Жаңалықтар

Дархан Қыдырәлі: Баһадүр бабамызға қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынады

Дархан Қыдырәлі: Баһадүр бабамызға қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынады
Фото: Фото: Дархан Қыдырәлінің жеке парақшасынан. 04.06.2023 21:00 488

Баһадүр бабамыз – Сұлтан Байбарыстың тұлғасы мен тарихына қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынатын болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлім етті.

Бүгін Мысыр астанасы Каирде Сұлтан Байбарыс бабамыздың мешіті қайта ашылғаны белгілі. Мерейлі іс-шара аясында Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. Мәртебелі меймандар мен қоғам қайраткерлері, дипломаттар мен ғалымдар қатысқан тарихи рәсімде Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған жылы лебізін оқып берді. Тұғырлы тұлға туралы тағылымды жиында баһадүр Байбарыс сұлтан туралы кітаптың тұсауы кесілді, - деді министр желідегі жазбасында.

Дархан Қыдырәлі: Баһадүр бабамызға қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынады

Белгілі ғалым Мехмет Түтінжі (Sari Saltuk Baba) құрастырған ағылшын тіліндегі іргелі кітап “Sultan Baybars, King of Arabs, non-Arabs and Turks. From the great steppe to the great sea” (Арабтар, ғажамдар және түріктердің патшасы – Сұлтан Бейбарыс. Ұлы даладан ұлы теңізге дейін) деп аталады.

Баһадүр Байбарыс бабамыз – ислам әлемінің қорғанына айналған араб-ғажам және түрік сұлтаны, қос құбылаға бірдей қызмет қылған асыл діннің алдаспаны. Кейбір мұсылман тарихшылар оны пайғамбар әскерінің жеңімпаз қолбасшысы Халид ибн әл-Уалид және әйгілі сұлтан Салах-ад-дин Аюбимен салыстырады. Мұсылман тарихшылар арасында Байбарыс жеңіске жеткен Айн-Жалут соғысын пайғамбар заманындағы атақты Бәдр шайқасына теңеушілер де бар. Мұсылман әлемінің қасиетті жерлерінің бәрін де санасында тұтып, қастерлерген сұлтан құлау қаупі төнген Мәдинадағы пайғамбар мешітін жаңғыртып салып, Иерусалимдегі жартас күмбезін қалпына келтірді. Сондай-ақ Аджлун, Рамала мешіттерін және Хомстың ұлы мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Байбарыс ислам әлемінің тарихи тұлғаларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Иерихон маңындағы Мұса пайғамбар қабірі, Ябнадағы Әбу Хурайра, Керак маңындағы Жапар ибн Абу Талиб қабірлерін қалпына келтіріп, Барғас, Антиохия және Қара шіркеулерінің орынына мешіттер салды, - деді ведомство басшысы.

Дархан Қыдырәлі: Баһадүр бабамызға қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынады

Айтуынша, ұлы билеушінінің мұсылман әлеміне жасаған тарихи қызметін ұлықтап жатқан іс-шараның мәні мен маңызы зор.

Жарық көріп жатқан жаңа кітапта сол кездегі тарихи жазбалар мен ескерткіштердегі тасқа басылған құнды дүниелер, құнарлы деректер жинақталған. Бұл зерттеу «Байбарыстануға» қосылған үлкен ғылыми еңбек боларына бек сенімдіміз. Бұйырса, Байбарыс және мәмлүк тарихы мен мәдениетіне қатысты, баһадүр бабамыздың тұлғасы мен тарихына қатысты іргелі зерттеу жұмыстары қолға алынады. Жалпы, сапар нәтижелі болды деуге негіз бар. Бабамыздың құрметіне жасалған істің рухани тұрғыдан берері мол болады деп есептейміз, - деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға