Жаңалықтар

Данияр Сәлімбаев: Қайырымдылық жасау жоспарлы түрде жүргізілген абзал

Данияр Сәлімбаев: Қайырымдылық жасау жоспарлы түрде жүргізілген абзал
29.10.2018 03:40 3295

Қазір кәсіпкерлердің көпшілігінің ауылға мерейі түсіп, елдімекендегі ағайынға қолұшын беруге талпыну үстінде.

Кәсіпкерлердің басым бөлігі халықтың ауыртпалығын көтеруді үйренген. Қандай да бір кәсіпкерден көмек сұрасаң, ол әрқашан қолдауға дайын. «Қазақстан-менеджмент» орталығының сарапшы маманы Ажар Күмісханованың ой-пайымы да осыған саяды.

Сарапшы маманның айтуынша, елдегі кәсіпкерлердің әлеуметке бетін бұра бастауына бірден-бір ықпал еткен – «Туған жер» жобасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көтерілген жоба нәтижесінде қазір көптеген ауылды-аймақтарды кәсіп иелері әлеуметке қажетті дүниелермен қамтып берген. Маман «Туған жер» бағдарламасының кәсіпкерлерге қайырымдылық концепциясын үйреткенін алға тартты.

«Біздің елімізде бұған дейін «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру» бағдарламасы болды. Осы арқылы біз кәсіпкерлерге әлеуметтік жауапкершілік жүктеп, олар ірі-ірі сауда орындарын, ірі балабақшаларды, мектептерді, ойын алаңдарын өз күштерімен тұрғызып келді. Елдегі көптеген жобаларды кәсіпкерлердің қолдауымен қаржыландырып жүрдік. Ал, қазір «Туған жер» жобасы жалғасын тауып отыр. Бұл жоба кәсіпкерлерге қайырымдылық концепциясын толық үйрете алады деп сенемін. Себебі, бүгінде көптеген кәсіпкерлер өздерінің туған жерлеріне ат басын бұрып, ауылға көмек қолын созуда. Ауылдан қайырымдылықтың иісі шығады. Мысалы, бір кәсіпкер ауылына мешіт салдырып берсе, енді бірі — субұрқақ, мәдениет орындарын, жастар демалатын саяжайлар, футбол алаңдарын, спорт кешендерін салып беріп жатыр.

Мұның барлығы ауыл халқының еңсесін көтеріп, ауылды көркейтуге үлесін қосады. Сондықтан, бұл арада мұндай қайырымдылықтар, меценаттықтар әрі қарай дами түсуі тиіс деп ойлаймын, – деді А. Күмісханова.  

Ал, Цито-генетика институты директорының орынбасары Бақытжан Бекмановтың сөзіне құлақ түрсек, меценаттық қазақтың қанында бар дүние. Ғылыми зерттеулер де мұны айқындай түскен. «Жалпы, адам генінде альтруизм деген болады. Альтруизм – қайырымдылыққа, мейірімділікке бағыттайтын ген. Міне, біздердің көп жылғы зерттеулеріміз қазақ баласының бойында осы геннің жақсы дамығанын көрсетті. Сондықтан да, қазақтың тумысынан қайырымдылыққа үйір екенін осыдан байқауға болады. Қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет болғандықтан, әрине, қазақтың қолы ашық, қас-қабағы жайлы, қонақтарын сыйлауды, мейірімділік жасауды жөн көреді. Белгілі бір бағыт-бағдар берілсе, қазақ баласы оны орындауға құштар. Сондықтан, Елбасының «Туған жер» жобасы кәсіпкерлеріміздің осы сезімін тереңдете түсуге ықпал етуде» — дейді Б. Бекманов.

Негізінен, мецанаттыққа қатысты деректерге жүгінсек, Еуропада да қазір бұл бағыт жақсы дамып келеді. Көптеген Еуропа елдерінің кәсіпкерлері қайырымдылықтың арқасында бедел жинап, халыққа біртабан жақын бола түсу арқылы айрықша құрметке ие болған. Мысалы, Уругвайдың президенті Хосе Мухиканы қазір әлем елдері «ең қайырымды меценаттар» қатарына жатқызады. Хосе Мухиканың жасы 77-де. Ол бұл күнде тапқан табысының барлығын жетімдер үйіне аударып отырады. 15 мың 500 доллар айлық алатын Хосе Мухика осы айлығының 10 пайызын ғана өзіне қалдырып, қалғанын балалар үйіндегі жетімдерді оқытуға, олардың жоқ-жітігін түгендеуге, киім-кешегін әперуге жұмсайды екен.

Ал, қаржы әлеміндегі алпауыттардың бірі саналатын Эндри Карнегиді білмейтін адам жоқ. Карнеги өмірінің екінші жартысында тапқан табысын таратып беруді жөн санап отырған. Осының нәтижесінде ол өзі қызмет еткен қалаларда балаларға арналған кітапханалар салуды мақсат тұтқан. Қазір әлемнің көптеген елдерінде Карнегидің салған балалар кітапханасы жұмыс істеп тұр.

Сол тәрізді, қазақ баласы академик Төрегелді Шармановтың да мецанаттығы көпке үлгі болып жүр. Т. Шармановқа әлемдегі 41 адам ие болған Леон Бернард наградасы бұйырған. Өзі негізін қалаған «Қазақ тағамтану академиясының» президенті. Академик-ғалым өзінің осы тағамтану үлесіне қосқан еңбегі үшін берілген «Тарлан» мемлекеттік сыйлығын алып тұрып, қолына ұсынған 20 мың доллар қаражаттың 10 мың долларын балалар үйіне аударып жіберген. Келесі бір 10 мың долларын әл-ауқаты төмен отбасылардың балалаларын оқытуға жұмсаған.

«70 жасқа келгенде көптеген лауазымды тұлғалар «Сіз жетпіске келгенде қарап отырамыз ба, тойыңызды жасап берейік» деді. Бірақ, мен оларға «Сіздердің маған деген құрметтеріңізге рахмет. Мені сыйласаңыздар – маған деген сыйлықтарыңызды ақ қанмен ауыратын балалардың қорына аударыңыздар» дедім. Сөйтіп, ол қорға 3 млн-нан астам қаражат түсіпті. Оны бірден Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы зерттеу институтына аудардым», – дейді академик.

Абзалында, мамандардың пайымдауынша, бізге «Туған жер» тәрізді жобалардың насихатын арттыру үшін осындай тұлғалардың өмірін жиі мысал етіп отырған жөн.

Бұған қоса, бұл салаға арнайы маманданған пиар менеджерлердің легі қосылса, тіпті жөн болар еді. Мәселен, Алматыдағы ең танымал кәсіпкер Бауыржан Оспановты алайықшы. «Жер-су» корпорациясын басқарып отырған бұл кісінің де азаматтығы басым. Көптеген адамдар осы кісіге кездесе алмай, жағдайларын айта алмай жүреді. Бауыржан мырзаның туған жеріне көрсеткен мецанаттығынан бөлек, қаншама өнер адамдарын қолдауы, жағдайы төмен отбасына көмек көрсету жағы баршылық.

«Жуырда біздің орталыққа «осы кісіні тауып бер» деп жағдайы төмен адамдар келді. Осындай кезде ол кісіге тікелей хабарласа алмасақ та, пиар-менеджерлері арқылы байланысқа шығып, тауып алуға, сөйлесуге мүмкіндік туса, жақсы болар еді.

Бізде тек әншіде немесе актерлерде ғана пиар-менеджер болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Осы тізімге кәсіп иелерін де енгізу керек деп есепетеймін. Кәсіпкердің істеген жақсы ісін насихаттап, халыққа жарнамалап отырса, оның несі айып?! Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар емес пе?! Сондықтан, елге қызмет етіп жүрген кәсіпкердердің жұмысы халыққа тиісінше жеткізіліп отырғаны жөн.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ақсуат елді мекенінде кәсіпкерлердің қолдауымен шағын балалар үйі, спорт кешендері ашылды. Мешіт салынды. Көптеген істер тындырылып, көшелер жөнделіп, бойына жарықтар орнатылды. Мұның барлығы да «Туған жер» жобасы негізінде жүзеге асырылды.

Осындай істе кәсіпкерлердің насихатын арттырып, жарнамасын көрсететін менеджерлер легі жоқ» екенін айтады «Қазақстан менеджмент» орталығының әлеуметтанушы маманы Елмира Нүкебаева.

Жоғарыдағы мамандар пікірінен түйгеніміздей, болашақта мейірімді істі жоспарлап отырған абзал. Көптеген Еуропа елдерінде мұндай қарымды істер  арнайы жоспармен жасалатын көрінеді.

Кореяның Сеул қаласында білімін жетілдіріп келген қаржыгер маман Данияр Сәлімбаев біздегі қайырымдылықтың да шетелдегідей жоспармен жасалуға бет алып келе жатқанын байқататынын айтты. Еуропа елдерінде мұндай бағдарламалар, жобалар бұл күнде қанатын кеңге жая түскен. Олар осы іспетті бағдарламаларды, қайырымдылық жасауды арнайы жоспар негізінде жүргізеді. Мұндай қасиеттің қазақ кәсіпкерлерінің де бойынан көрініп келе жатқаны қуантады.

Мысалы, осы айда балалар үйіне көмектестік, келесі айда қарттар үйінің жиһаздарын жабдықтауға көмектесеміз деп, алға жоспар құрып отырған кәсіп иелері осы сөзіміздің дәлелі. Сондықтан, болашақта біздегі кәсіп иелері де әрбір мейірімді істі жоспарлап үйренеді дегенге сенім мол. Данияр Сәлімбаевтың алға тартқанындай, жобаны ары қарай дамыту үшін Қазақстанда да Еуропадағыдай «Қамқоршылық кеңесінің» құрылғаны жөн. «Мұндай кеңестер қайырымдылықты жүйелеп, кімге, қайда, не үшін қандай көмек керек екенін анықтап, кәсіпкерлерге жеткізіп отыру үшін керек». Осындай арнайы кеңестің арқасында кәсіпкерлердің қайырымдылығы жоспармен, ешқандай алаяқтыққа жол берілмей, көмекке зәру адамға адаспай жетеді.

Түрлі келеңсіз жайттар орын алмауы үшін болашақта қамқоршылық кеңестерінің құрылғаны абзал. Әрбір аймақтан осы кеңеске мүшелер тағайындалса, оның мүшелері қаржыға ие болып, кәсіпкердің ауылға бөлген қаржысының желге кетпеуіне жауапты болса, жасалып жатқан қандай да бір іс сауатты да, сауапты шешілер еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға