Жаңалықтар

Дария Қожамжарова: Тарихты терең білуге деген құлшыныс құрметтен туады

Әлемде 250-ден астам үлкенді-кішілі мемлекеттер бар. Бірақ, сол мемлекеттердің ішінде мемлекет болып қалыптаса алмай қалған, не жерін, не тілін сақтай алмай қалған мыңдаған мемлекеттер бар.
11.09.2015 08:17 7939

Дария Қожамжарова: Тарихты терең білуге деген құлшыныс құрметтен туады

Әрбір елдің тарихында елдігін, халқының этноним болып қалыптасқан кезеңін бейнелейтін уақыттар болады. Біздің қазақ халқы басынан көптеген нәубеттер өткізіп, талай қасіретті кезең-кезеңімен өткерген халық.

Әлемде 250-ден астам үлкенді-кішілі мемлекеттер бар. Бірақ, сол мемлекеттердің ішінде мемлекет болып қалыптаса алмай қалған, не жерін, не тілін сақтай алмай қалған мыңдаған мемлекеттер бар. Мысалы, он тілдік қатынас бар десек, соның ішіне ене алмай қалған алайда халқы бар елдер өмір сүретінін білеміз.  

Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесінің тарихи мәні мен ерекшелігі –  біздің халқымыздың мемлекет болып қалыптасқандығының негізгі алғы шарты болып табылады.

Ал енді тарихқа үңілер болсақ, Моғолстаннан бөлінген Есенбұға да саясатшыл тұлға болды. Сол Қозыбасы шоқтығына келіп, Керей хан менен Жәнібек негізін салған кешегі Қазақ хандығы, бүгінгі Қазақстан деп отырған ұлы дала, еркін өскен халықтың алғашқы бастау алған жері. Қазақ хандығының мемлекеттілігі сол кезеңнен бастау алды.

Мемлекет деген кең ұғым. Мемлекет болу үшін ең әуелі тарихы, ұлты, тілі, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары, психологиясы секілді өзіне тән ерекшеліктері болу керек.  Міне, қазақ халқынына тән негізгі элементтердің қалыптасуы сол кезеңнен басталды.   

Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін тойлау – әрбір қазақтың бойына патриоттық ыстық сезімді ұялатады. Егер біз осыдан 5 жыл бұрын тарихтың шындығына көз жеткізе алмай, тарихтың ақтаңдақтары деп шуласақ, қазіргі таңда жұрттың бәрі тарихшы болып кеткендей. Тарихты білуге, терең тануға деген құлшыныс шынайы патриотизм, елге деген құрметтен туады. Мәселен, ұстаздар қауымы студенттерге он жерден дәріс оқып, он жерден түсіндіргеннің өзінде үйренсем, білсем, меңгерсем деген ниет болмаса жеткілікті деңгейде саналарына қонбайды ғой. Бүгінгі күні тарихи маңызы зор осынау мерекенің жоғары дәрежеде тойлануы – әлемдегі алып мемлекеттердің арасында  біздің орынымызды білдіреді. Бүгінгі мерекенің тарихи мәні де осында.

Өткенді білмей, жаңаны болжау жоқ. Бүгінгі таңда тарих мәселесін қаузайтын өте көптеген пікірлер, мақалалар жазылып жатыр. Күні кеше ғана «Бабалар жолы» деген жаңа фильмді тамашалап, өз бағамызды бердік. Бүгінгі Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркіретіп тойлау, оны халық арасында насихаттап, дәріптеу – ол біздің өткенімізді тағы да бір шыңдап, бекіту деген сөз. Мұхамед Хайдар Дулатидің деректеріне, сүйенсек Қазақ хандығы тұсындағы жер-су аттары анық берілген. Біздің өткенімізді білгеніміз – болашағымыздың зор екенін айқындай түспек. Біз әлі де дамып, кемелдену үстіндеміз. ХХІ ғасыр – жаңа Қазақстанның дәуірі. Тұрпаты мен сипаты өзгерген жаңа қазақстандықтардың уақыты деп айтуға болады. Олай болса, мейрам бәрімізге құтты болсын! Осы мерекеден алатын тарихи тағылымымыз әрбір жас ұрпақтың көңіліне отаншылдық сезімін ұялатсын.  Бүгінгі мереке «Менің Қазақстаным»  дейтін ұрпақ тәрбиелеу үшін аса керек деп ойлаймын. 


Дария Пернешқызы ҚОЖАМЖАРОВА,

Тараз мемлекеттік институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға