болатын. Өзімнен сақа бір топ жазушымен қоса менің де бақталайым таразыға түскен еді. Төралқаның мәжілісін басқарған сары Ғабең ернін мықтап жымқырып алып, қай-қайсымыздың бетімізге қызыл көзін жалындата қарап, қатал сынақтың астына алды. Ол кезде мен университет бітірмей жатып өлең жинағын шығарып,жуан-жуан журналдарда мақалалар жариялап, Мопассан романын аударып үлгерген едім. Оның бұл талабы айрықша қаталдық емес, айрықша қамқорлық екен. Жазушылар одағының төрағасы бола тұра үлкен басымен біздің университеттің үйірме мүшелері арасына келіп, сиясы әлі кеппеген «Дауылдан кейін» романын талқыға ұсынған еді. Ол кісінің «Бізде ұлтшылдық жоқ, ұлтсыздық күшті» дегенін өз аузынан талай естідік. Ғабең өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің сағы сынбауына, санаттан шығып қалмауына бағыттады. Ол ешқашан қаламы мен қадамын қиғаш бастырып көрмеген абзал азамат еді. Халқының құшсa — құшағын толтыратын, сүйсе – мейірін қандыратын абзал перзенті еді. Ұлы адам еді. Оның тарих сынағының қай-қайсысынан да тапжылмай төтеп беретін өшпес даңқына қазақ даласы бас иіп тқрары сөзсіз.

 

Оның ұстазы өмір

 

Қазақстың белгілі ақыны Ғ. Мұстафиннің көзін көрген, жақын араласқан тағы бір інісі Жаппар Өмірбеков болды. Ол өзінің естелігінде жазушымен болған кездесулер туралы баяндайды. «Әдетте, «оқығаны бар, тоқығаны жоқ» деп күледі жұрт, кейбір оқымыстылар туралы. Ал, оқуы аз, тоқуы көп адамды олай кеміте алмайды. Мен Ғабиден аға туралы ойлап, едәуір ұзақ өміріне көз жібергенде, қайран қаламын, шынында да қайран қаларлық емес пе, орта мектеп, техникум, институт тауыспай-ақ алдыңғы қатарлы интеллигент немесе жазушы болу оңайға түсті дейсіз бе? Оның үстіне, атысып-шабысқан, тіршілік үшін күнде-күңде күрескен аласапыран кезеңдерде өмір сүрді ғой. Солай болса да кәдімгі тіршілік өмір не өлім қайшылығына жеткенде де берілмей, азып-тозбай, сабыр сақтап тірі қалу екінің бірінің қолынан келе бермегені ақиқат, ал сондай зобалаң тіршілік ауыртпалығына төтеп берудің өзі асқан жігер-қуат, қажыр-қайратты керек етті ғой. Қасында жүрген жылан жүріс жылмақайлардың пәле- жалалары астыртын, асыра сілтеуші әпербақандар әурешілігі ашық-жабық жүріп жатқанда, ғажайып төзім, ересен шыдам тауып, қалай төтеп бергенін әрбір аман қалған адам өзі ғана біледі.

 

Өмір ауыртпалығына Ғабиден ағаның шағым айтқанын өз аузынан естігендер сирек шығар. Өйткені, ол кісінің шешiлiп сыр айтуын өз басым қырық жылдың ішінде бір-екі-ақ рет естідім. Біздің жас айырмамыз, бастан кешкеніміз уақыт тұрғысынан да сәйкес келе бермейді. Әйтсе де бір

 

сырласқаны есімде. Алматының Калинин-Фурманов көшесіндегі Мұхтар ағаның үйіне кіргенде, 1956 жылы, зайыбым Зәуреш екеуміз құтты болсын айтуға бардық. Ғабеңдермен де жақсы таныс болып қалған кезіміз. Әңгіме пәтер туралы болды. «– Сендер», — деді Ғабең, « - Біздерге қарағанда, жастай білімге қанығып, қызметке қиналмай тұрып, әдебиетке келе қалдыңдар. Біздің көрген күнімізді ешкімнің басына бермесін... Бірінші шахтаның мехцехында (Қазіргі Пархоменко атындағы зауыт) темірші, слесарь болып істегенмін. «Қарағанды» романындағы Жәнәбіл кейпінде мінезімнен біршама сипаттар бар. Бұл жұмыста да жан асырауға болатын еді, едәуір маманданып үйреніп қалғанмын. Әйтсе де Севкрай кетуіме тура келді. Аш-арық көбейді, елдің сықы кетті... Новосибирскіге келсек, тіршілік мүлде басқа, көшеде бірінің қолындағыны біреудің тартып алу, алып қашу жоқ. Қымбат та болса да базарда бәрі, тіпті сиыр еті, жылқы етіне дейін бар. Қазақша газет шығады екен, әдеби қызметкер болып орналастым. 400 сомдай жалақы, әрі қаламақысы бар, жалдамалы пәтер де тауып алдық. Новосибирскіде, Әбдірант Шалабаев редактор болып шығарып тұрған «Қызылту» газетінде істеп жүрген кезімде, Ғабидолла Бұзырбаевпен таныстым, ол бір ақылды қазақ еді, қазақ қызынан тұңғыш инженер болып шыққан Гүлсім Қадырғалиеваға үйленген, бүлдіршіндей сепкіл бет сүйкімді қара торы келіншек еді, қазір Коммуналдық шаруашылық министрінің орынбасары. Сол Бұзырбаев менің қажының баласы екенімді білсе де, адамшылық жасап, газетте істеуіме, кейін Алматыға келіп, Жазушылар Одағының «Әдебиет майданы» журналына орналасуыма мүмкіндік тудырды. Әттең, не керек, Оркомның үгіт-насихат секретары болып тұрғанда, ұшақ апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Иә, айтайын деп отырғаным, өмірдің қиыншылығы, адамдардың бір-біріне қиянаты, қатыгездігі, сонымен бірге мейірімі, рақымы. «Әдебиет және искусство» журналында өзің біраз істедің ғой, әдеби қызметкер дегеннің не екенін білесің, газетте істеген адамға сонша қиын емес. Бірақ өзіміздің шығармамызды тықпалай бермейміз. Сондықтан, аударма жасап қаламақы табамыз. Алматыда пәтер ақы қашанда қымбат қой, жалақымыздың жартысынан көбін — екі жүз елу сомдайын соған төлеймін... Жалғыз бөлме, оның өзінде жаңбыр күні төбесінен тамшы тамып тұрады. «Өмiр не өлім» романын сыра зауытының жанындағы пәтерде жаздым... Түнде жаңбыр жауғанда, отырғыш жоқ, ағаш қобдишаны алдыма өңгеріп алып отырып жазамын, тамшы дәптеріме шашырамасын деп, қасыма ішіне мақта салып тəлеңке қоямын, қолайлы бұрышқа ондық шынылы кәресін шам қоямын... Сол роман кітап болып шыққанша, жағдайымыз өте ауыр болды. Алғаш көшіп келген бетте, біраз уақыт Сәбеңнің үйінде тұрдық, әрине, пәтер ақы төлейміз, жеңілдеу еді. Бала-шағасы бар, отбасыны қысылып-қымтырылдыруды жөн көрмедік» - деді. Мен қаламақысын сұрадым. « - Оңай емес, қай кезде де алдыңды орап жүретін малтабарлар болды. Кейде журналға аударма жасаймыз... Сол кезде бір қиянат көрдім: редакторымыз мені қажының баласы деп жек көреді, қалжыңы емес болар, оны өзі, ашық айтып отыратын. Сейтжан Омаров жауапты секретарь еді, ол маған кейде аударма береді. Бір күні қиналып жасаған аудармамды редактор окымай-ақ ысырып тастады. Себебін түсіндірмеді. Кейін Сейтжан сұраса: «Қажының баласына осында жұмысқа алғанымыз да жетеді. Жаның ашып бара жатса, қалтаңнан бер», - депті. Еңбегіңнің өлгені де қорлық қой. Кейін сол кезде қиянат жасағандар, өздерінше кінәларын жуып-шайғансып, жақсылық та жасады. «Ашаршылықта жеген құйқанын дәмі кетпейді» деген ғой. Нашар халде жүргенде болысқандар ұмытылмайды, айтып жүргің келеді, қиянат, корлау да ұмытылмайды: «Ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар. Көргенің кетпес есіңен!»... Біз Ғабеңмен жиналыста, дастарқан басында сирек кездеспейтінбіз. Бірақ шешіліп, шүйіркелесiп сөйлесу жоқ еді.

 

Бірде Зейнел апайдан «Осы Жаппар қайда жоқ болып кетті?» деп сұрапты. Ол кезде мен теледидарда істейтінмін, жұмысымның сыры белгісіз өнерді игеру - өте қиын тиді, қаламдас жақын достарыммен де сырласып сөйлесуге мұрша жоқ, ал кейін сырқат азабы билеп кетті. Алты жылдан соң «Жұлдыз» журналына, өнер-ғылым бөліміне меңгеруші болып келгенімше, өзі айтқанындай, «жоғалып табылғандай» болыппын. Ғабиден ағамен жақын сөйлесудің бір ретi 1972 жылы жаз айында келді. Бірақ бұл сөйлесулер ылғи ресми іс жөнімен. Сол жылғы Ғабиден Мұстафиннің 70 жылдық мерейтойын өткізу комиссиясының жауапты секретары болып тағайындалдым. Міндетіме кіріскен соң оқта-текте телефондасып тұрдым. "Не болып жатыр?» деп, ол кісі көп мазаламайды, өзім бір нәрсе анықтағанда ғана сөйлеседі. «Былай істеу керек», - деп те айтпайтын. Атқарылатын істің ең маңыздысы: Жазушының қызметін, ерекшелігін, ел алдындағы еңбегін сипаттап мінездеме жазу әрі ол Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші секретарының атына Жазушылар одағының бірінші секретарының ресми хаты түрінде болмақ. Бүл хатты жазу маған тапсырылды.

 

Жазушылар одағының екінші секретары Ілияс Есенберлин: «Сәті түсіп қалар, Ғабиден ағамыз Социалистік Еңбек Ері бола ма деген үміт бар, жоғары жақпен сойлесілді», - деп қойды. Хат кешікпей әзір болды (түпнұсқасы әлі күнге менде сақтаулы), бірінші секретарға қол қойдырып, Орткомға жөнелтілді. Мерей тойға әзірлік жүріп жатты, «Социалистік Қазақстан», «Каз. Правда» авторларын өздері белгілемек, басқа газеттер мен республикаға бір ғана мақала жаздырып, ресми орган КазТАГ арқылы жібермек болдық. Ол мақаланы Ісләм Жарылғаповқа тапсырдым, ол кісі бір айдың ішінде, тамыздың ақырында жазып бітірмек еді бірақ үлгіре алмады, оның есесіне, мерейтой өтер алдында, Қазақ радиосында Ғ.Мүстафинмен журналистердің кездесуі болғанда сөйлеп, сол сөзі ешбір қысқарту, өзгертусіз республика тыңдаушыларына жетті. Жарылғаповтың сөзінің Ғабекеңе ұнағаны сондай: «Сен өзің мен туралы жазуға әзірленгенде едәуір өсіп кетіпсің ғой!» - деп қалжыңдаған. Қалжың өз алдына, 2 желтоқсан күні, Партия мектебінде жазушы дидарласуы боларда І.Жарылғаповтың сол кешке келуін қалады. Бұл әдеби кештің есте қаларлық сәттері мен онда Мұстафин туралы айтылған кейбір сөздер менің қойын дәптеріме түсіпті. Енді содан бірнеше үзінді келтірейін. Кездесуді партия мектебінің директоры Әнуар Хакімжанов жүргізді. Ғабиден Мұстафин туралы сөзді Ісләм Жарылғапов бастады. «Көркем әдебиет», — деді ол, «— М.Горький айтқандай, ұлттың ең мақтан етері, біз Мұстафинді жүмысшы табын жырлаған жазушы деп мақтан еткенде, бұл саладағы тұңғыш барлаушымыз деп білеміз...» Осы дидарласуға қатысқан жазушылар да, партия қызметкерлері де бар ықыласымен жазушының шыншылдығын дәлелді сипаттайды. «Замандастардың тұлғасын жасауда Ғабиден бәрімізден биік тұрй» - десе Ә.Әбішев, Сапарғали Бегалин: «...Адам болу керек. Азамат өзін адам қатарына жеткізе алса да үлкен қасиет. Сондай қасиет осы Ғабиденнің бойында. “Әдiлiн айтсам, ағайынға жақпаймын, турасын айтсам, абыройымды қалай сақтаймын?” дейді халық. Ғабиден, сен Әділ адамсың... Жетпіс деген онша қиын жас емес, күш- қуатың, даналығың бойыңда бола берсін!.. деп атап өткен. Сейтжан Омаров: «— Fабиден Мұстафиннің ұнамды кейіпкерлерінің мінез-құлқындағы игі қасиеттің бәрі өз басында» - деген.

 

F.Мұстафиннің өз сөзінен мысал келтірсем: «Жазушының бәрі сөйлей бермейді, жаза білгенімен сөйлей алмайтындары да болады. Сөз өнері екіге бөлінеді: ауызша, жазбаша. Жазушы өз ойын шығармасы арқылы береді. Маған жылы сөз қуанышпен айтылып жатыр, бұл әдебиетке деген құрмет. Әдебиет – адам көркі, адамның мінез- құлқы. Ғылым мен техникадағы жаңалықтар адамды тандандырып жатады, айға да адам аяғы жетті, бірақ бәрі кейін үйреншікті болады. Әдебиет олай емес, ол күн өткен сайын таңдандыра түседі. Әр қауымның тұсында сол қалпында қала бермейді. Әдеби еңбек — құрметті әрі өте қиыншылықпен қолға түсетін бақыт... Мақсат биік болса талант шындала береді. Он атқанда бір оғы дарымайтын адам бар еді, бірақ мылтық ұстайды. Сондайлар біздердің жазушылардың арасында да бар. Бір абзац алу үшін, он абзац жазылады. Шұғыл отырған күні екі бет жазамын, кей күндері екі-үш абзац... Сіздер, үгітші әрі ұйымдастырушысыздар, мәдениетті өркендетуге қаулы-қарар аздық етеді. Ілифат керек... Ыстық ықыластарыңызға рахмет!» Ғабең осы сөзін өз әдетінше, асықпай, баппен сөйледі, әр сөзі тындаушысының санасына мүлтіксіз жетіп жатқандай.

 

«Сіздерге қарап отырып, сонау алыста қалған жастық шағым есіме түседі... Қанша көрікті, сұлу қызды көрсем де, жасымда ұнаған бір қыз артық көрінеді де тұрады, ол уыздай жас шағында қайтыс болып кетті», - деді Ғабең 9 желтоқсанда Қыздар институтындағы кездесуде... Мен кітап жазды дегенді хат танымайтын жеңгелерім естіп: «Сен адам болдың, үлкен адам болдың, қуанышымыз қойынымызға сыймайды», - деп шаттанды. Әттең, сол жеңгелерімнің жазған кітабым «Ершойынды»оқи алмай кеткеніне өкінемін. Қазір жазғаның қолма-қол ел-жұртыңа жетіп жатады. Мен бақытты жазушымын...»

 

Ғабеңнің мерейтойына байланысты тағы бір есте қаларлық дидарласу 13 желтоқсан күні Қазақ мемлекеттік университетінде болды. Бұл дидарласуда сөйлеген адам аз емес, көбісі жазушы мерейін көтеруге ықылас білдіреді, кейін пікірлескенімізде, жазушы сөйленген сөздің көтеріңкілігіне емес, нақтылығына мән береді екен. Әдебиетші ғалым Белгібай Шалабаев университет студенттері «Миллионер» мен «Қарағанды» романдарын не үшін қалай зерттейтінін әңгімелесе, орыс тілінің белгі маманы доцент Хайролла Махмудов «Ғабиден Мұстафин көркем сөз шебері, айтулы стилист, автор өз уақытын көп жұмсап, оқырман уақытын үнемдеп, барынша қысқа, ұнамды жазады», – деп бағалайды. Дәп түсіп, дәл айтылған шынайы пікір, орынды құттықтаулар... Ғабиден аға бұл кеште де қысқа сөйледі. Бір жақсысы тыңдаушысын өзіне қаратып ұйытып алады да әңгімесін келте қайырады, құдды мейір қана ішкің келген сусының тез сарқылып қалған тәрізді сезімде боласың.

 

«— Жақсы сөз — жан азығы», - деп бастады Faбeң: «- Жазушы деген үлкен сөз, ол философ, ойшыл болуы керек, үлкен білімді, қажымас қайрат дарын болуы керек. Қиын еңбегіміз адам жанын сүйсіндірсе, не қатты тебірентсе ғана жазушы бола аламыз... Жазушылардың, әсіресе, прозашылардың өте-мөте қиыншылығы бар... Әдебиеттің ең қиыны проза ғой деймін...

 

Суреткер адамның ішін көреді. Бұл арада жазушы актердің де, режиссердің де міндетін атқарады... Көп сынның ішінен пайдалысын таңдап ала білу керек,сында әділетсіздік, сыншы тарапынан қиянат болуы мүмкін, қиянат аз болмайтынын да көріп жүрміз. Бүгінгі шәкірт, сіздерден талай ғалым, әдебиетші, жазушы шығады. Осы жауаптылық естеріңізде болсын. Әдебиет әрбір қауымның дәрежесін көрсетеді. Көп жазған сайын жазу қиындай береді. Жұртыңа көп жазғаныңды ұсынба, мәз жазғаныңды көрсет...». Бұл Fабеңнің ұстаздық, жазушылық, азаматтық сабағы. Ғ.Мұстафиннің «Асыл сөз - наркескен қылыштай, жасық өтпес пышақтай», «Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой», «Көп мүддесін жоғары ұстасаң, көп сені жоғары ұстайды» деген сияқты қанатты сөздері қазір ел аузындағы мәтелге айналды. «Жазушылық нан табудың кәсібі емес, адам жанын тәрбиелейтін мейлінше нәзік, күшті құрал жасау өнері». Бұл да көңілге түйерлiк ұлағатты сөз. Әрбір суреткердің дүниетанымы, көркемдік көзқарасы, шеберлік тұрғысынан қарағанда, өзіндік қасиетін даралайды. Ғабиден Мұстафин де қазақ кеңес әдебиетіндегі өз дәуірінің үлкен суреткері. Оның көркемдік мұрасының алуан-алуан әсері, азаматтық өнегесі - қажымас қажыр-қайраты, айрықша ұстамдылығы, қоғамдық қызметте әділдігі жан сүйсінерлік еді. Жақсыдан шарапат: оз басым осы жақсы адам, тамаша суреткерден, ұзақ жыл бір ұйымда тұрып, жанды сөздерін ести жүріп, сабырлы, салиқалы мінез-құлқынан да өнеге алғаныма ризамын. Игілікті іс, ғибратты ұстаздық асылдай жарқырап, тот баспай жайнай бермек».

 

Ұлтына ұлағат қалдырған

 

Белгілі ақын Жүрсін Ерман 2002 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған мақаласында адал өмір жолы мен, асқақ рухымен елінің еңсесін көтеріп, бірлігін баянды етіп жатқан сөз зергері Ғабиден Мұстафиннің бақытты жан болғандығын айтып өтеді.

 

...Астана мен Алматыдан екі үлкен топ болып аттанып, «сары шалдың» туған өңірінде – Қарағаудыда түйіскен жазушылардың құрамы да қомақты, көңілдері де мамыражай. Қай-қайсысы болса да ұлы жазушының бір ғасырлық тойына шақырылғанын мәртебе көретiндей. Бір қызығы, Астанадан келген каламгерлердің жасы да, жасамысы да халық жазушысы, көркем сөздің ендігі көсемі Әбіш Кекілбайдың кесек тұлғасын алға ұстап, соны арқаланатындай. Алыптар тобының алдын көрген, шарапат-шапағатын сезінген Әбіш ағамыз да толымды тұлғасымен ортаны толтырып, анда-санда сөйлеген сөзімен ұлы ұстаздың көңілдегі бейнесін ажарлай ашып, бояуын қанықтырып жіберді. Ұлттың ұяты, рухани қуаты атанған Ғабиден Мұстафиннің бірегей бейнесі, азаматтық алып тұлғасы осындай толғаныстар үстінде мүлдем сомдала түскендей. «Үлкен-кішінің ешқайсысын алалап көрмеген, ешкімге зорлық-қорлығын көрсетпеген, имандай таза, ақиқаттай Fабеңді біз алыстаған сайын сағына түсеміз, зарыға түсеміз», деген сөздерде ұлт зиялыларының татулық пен бірлікке ынтызар көңілінің аңсары жатыр. Алматыдан екі вагон болып аттанған тойшыл қауымның арасында Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың болуы қарағандылықтарды қатты риза етті. Тоқсанға қадам басқан қарт батыр: «Сәбиттің тойына бардым, Ғабиттің тойына бардым. Ғабиденнің тойына бармасам, ертең о дүниеде ағама не бетімді айтамын», — деп қалжыңы аралас шынын айтып қояды. Абыз ақынымыз Қадыр Мырзалиев: «Маған осы тойдың болғанынан гөрі, барғаны мен қайтқаны ұнайды», - деп әзілдейді, «— Қатар-құрбыларыммен дидарласып, інілеріме өлеңдерін оқытып, бір желпініп қаламын. «Жетпіске де керек-ау жеті минут желпініс» деген өлеңімді дұрыс түсінсендер болғаны. Ғабеңе арнап «Сары шал» деген ғажайып өлең жазған Қалекең:

 

Білмесе білмей қойсын бағамды онша,

 

Соңымда жүрер дейсің жаман қанша.

 

Ешкімнен кем болмайды қара бала

 

Қара шал, сары шалдар аман болса! - деп түйіндеген екен. Біз де өзімізбен сапарлас Серік Қирбаев, Сейіт Қасқабасов, Ахат Жақсыбаев секілді қадірлі тұлғаларымыздың амандығына шүкірлік еттік.

 

Той өткізу – мерейтой иесін еске алу, даңқына дақпырт қосып, марапат-мақтау айту ғана емес. Еліне еңбегі сіңіп, ұлтының рухын асқақтатқан қаламгерді есте қалдыру шаралары неғұрлым оңтайлы, орайлы жасалса, ұрпақтан ұрпаққа кетер ұлағат та сонда. Өзі де еңбекқор болған, еңбекті жырлаумен өткен Ғ.Мүстафин «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көзкөрген» секілді романдарымен Қарағанды өңірінің көркем шежіресін жасаған дара суреткер болса, риза ел сүйікті жазушының есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында атқарған істерін де әріден ойластырыпты. Қаламгердің кіндік қаны тамған Жауыртаудың іргесінде бой көтерген жүмысшы қала Теміртау өзінің ең бір еңселі мектебіне Ғабиден ағаның есімін берді. Ескерткіш-тақта орнатты. Екі күн бойы Қарағанды облысының аумағында заңғар жазушыны еске алу, оның есімін қастерлеу, бай әдеби мұрасын саралау бағытында бірқатар игілікті іс-шаралар атқарылды. Солардың ішіндегі ең бір толымдысы – «Ғабиден Мұстафин және қазіргі қазақ прозасы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция болып көрінді.

 

«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деуші еді. Соңында үш бірдей жақсы перзенті қалған Ғабеңнің ұл-қыздарының әкеге деген құрметін, сағынышын аңғару бізді айырықша тебірентті. Әсіресе, қызы Жанар Мұстафина әкесін қатты аңсайды екен. Белгілі дәрігер, үлкен ғалым апамыз Ғабеңнің кіндік қаны тамған Жауыртаудың күздігүні сорайып сабауы қалған бетегесі мен жусаның қуалай теріп, жұпар гүліңдей бауырына басқанын көргенде, үлкен жиындарда әкесі туралы тебірене сөйлеген сәттеріне куә болғанда: «Шіркін-ай, әр жазушының соңында осындай адалдан жаратылған асыл ұрпақ қалса, арман қане!» - деп еріксіз риза болдық.

 

Ұрпақ демекші, осы той күндері Ғабеңнің жақын жекжаты, Құлагерді жазым етті деп аты шыққан ағайынды Батыраш-Қотыраштың Қотырашының шөбересі Қабдыкен Тілеужановпен сұхбаттас болдық. Қазақстан Магниткасында ширек ғасыр техникалық қызметте болып, зейнетке шыққан осынау аға жасындағы адам Құлагердің жазым болғаны үшін әлі азап шегетін секілді.

 

Біздің астын-үстін әзілдей беретін ақын құрдасымыз Серік Ақсұңқарұлы: «Оу, Батыраш-Қотыраштың тұқымы, әлі бар екенсіңдер ғой. Жігіттер, байқандар, жеңіне жасырған кездiгi жоқ па екен!» – деп төтесінен кетті. Қабдыкенге осы сөзді есту оңайға соққан жоқ: «— Ақан серінің Батыраш-Қотырашты жазғырған бір сөзі жоқ қой. «Әй, Бөрібай-ай!» –деп, ат айдаушы, шабандоз баланы кінәлайды. Соған қарағанда, біздің бабаларымыз жазықсыз тәрізді», - деп ақталады өз басының қылаудай кінəсі жоқ ұрпақтың өкілі. Өз бауырынан өрбіген ұл-қыздарының ғана емес, бүкіл ұлт ұрпағының мақтанышына айналған, адал өмір жолы мен, асқақ рухымен елінің еңсесін көтеріп, бірлігін баянды етіп жатқан сөз зергері Ғабиден Мұстафин неткен бақытты адам!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға