Дүнген халқының ұлттық ойындары
Қазақстан – өзінің көп этносты құрамы арқылы ерекшеленетін мемлекет. Сондықтан, негізгі міндеттердің бірі әлеуметтік топтардың ғана емес, сонымен бірге әртүрлі әлеуметтік қоғамдастықтардың қарым-қатынасын реттеу болып саналады. Келісім – кез келген қоғамның, әсіресе полиэтникалық қоғамның әрекет етуінің шарты. Қоғамда жекелеген этностың мүддесін жоғары бағалайтын ұлттық-этникалық идеялық-саяси бағыт та бар. Осындай жағдайда ұлтаралық келісімге келу тұрақтылыққа әкеледі. Яғни, тұрақтылық мәселесі ұлтаралық қарым-қатынас пен этностардың үйлесімді дамуына да байланысты. Қазақстанның ұлттық бірлігі мен татулығына шақырған бағыт Н.А.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында көрсетілген.
Қазақстан Республикасын қазір 130-дан аса этностардың мекендеп жатқаны белгілі. Қазақстанның демографиялық ерекшелігі оның көп ұлтты құрамына байланысты. Республика халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуына әсер еткен көші-қон процесінің бастапқы кезеңі орыс-украин шаруаларының қоныс аударуы мен казактардың қазақ жерлеріне қоныстануына байланысты.
Ал дүнгендердің Қазақстан аумағына алғашқы қоныс аударуы 1877 жылдың желтоқсан айында басталды. Сол жылы Қытай жазалаушыларынан құтылу үшін қашқан 4 мыңға жуық дүнген Жетісу жеріне жетіп жығылды. Қоныс аударушы дүнгендердің алғашқы толқынын Бый Янь Ху басқарды. Екінші толқын 1884 жылы өтті.
Дүнгендер белгілі бір аумақта өз алдарына жеке қоныстануды қалады. Сөйтіп қоныс аударушылар негізінен Жетісу жеріндегі Верный және Жаркент уездеріне орналастырылды. Дүнгендердің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері, бұрынғы көшпелі өмірі қазақтардыкімен ұқсас болғандықтан шығар, олар қазіргі күнге дейін бір-бірімен жақын араласып өмір сүріп келеді. Қазақтар мен дүнгендердің мәдениетін, салт-дәстүрін, наным-сенімдерін салыстыра қарайтын болсақ, әр ұлттық өзіне тән өзгешеліктерімен қатар, біршама ұқсастықтарын да байқауға болады. Соған дәлел ретінде, дүнгендердің ұлттық ойындарын өзіміздің ойындармен салыстырып көрелік.
Дүнген халқының ұлттық ерекшелігін сипаттайтын бір белгісі ол – ұлттық ойындары.
Жалпы дүнгендерде балаларға да, ересектерге де арналған әртүрлі ұлттық ойындары бар. Олардың көбі ойын-сауық ретінде ғана емес, сондай-ақ балалардың ақыл-ой тәрбиесінде, физикалық, тәрбиелік-танымдық мәнге ие болды. Кейбір ойындар спорттық жарыс түрінде болды.
Кішкентай балалар, әсіресе, қыз балалар қуыршақтар – фагунер, бэ жяжярмен ойнады. Қуыршақтар ішіне мақта салынған матадан жасалынады, ал жаз айларында бұрымы бар қуыршақтарды жүгерінің собығынан жасады. Ойынға сынған ыдыстардың сынықтарын да пайдаланады. Олардың көмегімен балалар қонақ шақырып, тамақтандырған. Балалар ойында үлкендердің рөліне кіріп, солар сияқты сөйлеп, солардай қонақ күтеді.
Гэ бынбын – аударғанда «жіптерден фигураларды шешу ойыны. Бұл ойын балалар мен ересектерге арналған. Балаларға ұзындығы шамаман 90-100 см-ге дейін, ал ересектерге 150-160 см болатындай жіп алып, ұштарын біріктіреді. Ойынға бірнеше адам қатысса болады, әдетте екі ойыншымен ойналады. Фигура жасай алмаған адам ұтылған болып есептеледі. Ойын былай басталады: жіпті екі қолдың сырт жағынан орап байланыстырамыз, содан кейін ортаңғы саусақпен «ма цо» - «жылқы астауы» деп аталатын орам жасайды. Екінші ойыншы одан куэза - «тамаққа арналған таяқша» деп аталатын фигура жасайды, ал куэзадан «дынио – аспалы астау», дынцодан «ню нянщин – сиырдың көзі» деп аталатын фигура жасайды, осылайша ойын жалғаса береді. Бұл ойында ойыншылар тең түсетін жағдайлар да болады. Ойыншылар бір фигураны бірнеше рет қайталап жасауға болады. Алайда щуза (ара) деп аталатын фигура пайда болған кезде ойын тоқтатылады, өйткені бұл фигура тең нәтиженің белгісі.
Гэ бынбын ойыны – дүнген қыздарының сүйікті ойыны. Ойынға жігіттер де қатыса алады. Қазіргі уақытта бұл ойынды Қазақстан мен Қырғызстанда тұратын дүнгендерден кездестіруге болады.
Дүнген қыздарының тағы бір танымал ойындары ұсақ тастармен ойналатын ойын - щуазыр («тастарды қағып алу»). Бұл біздегі бестас ойынына ұқсайды. Ойынға көлемі кептердің жұмыртқасындай болатын домалақ бес тас таңдалады. Ойында бірнеше тәсіл қолданылады. Мысалы, дан зыр, щуафон (екі рет қағып алу), щуа сан (үш рет қағып алу), щуа сан-ии (үш-бір), ман ба щуа сы (жартылай қағып алу), щуа са зыр (шашылған тастарды қағып алу) және т.б.
Дан зыр тәсілін қолданған ойыншы бір қолымен бес тастың бірін жоғары лақтырып, қалғандарын біртіндеп жинайды. Жоғары лақтырылған тасты жердегі тас екеуін бір уақытта жерге түсірмей қағып алу керек. Егер лақтырылған тас жерге түссе, ойыншы кезегін келесіге ұсынады. Ойынның барлық тәсілдерін жылдам әрі бірінші болып бітірген адам жеңімпаз болып есептелінеді.
Жуа зыр ойыны дүнген қыздарының сүйікті ойыны болса, ти щянзы (лянга) – бозбалалардың сүйікті ойынына айналған. Көне көз қариялардың айтуы бойынша, бұл ойынды үлкен жарыстар өткізіп, ересектер де ойнаған. Бұл ойында бірнеше тәсіл қолданылады. Бұл ойын да біздің ұлттық ойындарымыздың қатарынан табылады.
Лянганы бір аяқпен тебу - дан, екі аяқпен - фон, секіріп тебу - лё, күрделі тәсілдер -та, ти және жян деп аталады. Дүнгендерде бұл ойында лянганы жерге бір де бір рет түсірмей барлық тәсілдерді еш қиындықсыз орындап шыққан ойыншыны ойынның шебері деп атайды. Ойын барысында лақтыруларды дауыстап санайды.
Ти щянзы ойынының Жетісуда танымал болғандығы сонша, жергілікті орыс халқы дүнгенше атауымен лёнга деп атап кеткен. Қазіргі кезде бұл ойынды қазақтар да ойнайды, әсіресе мектеп жасындағы бозбалалар.
Дүнгендердің топпен ойналатын ойындарының бірі да модан - «лапта» деп аталады. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, жеребеден кейін ойын бастайды. Бір топ беруші, екіншісі оны қайтарушы болады. Топ басшылары сайланады, олар ойынды ұйымдастырып, ойын тәртібі туралы ақылдасады. Ойынның ережесі бойынша, бір ғана соққы беруге құқы бар барлық ойыншылардан ерекшелігі, капитандар үш рет соққы бере алады. Ойыншылар келесі соққыны сызықтан өтіп, соққы беретін орынға қайта алын келгенде ғана бере алады. Топтардың алмасуы доп соққы беруші топтың ойыншысының біріне тиген жағдайда болады. Бұл ойын, әдетте, көктемде, яғни, егіске дайындық кезінде ойналады.
Дүнген балалары мен бозбалаларының тағы бір сүйікті ойындарының бірі - ган ло ню - «кәрі сиырды қуу» және да биты - «алшы ойыны».
Таяқпен қаруланған ган ло ню ойыншылары 4-5 қадам қашықтықта шеңбер жасайды. Оның ортасына сиыр сүегінің асығын қоятын шұңқыр қазады. Әрбір ойыншы да шеңберді айнала өзінің таяғының бір ұшын салып қоятын шұңқыр қазу керек. Одан кейін жеребе тасталынады, мақсаты – орталық шұңқырдан сиырды – асықты қуушы анықтау. Ойын қуғыншы орталық шұңғырдан асықты алып кез келген ойыншыға қарай оның орнын алып қою үшін лақтырады. Ойыншылар таяқтарымен асықты кез келген жаққа қарай бере алады. Асықты соққаннан кейін таяғымен өзінің шұңғырын жаба алмаған ойыншы жеңілген болып есептеледі. Қазіргі уақытта да бұл ойын ойналады, бірақ асықтың орнына хоккей шайбасын немесе қаңылтыр құты пайдаланады.
Алшы ойыны - да бигиы – Қазанға дейінгі кезеңде дүнген жастарының арасында кең тараған ойындардың бірі саналды, дегенмен қазір де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Ойынның өз ережелері мен тәсілдері бар. Үлкендердің айтуынша, бұл ойыншы ересектер де ойнаған. Кезінде бұл ойын бойынша ауыл-ауылдардың арасында үлкен жарыстар өткізілетін болған. Жеңілгендер жеңімпаздарға өз алшыларын беретін болған. Қазіргі таңда дүнгендерде бұл ойын жоғалған.
Сан ён вар ойыны да дүнгендерде айтарлықтай кең тараған. Ойында қатысушылардың тапқырлығы мен зеректігі үлкен рөл ойнайды. Ойынға екі адам ғана қатыса алады. 7 немесе 9 шұңқыр қазып, әрбіріне 9 тастан салады. Ойыншы бір шұңқыр таңдап, ондағы тастарды алып, қалған шұңқырларға бір-бірлеп салып шығады. Өзінің шұңқырына ең көп тас жинаған ойыншы жеңімпаз атанады.
Дүнгендердің ең танымал ұлттық ойындарының бірі болған және қазір де бар дойбы - дю фон. Бұл ойын өзіне көп жанкүйерлерді тартады. Бұрынғылардың айтуынша, бұл ойынға арнайы үлкен жарыстар өткізген. Жарысқа қатысу үшін үздік ойыншылар ауыл, қалалар аралайтын болған. Осы ойын үшін түсініспеушіліктер болып, арты үлкен дауға айналған жағдайлар да болған көрінеді. Ұлттық наным бойынша, дю фон – дойбы арқылы адамның мінезін анықтауға болады.
Ойынның қарапайымдылығы мен жағдайы ешқандай шығынды керек етпейді, адамның қызығушылығын оятады. Оны үйде, көшеде, ашық алаңқайларда, кез келген жерде ойнауға болады. Ойынға екі түсті тастар немесе саздан жасалған ұсақ түйірлер, ұзындығы шамамен 5 см болатын құрақ таяқтар мен жерге салынған төртбұрышты торлар керек.
Бұл ойынның екі тәсілі бар. Бірі - чон фон, «ұзақ және тең ойын»; екіншісі - сынсы да дуан - «жеңімпаз анықталатын қысқа ойын».
Ойынның екі түрі кең таралған: чи дар фон – жеті сызықта ойналатын дойбы және Щю дар фон – тоғыз сызықта ойналатын дойбы. Бұрын да, қазір де жеті сызықта ойналатын дойбы айтарлықтай көп ойналады.
Чи дар фон ойынында жерге тігінен де көлденеңінен де жеті сызыққа бөлінген төртбұрыш салынып, тастар дайындалады. Ойынның әуесқойларының көбінде өздерінің тастары болады. Ойын шарттары мен жеребе айқындалғаннан кейін, ойыншылардың бірі төртбұрышты торларға өз фигураларын орналастырып бастайды. Ойынды бастаушыда қарсыласына қарағанда бір фигурасы артық болады, алайда фигураларын орналастырып болған соң қарсыласының екі фигурасын алып тастай алады. Ойын барысында ойыншы фигураларын алаңның орталығына орналастыруға тырысады. Орналасып болған соң, ойыншылар бір-бірінің фигураларын құлата бастайды.. На мы дали – дүнген дойбысындағы фигураларды орналастыру тәсілдерінің бірі. Айта кету керек, дүнген дойбысы шахмат сияқты, шеберлікті, үлкен дайындықты, келесі жүрістерді дәл анықтауды қажет етеді. Қазіргі таңда Қазақтан мен Қырғызстанда тұратын дүнгендер дю фон ұлттық дойбы ойынын ұмытпаған
Ерте көктемде дүнгендер әдетте батпырауық - фон фынзы ұшырады. Дүнгендерде қағаздан әртүрлі батпырауық жасаудың шеберлері болған. Кант ауданында тұрған ақсақал Насыр Лохан күрделі батпырауық жасаудың шебері болған: вукун - «қырықаяқ», Ба вон - «князь Ба белгісі бар» және лун - «айдаһар». Ал Жаркент қаласында ұлттық батпырауық жасаудың шеберлері - Динбар мен Ю. Лосу тұрған. Олар күзде батпырауық жасауға дайындалған, ал әйелдер ең күрделі дегендеріне кендірден арнайы жіптер дайындаған.
Дүнген ақсақалдарының айтуы бойынша, көптеген шеберді қағаз батпырауықтарды ұшыру кезінде арнайы дайындалған бамбук түтіктерінің көмегімен анықтаған. Ұзындығы шамамен 20-25 см болатын бамбук түтігінің бір ұшын жерге көміп, оның ішіне тауықтың жүнін салып, оның сыртқа шыққанын қадағалайды. Шыққан уақытта батпырауықтарды ұшыруға жіберетін болған.
Дүнген ауылдарында сатуға арналған батпырауық дайындайтын арнайы шеберлер бар. Сондықтан оларды ерте көктемде қолға түсіруге болады.
Дүнгендерде қағаз батпырауықтың он шақты түрі бар, мысалы: мынлыр «есіктің қалың шымылдығы», сыкуар - «төртбұрыш», малар - «шегіртке», багар - «тотықұс», хутер - «көбелек», Ба вон - «артында князь Ба белгісі бар», вукун - «қырықаяқ», лун - «айдаһар» және т.б.
Фон фынзы – егістік алқабындағы көктемгі жұмыстар кезіндегі батпырауықтар ұшыру дүнген шаруалары үшін үлкен мереке, сауық, топтық ойын болды.
Революцияға дейін дүнгендерде белгілі бір мерекеге байланысты ұйымдастырылатын ұлттық күрес кең танымалдылыққа ие болды. Қазіргі спорттық киімнен ерекшелігі, қарттардың айтуынша, үстіңгі бөлікке белдікпен байланатын қатты күртеше, ал төменгі бөлікке кең қысқа шалбар киген. Белдесу барысында палуандар кимінің үстіңгі бөлігінен тарта алады. Аяқтан шалып құлатуға да болады. Бұл ерекшелігімен еркін күреске ұқсайды, бірақ одан өзгешелігі палуандар тек тұрып қана күреседі. Егер дененің тізеден жоғары үш бөлігі жерге тиген болса, ұтылған болып саналады.
Бұл күрестен басқа дүнгендерде щян гунку, вушы дэчуан деп аталатын күрес түрлері де бар. Олар бес топқа бөлінеді: 1) баспен алу, 2) қол саусақтарымен, 3) жұдырықпен, 4) кеудемен, 5) аяқпен. Бұрын балалар мен жасөсіпірмдерге күрестің әртүрлі тәсілдерін үйрететін арнайы адамдар болған. Бұл тәсілдердің кейбірі, тіпті, құпия ұсталған.
Дүнгендердің қазақ жерінде мекен етуі олардың ұлттық ойындарын өздеріне сіңіруге мүмкіндік берді. Мысалы: аламан-бәйге, дё ён - көкпар, фа ёзы дэ йин – саятшылық және т.б.
Дүнгендердің көп ұлттық ойындары қазақтардыкіне ұқсас келеді. Өйткені дүнгендер де көшпелі халық болған.