Жаңалықтар

Дәрігерлер миында ісік бар бір жарым жастағы балаға күрделі ота жасады

Дәрігерлер миында ісік бар бір жарым жастағы балаға күрделі ота жасады
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 22.10.2023 02:20 938

ӘМСҚ елорда филиалының медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі - Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері бір жарым жастағы баланың миындағы ісікті алуда күрделі ота жасады, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Ота квоталық негізде, МӘМС жүйесінде жасалды.

Баланың анасының айтуынша, бала бір жасқа дейін өзі қатарластарынан қалыс қалмай, толыққанды өсіп дамыған. Бірақ арада көп уақыт өтпей аурудың алғашқы белгілері байқала бастайды. Анасы ұлының себепсіз жылап, мазасызданатынын, көз ұяшығы қозғалысының бұзылуын, мезгіл-мезгіл құсатынын, сол қолы мен аяғының әлсіздігін байқайды.

Баланың анасы №2 қалалық балалар ауруханасына өз бетінше қаралуға барады, онда баланы нейрохирургтар қарап, МРТ зерттеу жүргізген. МРТ нәтижелері бойынша балада оң жарты шардың самай-маңдай-төбе бөліктерінде және оң жақ қарыншаның проекциясында орналасқан 7 см үлкен ми ісігі табылды.

Жедел емдеу үшін бала Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберілді. Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбайдың айтуынша, ісіктің мөлшері өте үлкен болғандықтан (6,5*6,8*7,1 см.), бала миының жартысына жуығын алып жатқандықтан, мидың функционалды маңызды аймақтарында орналасқандықтан, ота өте күрделі болған. Сонымен қатар, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін операциялық қан жоғалту қаупі жоғары еді.

Біз мидың жартышарындағы самай-маңдай-төбе бөліктерінде көлемді түзілген ісікті микрохирургиялық жолмен алып тастадық. Операция кезінде барлық заманауи әдістер қолданылды. Сонымен қатар, қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен біздің Орталықтың операциялық блогының жоғары деңгейде жабдықталуы да операцияның сәтті өтуіне ықпал етті. Қазіргі уақытта бала операциядан кейінгі емнен өтіп, анасымен бірге палатаға шығарылды, - деп пікір бөлісті Ғабит Өлеңбай.

Анестезиолог-дәрігерлердің жоғары кәсібилігін атап өту керек. Мұндай кішкентай жаста ота әрдайым анестезия берудегі үлкен қиындықтармен бірге жүреді. Қан, тыныс алуды мұқият бақылау, анестезияны өте мұқият есептеу, баланың өмірі үшін үлкен жауапкершілік — мұның бәрі нейрохирургтардың, анестезиологтардың, трансфузиологтардың, орта және кіші медициналық қызметкерлердің мойнында болды.

Операцияны профессор, ҰҒА академигі Серік Ақшолақов, жоғары білікті санатты нейрохирург-дәрігер, балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰНО» АҚ профессоры Ғабит Өлеңбай, сондай-ақ нейрохирург дәрігер Сапарбек Сейітбеков жасады. Сондай-ақ, ота барысында анестезиолог-реаниматолог дәрігер Жұмадулла Шадиев, мейіргер анестезиолог Жанар Арынова, трансфузиолог дәрігер Ербол Қуанышев және ота мейіргері Арайлым Чамкаровалар болды.

Ота квоталық негізде, МӘМС жүйесінде жасалды. Баласының денсаулық жағдайы жақсарғанына қуанған бақытты ана баласымен бірге үйге шығу үшін дайындалуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға