Жаңалықтар

Дәмді, әрі пайдалы тағамды жейік, отандық өнімді қолдайық!

Мен фастфудтың немесе шетелдің бұзылмайтын өзге азық-түлігі мен сусындарының қарсыласы, жауы емеспін. Бірақ мен мұнымен әуестенуді қолдамаймын және оның бірнеше себебі бар.
11.02.2015 09:22 10690

Сурет liter.kz cайтынан алынды

Отандық өнімді әрбір азамат қолдағысы келетіні анық, бірақ шетелдік тауарды алуға мәжбүрлейтін факторлар көп. Біріншіден, шетелден келетін кейбір тауар түрлері елімізде мүлдем өндірілмейді. Мысалы: ұялы телефон, тұрмыстық техника, экзотикалық азық-түлік, құрылыс техникалары және т.б. Бұл жағдайда ешнәрсе айта алмаймыз, қаласаңыз да, қаламасаңыз да сіз ол тауарды аласыз. Екіншіден, көп жағдайда қазақстандық өнімдер сапасы мен құны жағынан шетелдік тауарлармен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болып жатады. Мұндай жағдайда отандық өнімді ал деп айту орынсыз, біз бұл арқылы отандық өндірушілерді масылдылыққа тәрбиелейміз. Менің тоқталғым келіп тұрғаны үшінші фактор. Бұл –  біздің елімізде өсіп, елімізде даярланатын отандық азық-түлік. Оның құны тым арзан емес, тым қымбат емес. Оның сапасы сақталу ұзақтылығы бойынша төмен, бірақ табиғи тазалығы бойынша өте жоғары. Оны дүкен сөрелерінен ылғи көре бермейсіз, кей жағдайда ол жетіспей жатады. Бұған қатысты не істейміз? Оған қалай қолдау білдіреміз? Жалпы қолдау керек па? Осы сұрақтардың төңірегінде ой қозғап көрелік.

ХХІ ғасыр, ақпарат ауқымдылығы, интернет, атқарылатын шаруаның көптігі – осының бәрі біздің уақытымызды тапшы етеді. Осының салдарынан біз деніміздің саулығына, гигиенаға, дұрыс тамақтануға өте аз көңіл бөлеміз. Бізге тез дайындалатын, ләжі болса оңайшылықпен бұзыла қоймайтын тағам керек: алдын-ала көп қылып сатып аласың, қарның аша қалса жей саласың. Бір қарағанда осылай жасау оңтайлы, уақыт аз кетеді, шаруаларыңды тез тындырасың.

Мен фастфудтың немесе шетелдің бұзылмайтын өзге азық-түлігі мен сусындарының қарсыласы, жауы емеспін. Бірақ мен мұнымен әуестенуді қолдамаймын және оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, шетелдік азық-түліктің ішіндегі негізгісі бұл – фастфуд. Тез дайындалатын мұндай тағамдардың зияндығы туралы мақалалар мен бағдарламалардың саны шексіз көп, жұрттың бәрі оның қауіпті жағын жатқа біледі. Мәселен, гамбургерді алып қарасақ, оның құрамында оның калориясы мен майлылығы тым жоғары және ол аштықты тез шақырады. Сіз гамбургердің өзін жемей, онымен бірге газдалған тәтті суды (әдетте бұл – кола) қатар ішесіз. Ал мұндай сусындар асқазанға өте зиян. Осылай жүріп асқазанын бұзып алғандар қаншама. Асқазан бір бұзылған соң оңайшылықпен қалпына келмейді. Сіз бір кездегі немқұрайлығыңыз үшін өмір бойы өзіңіз ұнатқан тамақтарға шектеу қойып өтуіңіз мүмкін. Фастфудтың тартымдылығына келсек, оның дәмді-дәмсіздігін әрбір тұтынушының өзіне қалдырайық, себебі әр адамның талғамы әртүрлі. Дегенмен, бірнәрсе анық, фаст фуд пен газды, әрі тәтті сусындар ағзамызға пайдалы емес, керісінше зиян.

Екіншіден, дүкен сөрелеріне бара қалсаңыз, алыс шетелден келген көкөністерді, жеміс-жидектерді көресіз. Өте тартымды, көлемі де үлкен, түсі де жақсы, көздің жауын аларлықтай әдемі. Оның қасында өз елімізде өскен дәл сол жемістердің сыртқы формасы салыстырмалы түрде көңілімізден шықпайды. Неге біздің жеміс салыстырмалы түрде тартымсыз? Біреу білсе, біреу білмес, тарқатып өтейін. Елімізде жеміс-жидектер көбіне көп оңтүстік өңірлерде өндіріледі. Ол жерден өзге өңірлерге жеткізем дегенше біршама уақыт өтеді. Одан кейін оны сату кезінде тағы уақыт өтеді. Осы уақыт аралығында біздің отандық жемісіміздің түрі мен түсі шамалы өзгеретіні бар. Шетелдіктер бұл мәселені, айналып өту үшін түрлі технологияны пайдаланады. Әдетте біз мұндай технологиялармен жасалған өнімдерді ГМО (гендік модификацияланған ағза) деп атаймыз. ГМО-ға байланысты даулы оқиғалар өте көп. Соңғы уақытта ғалымдар мұндай өнімдердің ағзаға тым қатты зиян екендігін дәлелдеуде. Әрине, мұндай дәлелдемелерге күдік келтіруге әркімнің де құқығы бар, бірақ маған, жеке өзіме шетелдің осындай ГМО өнімдерінен гөрі, өзіміздің құрттап кеткен алмаларымыз бен алмұрттарымыз ұнайды. Айтпақшы, кішкентай кезімізде, ерте көктемде, алмалар әлі толық пісіп үлгермеген шақта, біз, кішкентай балалар, ішінде құрты бар алмаларды жейтінбіз. Құрт бар дегеніңіз ол алманың піскендігін және тәтті екенін білдіреді. Ал қазіргі таңда, бәріңіз білесіз бұзылмайтын жемістерде құрт болмайды. Неге екенін өзіңіз де түсініп отырған боларсыз...

Тағы бір мысал айтайын. Әрбір жемістің жұпар иісі болады, әрине егер табиғи жағдайда өсірілсе. Шетелден келген көкөністің, жеміс-жидектің иісі өте әлсіз, кейде мүлдем болмайды. Демек, олар табиғи жағдайда өсірілмеген. Ал біздің жемістеріміз өз иісімен 10-15 метрден-ақ рахаттандырады. Жазғы уақытта үй жағыңызда жеміс-жидек сатып жатқан дүкеннің жанынан өтіп көріңізші, иіс деген бұрқырап тұрады. Міне, бұл нағыз сау жемістің белгісі.

Достарымның, таныстарымның айтуынша, қазір АҚШ-та азық-түлік сататын үлкен маркеттерде жеміске «оригинал» және «жасанды» деген белгіше қояды екен және «оригинал» жемістер өте қымбат екен.

Жалпы, азық-түліктің қай түрі болмасын белгілі бір баптау мен уақытты қажет етеді. Ол болмаса әлгі өнімнің сапасы құриды. Мейлі бұл ет болсын, мейлі жеміс болсын. Қазақтың төрт түлік малы таза ауада, таза шөп пен жемді жеп өседі, демек оның еті де сау, әрі түрлі дәруменге бай. Дәл солай бір алма ағашының өсіп-өнуі үшін бірнеше айлар керек, күн шуағы молынан түсу қажет. Шетелдіктер үлкен көлеммен жұмыс істейді, олардың тауарлары біздің елімізге келді деген сөз, бүкіл әлемге тарауда дегенді білдіреді. Мұндай үлкен көлеммен айналысушылар әр малға немесе әр алма ағашына біздегідей уақыт пен ұқыптылықты еш бөле алмайды. Сәйкесінше, олардың еті де, жемісі де дәмсіз, пайдасыз болып шығады.

Үшіншіден, сіз отандық жемісті сатып алу арқылы біріншіден, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпкерін қолдайсыз, екіншіден, өз ақшаңыздың Қазақстанда қалуына үлес қосасыз. Бүгінде ГМО-ны және де басқа да технологияны пайдаланатын шетелдік өнімдермен бәсекелесу біздің отандық кәсіпкерлерге ауыр тиюде. Қазір аз да болса, біздің сөрелерімізде отандық жеміс бар, егер біз, тұтынушылар оларға қолдау көрсетпесек, біз отандық жемістен мүлдем айырылып қаламыз. Мен мұны қаламаймын. Маған өз өнімізбен тамақтану ұнайды.

P.S. Біз көп нәрседе дамыған елдерден кейін келеміз, ол елдерде технология мен техника өте жоғары дамыған. Алайда технологияның тез дамуы міндетті түрде белгілі бір салдарға әкеледі. Бүгінгі тақырып жағдайында бұл – дұрыс емес азық қабылдау. Бізде қуанышқа орай, дұрыс тамақтануға мүмкіндік әлі де болса көп, өйткені біздің азық-түлік табиғи жағдайда өнгендіктен денсаулыққа пайдалы, әрі дәмді, тойымды. Дәмді, әрі пайдалы тағамды жейік, отандық өнімді қолдайық!


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға