Дұрыс қарым-қатынас жасаудың жолдары. Екінші дәріс
Күлімсіреудің пайдасы
Адамдар «күлімсіреп» жүру дегенге әртүрлі көзқараспен қарайды. Мысалы, «Күлімсіреу шынайы болу керек, егер ішімізде ит үріп жатса, қалай шынайы күлімсірейміз?», «голливудтық өтірік жымиюдан асқан жағымсыз нәрсе жоқ», «американдық күлімсіреу – бұл екіжүзділіктің шыңы». Бұл күлімсіреуге қатысты біз жиі еститін қыңыр пікірлердің бір бөлігі ғана.
Иа, шынында да Америкада біздің елімізге қарағанда «күлімсіреп» жүретін адамдар өте жиі кездеседі. Бірақ бұл басқа әңгіме. Ең бастысы, осы сабақтың сізге берер кеңесі әлемнің барлық жерінде өз нәтижесін беретініне сенімдіміз.
Адамдар бір-бірімен тек сөз арқылы ғана қарым-қатынасқа түспейді. Олар ым арқылы, ишара мен дене қимылы көмегімен де байланысқа түседі. Ешкімге де «жүзі түнерген» адаммен істес болған ұнамайды. Түр-сипаты түнерген, ашулы немесе бәріне қол сілтегендей кейіптегі адамның жүзі – адамды әлемнен бөлектетіп тұрған қабырға секілді. Сондықтан сіз жалғыз қалып қойғыңыз келсе, тұнжыраған масканы киіп алып жүре беруіңізге әбден болады.
Ал, егер сізге қарым-қатынас қажет болса, ешқандай жағдайда да мұндай масканы тағушы болмаңыз. Оның үстіне, сізсіз де бұл жұмыр жер беті қайғылы кескіндегі адамдармен толған.
Адамдар екі түрлі нәрсенің себебінен күлуге қорқады екен. Біріншісі, адам зерігетін көпшілік ортадан бөлініп қалғандай сезінуден, екіншісі, күлімсіреп жүре берсем, елдің бәрі мынау ақылынан алжасқан деп ойлаудан болып жатады. Себебі, себепсізден себепсіз күлімсіреп жүру – жындылық деп саналады емес пе?
Алайда, ешкімде сізге екі езуіңді таңнан кешке дейін тыйма деп айтпайды. Күлімсіреу – бұл тісін ақситып күлу емес. Оның күлкіге мүлдем қатысы жоқ.
Ол тек қана жан-дүниенің жылулығы мен жарқын жүзділікті білдіреді.
Күлімсіреу әр түрлі болуы мүмкін. Ашық, сыпайы, жаны ашу, түсінісу, жеңіл, ойнаңқы және т.б. Күлімсіреу көпқырлы болып келеді. Себебі, біздің өміріміз көпқырлы. Біз сөйлесетін кез-келген адам үшін, сізде нақты осы жағдаймен сәйкес келетін күлімсіреудің түрі табылады. Егер адам қайғылы болса, біз оған жаны ашыған күлімсіреуді білдіре аламыз. Егер ол бір затты жақсы істесе немесе оның сыртқы келбеті әдемі көрінсе, біз оған сүйсіне күлімсірейміз.
Шынайы күлімсіреу, біздің шынайы сезімімізді көрсетеді. Ең бастысы, бұл сезім жақсы жағынан болсын.
Адамдардың көп күлімсіремеуінен, бет-әлпеті қаһарлы кейіпке үйреніп алғаны соншалықты, оның бетінде күлімсіреу пайда болғанда, бетіндегі бұлшық еттері физикалық қиындықтарға тап болады. Олардың жайсызданғаны сондай, белі бүкір адам, арқасын тіктей алмағандай күй кешеді. Сондықтан да сізге өмірдің кез-келген сәтінде күлімсірей алатындай әдетті өңдеп алу аса қажет болады. Міне мынау сізге осыны әдетке айналдыруға көмектесетін жаттығу:
Таңертең оянған кезде, бірден күлімсіреңіз. Тіпті, қорқынышты түс көрсеңіз де.
Күлімсірей орныңыздан тұрыңыз. Сосын, егер қаласаңыз, күлімсіреуді доғарсаңызда болады. Ең бастысы, танертең тұрған кезде, күлімсіресеңіз болғаны.
Шамалы уақыт өткен соң, сіз автоматты түрде өзіңіздің күлімсіреп оянып жатқаныңызды сезінесіз. Сосын сіз күлімсіреуді мүлдем тоқтатқыңыз келмей қалады, тіпті, сізді алда қиын күн күтіп тұрса да.
Әңгімелесудің барысында күлімсіреу сізге не береді? Ол сізге түсініспеушіліктің қабырғасын сындырып береді, ашуды жұмсартады, жаңа таныстарды көбейтеді және кез-келген мәселені ретке келтіруге көмектеседі.
Күлімсіреу орасан зор күшке ие.
Сіз күлімсіреу арқылы сол адамға ол сізге ұнайтынын, оны көргеніңізге қуанышты екендігіңізді, онымен сөйлесу сізге жағымды екенін жеткізесіз. Тіпті, ол адам сізге жау болса да, сіздің шынайы күлімсіреуіңіз ол адамды қауқарсыз күйге қалдырады. Ешқандай да аргументтер, ешқандай да салмақты дәлелдер дау-дамайларда сізге күлімсіреу сияқты көмектеспейді.
Алайда, күлімсіреудің тағы бір құпиясы бар. Ол тек қана сіз күлімсіреген адамға ғана ықпал етіп қоймайды. Ол сіздің өзіңізге де әсер етіп, сиқырлы түрде сіздің ішкі дүниеңізге өзгерістер алып келеді.
Сіздерге осы жаттығуды өмірде қолданып, бір әйелдің басынан өткізген ғажайып оқиғасын баяндап берейік. Ол әйел бұл жаттығуды енді үйреніп жүрген кезінде, терең отбасылық дағдарыста жүрген болатын. Оның күйеуімен қарым-қатынасының шиеленіскені сонша, бір-бірімен үйде кездеспеу үшін неше түрлі себептер ойлап табатын. Күйеуі іс-сапармен кетеді, қайтып келгенде, досының үйіне қыдырып кететіндей жағдайда болған. Ақыр аяғы бұл іс ажырасуға дейін алып барады.
Бір күні оларды құжаттармен байланысты белгілі бір мәселені шешу үшін ресми кездесуге мекемеге шақырады. Ерлі-зайыптылар мекеменің кіре берісінде кездесуге келіседі. Әйел бұл кездесуге біреу қинап алып келе жатқандай сезінеді. Ол ондаған метр арыдан өзінің күйеуін көреді. Оның іші қайнап, күйеуін ашулы сөздермен қарсы алуға дайын тұрды. Алайда, ол сол сәтте осы екінші сабақ бойынша жаттығуды есіне алады. Ол сәл кідіріп, жүзіне күлімсіреу ұялата бастайды.
Екінші сабақтың тапсырмасы бойынша, күлімсіреу шынайы болуы үшін, күйеуіне жылы сезімін оятуға тырысады. Ол өзінің күйеуімен кездескен алғашқы сәттерін, қалай бір-бірін сүйгендерін, бір-біріне ғашық болғандарын есіне ала бастайды. Бұл еске алулар оған күйеуімен қазіргі қарым-қатынасына жаңа қырынан қарауына үндейді. Ол кенеттен жанжалдың жоқ жерден шыққанын, ал махаббат сезімі ешқайда да кетпегенін түсінеді. Күйеуіне жақындай бергенде, оның жүзі күйеуіне деген махаббатпен күлімсіреді. Сол сәтте бір ғажайып орын алды: күйеуі де оған күлімсіреп жауап қатты.
Осы сәтте екеуі де бір-бірі үшін қымбат екенін, бір-бірі үшін жақын ешкім жоқ екенін түсінді.
Егер мұның бәрі сізге ертегі сияқты көрінсе, өзіңіз тексеріп көріңіз.
Дәурен Өмірәлі
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультеті, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының магистранты