ДАҒДЫЛЫ ЖОЛ МЕН АЙЛАЛЫ ЖОЛ
Дүниеде өзгермейтін ештеме жоқ. Дүниедегі нəрселер неше түрлі болып өзгереді, құбылады, бір күйден екінші күйге түседі, зорайады, кішірейеді, қалпын, пішімін де өзгертеді. Осы күнгі қара жер бір кезде газ тəрізді болған; жүре келе суынған, бірсыпыра заттары сұйық күйге түскен; онан кейін жердің сұйық заттары қойыулана келе қатайа бастаған; сонан соң көп замандар өткен соң ғана барып, қой батпақ болып жатқан тас темірлер осы күнгі қатты күйіне түскен. Дүниедегі бар нəрселердің бəрі де солай құбылады да тұрады, дүниеде тастай қатып, бір қалыпты болып қалған жалғыз да нəрсе жоқ. Түрлі жан-жануарлар да, адам да соның ішінде солай неше түрлі болып құбылып келді де, құбыла беруге тиіс те.
Бірақ құбылыстың өзі де түрлі болады. Дүниедегі нəрсе табиғаттың заңына бағынып, тиісті жөнімен де құбылады, оның үстіне ақыл-айламен табиғатты қолдан өзгертуге де болады. Данышпан Шарліз Даруиін жан-жануарлардың тұрмысын көрсетіп, табиғаттың жалғаулы заңы мен тұрмыс тартысы заңын тапқан. Жан-жануарлардың ол заңға бағынбайтыны жоқ. Қойан сол заңға бағынып, қысты күні қардай ақ болады да, жазды күні көк шөпке ұсап, көк болады. Қойанның олай түсі өзгермей қалғаны болса, ол табиғаттың талғауына жарамай, тұрмыстың тартысына шыдай алмай, жоғалуы тиіс: қысты күні ақ қардың үстінде түсі басқаша болып жүрген көк қойан да, жазды күні қара жердің үстінде өзгеше болып жүрген ақ қойан да бүркіттің тырнағына, тазының тісіне, мергеннің оғына басқа қойандардан бұрын түсуге тиіс. Ондай қойаннан тұқымда қалмақшы емес. Қойанның бұлай қысты күні ақжазды күні көк болып, тұрмыстың тартысына əдіс қыла алатын болып шығуы бірден болмаған: койан неше мың жылдай табиғаттың талғауына түсіп, сұрыптала келе, осылай түсін өзгертетін болған. Қойанның бұлай түсін өзгертуі, түсін өзгертетін болып шығуы – табиғаттың заңы, оған адамның айласы қосылмаған.
Бір кезде ағылшынның ақсүйек серілері, тұрмыстың қызығына тоймайтын сұлулары, шолақ тұмсық көгершінге əуес болған, сұлу қатындардың көңілін аулау үшін қолда ұсталатын көгершіндердің тұмсығы шолақтары аса қымбат болған да, ұзын тұмсықтары бағасыз болған. Қолда өсіп үйренген ағылшынның көгершіндері тұмсығы ұзын болып, қожасына ұнамай, еркіне жіберілген соң, өз бетімен күн көре алмай қырыла берген, олардан тұқым да қалмаған. Тұмсығы қысқа көгершіндер өсіп, көбейе берген. Əуесқой əйелдердің (табиғаттың емес) талғауына түскен соң, бұл шолақ тұмсық көгершіндер де сұрыптала келе, тұмсықтары мүлде қысқарып, ақырында балапандары жұмыртқаның қабығын өз тұмсығымен жарып шыға алмайтын болған. Оларды күні толғанда қожалары жарып шығаратын болған.
Араб жылқысы ежелден жер үстіндегі жылқынын жүйрігі деп саналатын еді. Ағылшынның атбегілері сол араб жылқысының жүйріктерін жиып, жүйрігін жүйрікке салып, сұрыптап өсіре келе, араб жылқысынан артық жүйрік қылып шығарды. Ағылшынның сол араб жылқысынан сұрыптап шығарған жылқы тұқымын осы күні ағылшын жылқысы деп атайды. Ағылшын жүйріктері минөтіне шақырым шабады.
Міні, бұл ағылшын көгершінінің шолақ тұмсық болып шығуы, ағылшын жылқысының сұрыпталып өрен жүйрік болып шығуы өз бетімен ғана емес, жалғыз ғана табиғат заңынша емес, бұған адамның ақыл-айласы қосылған, табиғат құрылысын, адамның айласын, өзінше үлгіртіп шығарған.
Сүйтіп, табиғаттың құбылысы екі түрлі болады: бір түрі – адамның ақыл-айласы қатыспаған, жалғыз ғана табиғат заңына бағынып, өз бетімен болатын құбылыс (бұған мысал: қойанның түсінің өзгеруі); екінші түрі – адамның ақыл-айласымен болған құбылыс. Мұның əуелгісіне «дағдылы құбылыс» деп, екіншісіне «айлалы құбылыс» деп ат қойылған.
(«Елдес»)
А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"