Дәулет батыр
«Қарабураны еске алғанда, онымен аттас болған, баршасы Тама тайпасының атын шығарған бірнеше Қарабура аттас жандардың есіміне кезігеміз. Соның бірі – Боғра хан, Ақтан сопы әулие болса, екіншісі – Дәулет батыр. «Тауарих-и гузида-йи нұсрат нама» атты кітапта Әбілқайыр ханмен бірге қылыш сермескен он бестей әмірлер мен батырлардың арасында, Тама тайпасының мың бегілері Қылышбай мен Қара Бура Дәулетқожа батырдың да есімі кезігетін жері бар. Сонымен бірге Дербіс батырдың да Әбілқайыр жағында болғаны жазылады. Әбілқайыр таққа отырғаннан кейін, оны қолдап, оның сапына қосылған белгілі бектердің ішінде Тама тайпасынан Тәңірберді бек деген де болған. Осы тұлғалар туралы «Шайбани нама», «Тарихи-и Абулхайрхани» деректерінде де аталатыны тіптен қызықты емес пе?!
«Тауарих-и гузида-йи нұсрат нама» - ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында, «Шайбани нама» - ХVІ ғасырдың басында, «Тарихи-и Абулхайрхани» - ХVІ ғасырдың 40-жылдарында жазылғандығы бірталай ойға жетейтіні анық. Бұларда батырдың аты – Бурджи-Қара-Даулат-ходжа-бахадур деп берілген. Талдай келгенде, Бура-Қара-Дәулет-қожа-батыр болып келеді екен. Парсы тілінде сын есім зат есімнен кейін тұратындығын ескеріп, Бура-Қара емес, Қара-Бура болуы заңдылық болып табылады. «Темір Ланг» дегенді «Темір Ақсақ» демей, «Ақсақ Темір» дегеніміз секілді ғой.
Сонымен, Қарабура-Дәулет батыр 1395-1405 жылдар аралығында Әмір Темірдің қолбасшысы болған, Тама Бура әулиенің ұрпағы Дәулет батыр ат орнынан жорыққа айыр өркешті, қара шудалы бура мінген. Өзінде алпыс жігіттің күші бар, жолбарыстай қаһарлы, бір сөзді, кішіпейіл, жай адамға аса мейірлі Дәулет батырдың бейнесін көз алдыңа келтірер небір уақиғалы деректерді нәшіне келтіре жазып, ұзақ жылдар зерттеп, жарыққа шығарған Ж. Мұратбаев секілді жазбагердің еңбегі ересен зор, ұланғайыр. Атасына мың мәрте рахмет!
Елдің ортасында мәртебесі жоғары болған, адалдық, ерлік істері үшін халық жадында сақталған, екінші Қарабура - Дәулет батыр 1373 жылы дүниеге келіп, 1445 жылы 72 жасында өмірден қайтқан. Оның денесін, өзі атын ұран қылған Қарабура бабасының жанына қойған.
Ақсақ Темір өз ортасында ойып алар орыны бар осындай, Тама Дәулет батыр секілді ересен батырларды өзіне тартып, ірі қызметтер бергенде, артында сан мың қолы бар, іргелі Тама тайпасынан да қолдау күткендіктен істегені анық. Ақсақ Темір өлген 1405 жылы тақ үшін талас басталған шақта, Дәулет батыр алды-артына қарамастан, Созақ шаһарынан бірақ шыққан. Осында жүріп кемеліне келіп, бүкіл Тама жұртының биі болып, толып тұрады. Дешті-Қыпшақ даласындағы беделді адамдардың біріне айналады. Хан сайлауы кезінде ықпалды жандардың бірі болады. Елдің есінде қалған Қарабура Дәулет батыр осындай жан болған деседі - тарих, аңыз, ел-жұрты.
Нұрлан Рахымжанов
Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма