Жаңалықтар

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Реабилитолог дәрігер церебральды сал ауруы бар балаларды емдейді
«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»
28.02.2022 20:20 5723

Күнделікті өмірде қызметі арқылы ондаған азаматқа көмек қолын созған қарапайым қазақстандықтар жайында не білеміз? Бүгінгі материалымызда солар жайында баяндайтын боламыз. Солардың бірі әрі бірегейі – балалар дәрігер және реабилитологы Латиф Парпиев. Соңғы төрт жылдан бері ол балаларды оңалтумен айналысып келеді. Дәрігердің жұмыс орнына барып, әңгімелесіп қайтқан едік.

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

- Сырқаты бар балаларды оңалту кезеңінде алуан түрі ем жасалады. Бізге келетін әр балаға жеке бағдарлама құрылады. Олардың қатарында кинезотерапия, массаж, түзету ему, жаттығу терапиясы және т.б.бар. Баланың диагнозына қарай арнайы емдеу курстары таңдалады. Себебі, церебральды сал ауруы бар балалармен ұзақ жұмыс істеу қажет, - дейді балалар дәрігері және реабилитологы Латиф Парпиев.

Ол көбінесе екі жасқа дейінгі сәбилерді ғана қабылдайды

Осы істі бастамас бұрын ол балалар мүгедектігі мен шала туған нәрестелер арасындағы мүгедектікті зерттеген. Әсіресе мүгедектігі бар балаларда кездесетін асқынулардың басты сипаты – бұлшықет тобының зақымдалуы. Екі жастан асқан балаларды емдеу қиындай түседі екен. 

Бұған да себеп бар. Айтуынша оңалту кезеңі бірнеше түрге бөлінеді. Олар ерте, орта және кеш оңалту кезеңдері. Әсіресе жаңа туған шақалақтан бастап 2 жасқа дейінгі сәбилерді емдеген әлдеқайда жеңілдеу екен. Өйткені бұл уақытта көптеген жақсы нәтижелерге қолжеткізуге болады. Ал жасы екіден асқандар арнайы белсенді оңалту жүргізуді қажет етеді. Сондай-ақ сол уақытта физикалық жүктеме де көбірек болу керек.

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Ол күніне шамамен 10-нан аса баланы оңалту кезеңінен өткізеді және бес-алты балаға консультативтік кеңес береді.

Латиф Парпиевтің негізгі мақсаты – церебральды сал ауруы бар балалардың диагнозын нақты анықтап, сол бойынша емдеудің дұрыс түрін белгілеу. Оңалту кезеңінен өткізіп, өзгелер сынды өмір сүруге мүмкіндік беру. Бастысы - баланы аяққа тұрғызу. Ал жағдайы тым нашар сәбидің дертін мүмкіндігінше жеңілдету екенін жеткізді. 

Церебральды сал ауруының пайда болуының негізгі себептері бұл инсульт, инфаркт және т.б. Сондай-ақ аймақтың экологиялық жағдайы, анасының созылмалы ауруы, ата-анасының тұқым қуалайтын ауруы, дәрумендердің жетіспеушілігі, анасының дұрыс тамақтанбауы және.т.б факторлар әсер етеді.

Сонымен қоса, жұмыстан тыс уақытта ол церебральды сал ауруы бар балаларды оңалту бойынша пайдалы түрлі сабақтарды түсірумен айналысады.

Ол видеоларды соңғы төрт жылдан бері инстаграмм желісіне ұдайы салып келеді. Ал ютуб парақшасына жүктей бастағанына бір жылдан асты. Оңалтудың қиын түрлері бойынша шағын әрі пайдалы посттарды жиі жазып тұратынын жеткізді. Оларды оқыған ата-аналар көбінесе көзіне еріксіз жас алып жатады. Бұл посттарды жазудағы оның  мақсаты – церебральды сал ауруы нақтыланған баланың ата-анасына алғашқы кеңестер беру. 

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Дәрігердің айтуынша баланың церебральды сал ауруы барын естігенде кей отбасылардың шаңырағы шайқалып, соңы ажырасумен тынады екен.

Сондай-ақ ол ата-аналарға арналған пайдалы кеңестерімен де бөлісті.

Алдымен, баланың күтімімен ата-ананың екеуі де айналысқаны жөн. Бұл – өте маңызды. Мәселен, анасы баласын оңалту шарасында қандай тәсілдерді қолданғанын күйеуіне айтып отырғаны жөн. Егер қандай да бір тәсілден нәтиже болмаса басқа жолын бірге қарастырса, нұр үстіне нұр болады.  Сондықтан әйелі мен күйеуі бір-бірімен ақылдасып отырса, бір-бірінің қолдауын сезінсе, мұның балаға тигізер пайдасы мол. Ондай қадам баланың тез жазылып кетуге септігін тигізеді екен. 

Латиф Парпиев ата-аналарға бір орында тұрмауға кеңес береді. Баланы оңалту кезеңінде қандай да бір тәсіл оң нәтижесін бермесе онда басқа жолын қарастыру қажет. Ата-ананың ұдайы ізденісте болуы маңызды.

Дәрігердің айтуынша, тағы бір маңызды нәрсе – баланы дұрыс емдеу. Мәселен, маған ап-арық бір жарым жастағы баланы емдеуге алып келеді. Кей ата-аналар баласын тура бір ай бойы оңалтудан өткізеді. Керісінше шамамен15-20 күндік оңалтудан соң үзіліс болуы қажет. Ұзақ уақыт баланы оңалтудан өткізген соң өз бетімен үйренуге қажет энергиясы таусылып қалады. Нәтижесінде емдеу шарасы зая кетеді. Ал кей мамандар пайда үшін оңалту шарасын үзіліссіз өткізеді. Ал ата-аналар болса, дәрігердің айтқанына еш күмән келтірмейді. Бар қалауы – баласын аяқтан тұрғызу. Ал үзіліс уақытында ата-ана баласымен үйде айналысқаны жөн. Шамамен 15-20 минуттан үш-төрт мәрте жаттығулар жасауды әдетке айналдыру қажет. Ал кез келген білікті дәрігер үйге тапсырмалар беруді ұмытпайды. 

Латиф Парпиев соңғы төрт жылдан бері жұмыс барысында қолданатын әдісінің оң нәтиже беріп жатқанын айтады.

Церебральды сал ауруы бар балалардың өмірге бейімделуі ең әуелі ата-анасына байланысты болып келеді. Мәселен, баланың жасы үш-алты айдан асқан кезде диагнозы анықталса, онда ол оңалту шарасында әрдайым жылай береді емес пе? Сол кезде ата-ана баланы қолға алып уатады. Ал дәрігердің айтуынша бұл дұрыс емес. 

Егер баланың диагнозы тым күрделі болса онда арнайы мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс дейді Латиф Парпиев.

Соңғы төрт жылдан бері Латиф Парпиев өзінің командасымен шамамен 10 мың баланы дертінен айықтырған. Оның командасы 20 білікті дәрігерден құралған. Олар республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатыр.

Жауапкершілігі мол қызметі арқылы мыңдаған баланы емдеген Латиф Парпиев көптеген ата-ананың алғысына бөленіп келеді.

- Жұрттың алғысы адамға жаңа энергия, жаңа мотивация береді. Ең әуелі бұл ата-анам үшін үлкен мақтаныш. Екіншіден, жұмысымды одан сайын жақсы орындауға стимул сыйлайды. Алғысқа бөленудің нәтижесінде команда жасақталды. Олармен әрдайым тығыз байланыстамыз. Бір-бірімізбен күрделі диагноздарды ақылдасып, шешімін табуға тырысамыз. Осындай жұмыстар адамды кәсіби тұрғысынан алға ілгерілеуге күш береді, - дейді ол.

Сондай-ақ дәрігер 2013 жылдан бері волонтерлік жұмыспен де айналысады. Ол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне алғашқы көмек көрсету, студент кезде табыс табу жолдары сынды өмірлік қажетті сабақтар бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп тұрады.

Ол әлеуметтік осал топтар санатындағы азаматтарға қажетті заттарды апарумен шұғылданады. Оған қоса, жаңа жыл, балалар күні сынды мейрамдар қарсаңында түрлі мультфильм персонаждарының киім-кешектерін киіп, мерекелік шараларды ұйымдастырады. 

Балалар дәрігері ата-аналарға өз баласының жазылып шығатынына сену керектігін айтады. Сондай-ақ бір орында тұрмай керісінше үнемі ізденісте болу қажет екендігін жеткізді.

Жұмыстан бөлек ол аптасына үш мәрте спортпен шұғылданады. Апта сайын достарымен, әріптестерімен моншаға барып тұрады. Және кітап оқығанды жақсы көреді. Сондай-ақ оған  Виктор Цойдың орындауындағы әндер ұнайды. Сол кісінің ән жинақтарын жиі тыңдап тұрады.  Сондай-ақ үйде бөлме өсімдіктерін өсіреді. 

 

«Уақытылы жасалған реабилитация жақсы нәтижесін көрсетеді»

Латиф Парпиев емдеген балалардың бірі – Сырғалым.

- Қызымыз Сырғалым мерзімінен ерте 25 аптада 675 грамм болып туылды. Шала туған балаларды жасанды тыныс алу аппаратына қосып, кувезде жетілдіреді. Үйге шыққан соң көптеген дәрігерлермен бірлесе жұмыс жасадық. Бала жүрген соң оған сол аяғына парез деген диагноз қойылды, - дейді анасы Әсел Оразғалиқызы.

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Анасы сол уақытта Латиф Парпиевтің диагнозы тым күрделі балаларды аяққа тұрғызатыны жайында естігенін айтады.

- Дәрігердің «инстаграмм» желісінде парақшасын тауып, хабарлама жаздық. Латиф Дауранұлы біздің диагнозбен танысып, көңіл аударатын жағдай екенін айтып, бірден консультацияға келісті. Содан шамамен алты-жеті курсқа созылған массаж алдық. Нәтижесінде сол аяғымызды сүйремей, жақсы жүріп және жүгіріп кеттік. Дәрігерге өте риза болдық. Латиф Дауранұлына мықты денсаулық тілейміз. Ол кісі кішкентай науқастарына өз махаббаты мен қамқорлығын сыйлайтын жүрегі таза әрі білікті дәрігер, - дейді Әсел Нұрпейісова.

Бастысы Сырғалымның анасы үмітінің ақталғанын қуанышпен жеткізді.

- Шала туылған нәрестеге көп көңіл бөлу қажет. Оның дұрыс жетілуі үшін массаж алудың пайдасы мол. Сондай-ақ баланың тамақ рационына да көп назар аударған жөн. Әрдайым құнарлы тағамдар беріп отыру керек, - дейді Әсел Оразғалиқызы.

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Сәбиін емдету үшін Әсел Нұрпейісова мемлекеттік емханалардан бастап ақылы жеке орталықтарға дейін апарған. Ол бастысы алдынан жақсы жандар кезіккеніне риза екенін жеткізді,.

Қазір Сырғалымның жасы – алтыда. Ол логопедиялық бала-бақшаға барып жүр. Сондай-ақ бассейнге де барып тұруды әдетке айналдырған.

- Балаға диагноз қойылған кезде әр ата-анаға айтарымыз: еш мойымай, керісінше жауапкершілікті қолға алып, баламен коррекциялық жұмыс жасау керек. Уақытылы жасалған реабилитация жақсы нәтижесін көрсетеді. Ең бастысы уақыт жіберіп алмау керек. Ал біз, қолдауды дәрігерлерден және ата-аналарымыздан алдық. Қолдау мен жауапкершіліктің арқасында үлкен сеніммен қадам басып, әр кезеңнен өттік, - деп еске түсірді Сырғалымның анасы.

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Сондай-ақ сөз соңында Әсел Оразғалиқызы Сырғалымның дәрігері Латиф Парпиевке алғысын айтуды да ұмытпады.

- Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз. Бастысы жүрегіңіздегі мейірім оты ешқашан сөнбесін. Себебі сіз алдыңызға келген бүлдіршіндерге көмектесіп, толыққанды өмір сүруіне үміт бересіз, - деді Әсел Оразғалиқызы.

 

«Ол өз бетімен отыра алмады»

- Ұлым Алижан 34-ші аптада дүниеге келді. Босану кезінде балаға ауа жетіспей жатты. Сондықтан дәрігерлер ота жасау керектігін айтты. Босанған соң ұлымда тыныс алуы қиындай түсті, жүрегінде ақау болды. Сондай-ақ шамамен бір айдай арнайы аппараттың көмегімен тамақтануға тура келді, - дейді анасы Ельдана Исентаева.

Ельдана Исентаева Латиф Парпиев жайында өзге аналардан естігенін айтады.

- Дәрігер Латиф Дауранұлы жайында естіген бойда бірден хабарластық. Өзге мамандар ұлымызға массаж жасауға келіспеген еді. Ал біздің дәрігеріміз болса, диагнозымыздың қиындығына қарамастан массаж жасауға келісе кетті. Сол уақытта ұлым алты айлық еді. Ол өз бетімен отыра алмады және басын ұстай алмады, - деді Алижанның анасы.

«Дәрігерімізге айтар алғысымыз шексіз»

Содан олар массаждың үш курсынан өтеді.

- Массаж курсынан өткен соң нәтиже бірден байқалды. Ұлым өз бетімен басын ұстап, отырып-тұра алатын, еңбектей алатын деңгейге көтерілді. Жүрекке ота жасағаннан кейін біз тағы бір курстан өттік. Содан кейін аяғымызға тұра алатын болдық. Ал екі жасқа толғанда алғашқы қадамдарды жасай алдық. Қазір ұлымның жасы – үште, - дейді Алижанның анасы.

Оңалту кезеңінен Ельдана Исентаева тек жақсы үміт күткенін айтады.

- Оң нәтижелерді көргеннен кейін қуанышымызда шек болмады. Тым күрделі диагнозға қарамастан ұлымды емдегеніне алғысым шексіз. Ол біздің алғашқы дәрігер-реабилитологымыз. Ұлымды емдеуге келісіп, үміт сыйлады және сол үмітіміз ақталды. Сол кісіге дер уақытында хабарласқаныма қуанамын. Латиф Дауранұлын ешуақытта ұмытпаймыз. Шексіз алғыс білдіремін. Дәрігеріміз жайында Алижанға болашақта міндетті айтатын боламыз. Білікті балалар дәрігері әрі реабилитолог Латиф Парпиевке ең әуелі мықты денсаулық, барлық жақсылықты және әрдайым еткен еңбегінің жемісін көруін тілеймін, - дейді анасы.

Алижанның анасы церебралды сал ауруы бар балаларға қоғамның түсіністік танытқанын қалайды.

- Бізге, яғни «ерекше балалардың» ата-анасына қарапайым балалар жасай алатын дүниелерді орындай алмай жатқанын көру өте ауыр. Кей уақытта оның болашағы үшін қорқыныш, үрей бойды билейді. Өзге балалар секілді емін-еркін доп қуалайтын, ойын ойнайтын уақытта ол керісінше аурухана, медициналық орталықтардың есігін тоздырып, оңалту шараларынан өтіп жүр. Ұлым екеуімізді алда қандай болашақ күтіп тұрғанын білмеймін. Бірақ біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, - дейді Ельдана Исентаева.

Бастысы ол баласына, дәрігерлерге деген сенімді жоғалтпау қажет екендігін айтады.

- Ең әуелі отбасым үлкен қолдау көрсетіп отырды. Сондай-ақ баламды емдеген дәрігерлерге алғыс айтамын. Әсіресе балалар дәрігері әрі реабилитологы Латиф Дауранұлы да қолдау көрсетіп тұрды. Бұлардың барлығы ата-анаға үлкен көмек деуге болады. Өйткені олар баласын ойлаған ата-анаға алға жылжуға күш сыйлайды, - деді Ельдана Исентаева.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға