Жаңалықтар

Дәурен Абаев Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Бибісара Асаубаева 21 маусымда Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қазақстандық шахматшылармен кездесуі өткізгенін хабарлады.
Дәурен Абаев Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді
Фото: primeminister.kz 22.06.2022 16:31 1253

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев шахматшы Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz

«Осыдан бір сағат бұрын біз бес шахматшымызбен, оның ішінде Бибісара да болды, Федерация Президенті Ғалым Құсайынов пен орынбасары Дәрмен Сәдуақасовпен бірге Президенттің қабылдауында болдық. Бұл жерде Федерация президенті миллиардтап ақша сұраған жоқ. Біз шахматты ары қарай қалай дамытамыз деген мәселені талқыладық. Мынаған ақша беріңдер, бүйтіңдер-сөйтіңдер деген мәселе талқыланған жоқ. Иә, шахматтың инфраструктурасына қаражат қажет. Бірақ ол қаржыны біз демеушілер арқылы тартуымыз мүмкін», – деді Абаев.

Алдағы уақытта IT-шахмат мектебін ашу туралы президентке ұсыныс айтылыпты.

«Сол жерде Жансая Әбдімәліктің ұсынысы болды. Ол – Алматы қаласында шахмат мектебін салу. Ол мектепті IT-мен байланыстыруды айтты. Өйткені осы салаға қабілетті балалар шахматты да жақсы ойнайды екен. Сол себепті, IT-шахмат мектебін ашуды ұсынды. Бұл жақсы ғой. Бүкіл Қазақстаннан келіп, мыңға жуық бала шахматтың тәсілдерін үйренеді. Жансаяның айтуынша, ол 300 спорт шеберін дайындауға мүмкіндік береді. Оның біздің дамуымызға оң әсері көп», – деді министр.

Министр Д.Абаев Бибісараның бүгінгі жазбасын эмоциямен айтылған сөз деп бағалады.

«Мектеп салу да қаражатты талап етеді. Сондықтан Бибісараны да түсінуге болады. Мүмкін эмоциямен айтқан шығар? Бибісара да, Құсайынов та, Жансая да, Динара да –  еліміздегі шахматтың дамуына зор үлесін қосып жүрген азаматтар. Егер ұлтымыздың барлығы шахмат ойнайтын болса, алға қарай қадам жасайды деп ойлаймын. Президент барлығын тыңдап, жазып алды. Көп нәрсені қолдады. Мысалы, мектептерде шахматты факультатив сабақ ретінде енгізу идеясы. Қазір 50 мыңға жуық бала шахмат ойнайды екен, бірақ факультатив қылып енгізсек, миллионнан астам бала қызығушылық танытады. Оның арасынан түрлі чемпиондар шығатын еді. Президентіміз де бүгін бір нәрсені айтты. Оның айтуынша, бала жастайынан шахмат ойнаса, есірткіге әуес болмайды екен. Сол себепті, шахматты біз барынша қолдауымыз керек», – деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева күтпеген мәлімдеме жасап, федерация басшыларын айыптады. Ол Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен оның орынбасары Дәрмен Сәдуақасовтың ұйымға ақша сұрату үшін шахматшы қыздарды Президент әкімшілігіне алып келгенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға