Дәрігер бас пен мойын қатерлі ісігінен қорғанудың үш жолын атады

Бас пен мойын аймағындағы қатерлі ісіктердің дамуының алдын алуға темекі мен алкогольден бас тарту, сондай-ақ адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы екпе салдыру көмектеседі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы SciTechDaily басылымына Майо клиникасының кешенді онкология орталығының онкологы доктор Кэтрин Прайс мәлімдеді.
Маманның айтуынша, бас пен мойын қатерлі ісігі (әсіресе жұтқыншақ ісігі) қазіргі таңда ең жылдам өсіп келе жатқан және ең агрессивті онкологиялық аурулардың бірі саналады. Бұл қатерлі ісіктер ауыз қуысы, тіл, қызыл иек, ерін, дауыс желбезектері, тамақ және мұрын қуыстарында пайда болады. Айта кету керек, ми ісігі бұл санатқа жатпайды.
Дәрігер Прайстың түсіндіруінше, бас пен мойын ісіктері екі негізгі топқа бөлінеді: адам папилломасы вирусымен (АПВ) байланысты және байланысты емес түрлері. Темекі шегу мен алкоголь ішу АПВ-мен байланысы жоқ ісіктердің даму қаупін арттырады.
Темекі түтіні құрамындағы канцерогендер ДНҚ-да мутация тудырады, ал алкоголь ағзада ацетальдегидке айналып, жасушалық құрылымдарды зақымдайды. Бұл екі фактор да ағзадағы қабынуды күшейтіп, иммунитетті әлсіретеді, нәтижесінде қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етеді.
Доктор Прайс қатерлі ісіктің алдын алу үшін зиянды әдеттерден бас тартып қана қоймай, адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациядан өтуге кеңес береді. Себебі кейбір АПВ штамдары, әсіресе АПВ-16, өз ДНҚ-сын жасушаға енгізіп, жасуша өсуі мен бөлінуін реттейтін гендердің жұмысын бұзады. Соның салдарынан жасушалар бақылаусыз көбейіп, ісік дамиды.
Сонымен қатар маман АПВ тері мен шырышты қабықтардың кез келген жанасуы арқылы жұғатынын еске салды. Көп жағдайда бұл вирус жыныстық жолмен беріледі.
