Жаңалықтар

Дархан Қыдырәлі Халықаралық волонтерлер форумы аясында бірқатар кездесу өткізді

Дархан Қыдырәлі Халықаралық волонтерлер форумы аясында бірқатар кездесу өткізді
Фото: ҚР АҚДМ 22.06.2023 22:28 1249

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Астанада өтіп жатқан Халықаралық волонтерлер форумы аясында бірқатар кездесу өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кездесулер барысында министр, ең алдымен, қонақтарға Халықаралық волонтерлар форумына белсенді қатысқандары үшін алғысын білдірді.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Толеранттылық және қатар өмір сүру министрлігі Офисінің бас директоры Афра Мохаммед Әл Саабринамен кездесуде тараптар екі елдегі толеранттылық, адами құндылықтарды насиқаттаудағы жұмыстарды атап өтіп, саладағы тығыз қарым-қатынасты жоғары бағалады.

Сонымен бірге Дархан Қыдырәлі Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен кездесті. Министр түркі тілдес елдердің волонтерлік саласындағы байланысын атап өтіп, Кубанычбек Омуралиевке кездесуге келгені үшін алғысын білдірді.
Бас хатшы бұған дейін Астанада өткен Орталық Азия медиа форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, халықаралық волонтерлер форумының жұмысына да жақсы баға берді.

Тараптар Халықаралық волонтерлар форумында айтылған ойларды одан әрі тарату және ынтымақтастықты дамытудың алдағы жоспарларын талқылады. Сондай-ақ министр волонтерлік көмек жөнінде бірлескен медиа контент жасау, волонтерлікті үйлестіру үшін ортақ ақпарат алмасу жайына тоқталды.

Сонымен қатар министр Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының бас хатшысы Мехмет Сурейя Эрмен де кездесті. Кездесуде министр бауырлас елдер арасындағы волонтерлік қызмет бойынша байланыстың маңызды рөлін атап өтті. Мехмет Сурейя Эр мырза Түркі мемлекеттері ұйымы Бас Ассамблеясы жоспарлап отырған жастар платформасы құру мен Халықаралық жастар фестивалі туралы сөз қозғады.

Барлық кездесуде де қонақтар форумның ұйымдастырылуына ризашылықтарын білдіре отырып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға