Жаңалықтар

Дәурен Абаев: Кинокартиналарды қазақ тіліне дубляждауға қаражат бөлінеді

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті
Дәурен Абаев: Кинокартиналарды қазақ тіліне дубляждауға қаражат бөлінеді
Фото: gov.kz 30.06.2022 20:54 993

Министр Дәурен Абаев мемлекет пен қоғам  арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары халықпен кездесуді  өңірлерде өткізіп жатыр. Бұл –мемлекет пен қоғамның өзара сенімі мен құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті құрудағы өте маңызды қадам. Сондықтан да бүгін сіздерді толғандыратын барлық сұрақтарға тікелей жауап беруге келдім», – деді министр.

Министр өзекті мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, ол өткен жылы мегаполисте 9 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Биыл тағы 10 нысан жөндеуден өтіп жатыр. Айта кетерлігі, Шымкетте Конгресс холл мен Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Министр мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы туралы сұрақтарға да жауап берді.

«Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен әр жыл сайын 20%-ға өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100%-ға артады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артатынын атап өткім келеді», – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, елімізде кино өндірісі қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жүзеге асырылып жатыр, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жұмыс жүргізіліп отыр. Бұл бірлестік биыл көрермендерге 10 пилоттық жоба ұсынады. Рейтингі жоғары анимациялық фильмдер мен кинокартиналарды қазақ тіліне дубляждауға қаражат бөлінеді.

«Сұрақ-жауап» сессиясы аясында министрге маңызды сұрақтар қойылды, олардың басым бөлігі мәдениет саласына және спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыруға қатысты болды. Дәурен Абаев Artsport жобасы жабылмайтынын айтты, тек талаптарға түзетулер енгізілетінін жеткізді.

Халықпен кездесуден кейін Дәурен Абаев БАҚ өкілдері үшін арнайы брифинг өткізіп, азаматтарды қабылдады. Кездесуге 500-ге жуық адам қатысты. 

 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға