Жаңалықтар

Дәстүрлі әскери өнер

Ұрыс алдында сап түзеуді қазақтар шеп құру деп атаған. Шеп құрғанда әскер оң және сол қанатқа бөлінген.
29.08.2014 12:00 9124

Ұрыс алдында сап түзеуді қазақтар шеп құру деп атаған. Шеп құрғанда әскер оң және сол қанатқа бөлінген. Олардың алдында жаудың бағытын барлайтын қарауыл топ жүріп отырды. Әскердің арт жағында орналасқан ханды хан жасағы қорғады. Хан жасағын тосқауылшы бөлік деп атады. Ең артта әскердің қосалқы аттары, құрал-жабдықтар тиелген арбалар, малшы, қызметшілер, яғни әскердің шаруашылық бөлігі немесе салықшы тобы еріп жүрген. Көшпелілер әскерінің сандық құрылымы ондық жүйеге негізделген. Әскердің ең төм. бөлігі ондық, олардан жүздік, мыңдық, түмен (он мың әскер) құралған. Он түмен әскерді “ту” (лек) деп атаған. Әскердің ондық жүйесі түркі халықтарында ежелгі заманнан 19 ғ-ға дейін сақталып келді. Мыңбасылар мен түменбасылар түркіше бек, моңғолша – ноян, арабша – әмір деп аталып, әкімш. билікке де (уәлаят, ұлыс басшылары) тағайындалған. Олардың ішінен бас қолбасшы бекітіліп, оған беглер бегі (араб. әмір әл-умара) лауазымы берілген. Әдетте, әскери-әкімш. билікті қатар ұстаған адамдардың саны 12 адам болған. Мыс., Шыңғыс хан, Құбылай хан және Әмір Темір тұсында 12 жоғары дәрежелі ноян басқарған. Дәрежелеріне қарай онбасы, жүзбасыларына байрақ, ал, мыңбасы мен түменбасыларына ту беріліп, әскер саны байрақпен, тумен есептелетін болған. Байраққа аттың құйрығы мен түсті мата бау жекелей не қосарланып тағылған. Белгінің қосарлануы дәреженің өскендігін білдірген. 17 – 18 ғ-ларда дәреже белгілері киім арқылы көрсетіліп, байрақтар қолданыстан шығып қалды; 

 Майдан алдында атақты жауынгерлердің жекпе-жегін өткізу ерте замандағы барлық халықтардың әскери  күштеріне ортақ дәстүр. Батырлар жекпе-жегін өткізу қазақтарда 19 ғ-ға дейін сақталып келді. Жекпе-жекке шығу батырлардың жауынгерлік борышы еді. Жеңген батыр қарсыласының атын, қару-жарағын олжалаған. Батыры өлген жақ оның денесін жауға бермеуге тырысып, “сүйекке шапқан”, яғни батырдың денесін бермей алып қалу ерлікке саналған. Жорыққа шыққанда көшпелілер әскерді бірнеше топқа бөліп, алдын ала белгіленген жерде тосыннан жиналған. Бұл көп әскердің қалай, қайдан келгенін байқатпай, жау жағын қапыда қалдыру айласы еді. 1838 ж. Кенесары Ақмола бекінісін аларда осы әдісті қолданған. Айқас кезінде жау жағы басым бола бастаса – көшпелілер әскері, жан-жаққа шашыла шегініп, белгіленген жерде жиналып, кенеттен шабуылды қайта бастаған. Тактик. мақсатқа қарай әскер санын көп етіп көрсету үшін аттарға киіндірілген қуыршақтар да отырғызылған. Ашық далада жау әскерімен кездескенде соғысты, әдетте, жеңіл қаруланған садақшылар бастаған. Алыстан атыс жүргізу арқылы олар дұшпан жауынгерлерін, аттарын шығынға ұшыратуға, шебін бұзуға, сөйтіп қоян-қолтық айқасты жеңілдетуге тырысқан. Мұндай әдісті моңғолдар “тулучма”, қазақтар “толғама” деп атаған. Осыдан кейін айқасқа шайқастың тағдырын шешетін ауыр қарулылар, қылышкерлер, айбалташылар, шоқпаршылар бірнеше қосынға бөлініп кезек-кезегімен кіргізілген. Шегінуді олар жаудың әскер шебін бұзып, қозғалтуға мәжбүр ету үшін, немесе жауды бекінген қамалынан шығару үшін, соңынан ілестіріп, жасырын тұрған негізгі күштің үстінен түсіру немесе қайта шабуылға шығу мақсатында қатарын жинап алу үшін қолданған. Соғыс кезінде барлау жұмыстарына көп көңіл бөлінген. Жолдарға күзетші қойылып, алдын ала шолғыншылар жіберілген. Төбелердің үстіне орналасқан қарауылдар жау жақындағанда “ұран-оттар” жағып хабар беріп отырған. Көшпелілердің садақ ату шеберлігі отырықшы халықтарды қатты таңдандырған. Гректер, парсылар өз балаларын садақ атуға үйрету үшін сақтарға жіберіп отырған. Қытай тарихшылары: “Ғұндардың ойынға жараған баласы садақпен ұсақ аң, құс атып жаттығады”, – деп жазады. Араб тарихшылары: “Түркілер садақты атпен шауып келе жатып алға да, артқа да, оңға да, солға да, жоғары да, төмен де ата береді. Араб-харидтер бір оқты садағына салғанша, олар он оқты атып үлгереді. Түркінің 4 көзі бар – екеуі алдында, екеуі артында”, – деген мағлұмат береді. Қазақ батырлары да “оғын жүзіктің көзінен өткізетін”, “құралайды көзге атқан” садақкерлер болған. Найза қолданудың да көптеген түрлері, тәсілдері бар. “Шаншу” – жоғарыдан төмен найза салу, “түйреу” – найзаны алға қарай сұғу, “Найза тіреу” – қолды қозғалтпай аттың күшін пайдалану. Еуропа рыцарлары өз турнирлерінде, қазақ батырлары жекпе-жекте мұндай тәсілдерді жиі қолданған. Ал жалпылама шайқастарда Олжабай батыр, Наурызбай батыр (Кенесарының інісі), т.б. қарсыласының денесіне найза тигізбей, киімінен іліп алып аттан түсіру тәсілін жиі қолданған. Қылыш, семсер қолданудың “бауырын жаза шабу”, “қиялай тарту”, т.б. түрлері бар. Салмағы ауыр шоқпар, гүрзілермен айқасу үлкен күш, әдіс-айла керек еткен. Ауыр болғандықтан шоқпарды көбіне айналдырып, үйіріп ұрған. Өйткені, шоқпарды жоғарыдан төмен сілтегеннен кейін, қайта көтеру қиын болатын. Айбалта 18 ғ-дан бастап қолданыстан шықты. Ерте заманда көшпелілер тосын жау шабуылынан қорғану үшін арбаларды бір-біріне тіркеп, дөңгелете бекініс жасаған (қ. Күрен). Жаугершілік уақытта қазақ ауылдары да осылай “алқақотан отырған” Соғыс кезінде көшпелілердің әскери лагерлері осы әдіспен құрылып, кейде сыртынан топырақ үйіліп, бекініс жасалған. Шабуыл кезінде көшпелілер арбалардан жылжымалы бекініс жасап, жауға тойтарыс берген. Қорғанудың тағы бір түрі табиғи бекіністерді (тау қойнаулары, үңгірлер, шатқалдар, т.б.) пайдалану. 1643 ж. Андасай бойында жоңғар әскеріне қарсы Жәңгір хан осы әдісті қолданған. Бұдан басқа тастан, балшықтан тұрақты соғылған, сыртынан ор қазылып, су жіберілген бекініс, қамалдар да болған. Көшпелілердің соғыс тәжірбиесінде қамал алудың көптеген әдіс-тәсілдері бар. Соның бірі қамалға өрт қою. Ол үшін жебелердің ұшына майлы шүберек байлап, оны тұтатып атқан. Ақмола бекінісін алу кезінде Кенесары сарбаздары осындай отты жебелерді пайдаланған. Тас қамалды алу үшін жер астынан үңгір жол қазу да көшпелілерде жиі қолданылған. Қамал шетіндегі орларға топырақ салынған қаптар тастап, ішке кіретін жол салған, қамал қабырғаларына шығу үшін арқан сатылар жасалған. Ашық майданда шайқасудан гөрі қамал бұзу күрделі болғандықтан, қамал алу және оған алғашқы болып кіру батырлар үшін аса мәртебе, құрметті дәреже саналған. Шаған бойындағы шайқаста жау қамалын бұзғаны үшін Қабанбай батыр “Дарабоз” атанған, ал Көкалажар қамалын алғаны үшін Иман батырды Кенесары “Аяке” деп атаған. К. д. ә. ө. өте күрделі өнер. Оны дамытуға көшпелі халықтардың бәрі де үлес қосты. Соның ішінде қазақ халқын құраған ру-тайпалар осы өнерді жетік меңгерген.

Әдеб.: Толыбеков С.Е., Кочевое общество казахов в XVІІІ – начале ХХ века. Степи Евразии в эпоху средневековья, М., 1981; Военное дело древных племен Сибири и Центральной Азии, Новосиб., 1981; Худяков Ю.С., Вооружение средневековых кочевников Южной Сибири и Центральной Азии, Новосиб., 1986; Хара-Даван Э., Чингис хан как полковедец и его наследие, А., 1992; Ахметжанов Қ.С., Жараған темір кигендер, А., 1996. 

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға