Жаңалықтар

Дәретханадан табылған 3 жастағы Асылымның өлімі: күдікті анықталды

Дәретханадан табылған 3 жастағы Асылымның өлімі: күдікті анықталды
Фото: видеодан алынған кадр 19.08.2024 12:54 5162

Түркістан облысында көрші ауладағы дәретханадан табылған үш жасар қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиғаның туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жазды. Оның сөзінше, үш ай бұрын көршінің дәретханасына түсіп қайтыс болды деген үш жасар қыз кісі қолынан қаза тапқан болуы мүмкін.

Сарыағашта сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша бүлдіршіннің тек беті сырылған, артынан соққы алған. Онда бұл соққы «дәретхана тесігіне ұрылғаннан болды, туалетке өзі түсіп кеткен» деп көрсетті. Арада ай өтіп, қырқына дайындалып жатқанда көрші үйдің тағы бір қызы дәретханаға құлай жаздап, құтқарып қалыпты. Кішкентай қыздарды қинап, өлтіріп, дәретханаға лақтырып жүрген ересек адам бар деген сөз Сіргеліде желдей есті. Бір ажалдан аман қалған бес жасар қыз өзін кім қорқытқанын, қайда шақырғанын, ұрғанын бәрін айтып берген. Қыздың көйлегінің ұшын көріп қалған 7 сынып оқушысы мұнда не болып жатыр деп құтқарған. Содан іс қайта ашылып, тергеу басталды, - деп жазды ол.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдері үш жасар қыздың қайтыс болу фактісі бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлім етті. Кәмелетке толмаған күдікті психологиялық жағдайына байланысты медицина мекемесіне орналастырылған.

Тергеу іс-шаралары барысында бұл оқиғаға кәмелетке толмаған күдіктінің қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Анықталған жағдайларға байланысты және күдіктінің психологиялық жағдайын ескере отырып, ол мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген хабарламада.

Еске салайық, 16 мамырда Сарыағаш ауданы Сіргелі ауылында жоғалып кеткен үш жастағы Асылымның денесі көрші үйдің дәретханасынан табылған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға