Жаңалықтар

Дәл қазір жаңа Tesla Model 3 таныстырылды

Он жылдан астам болған дақпырттан кейін Tesla Motors компаниясы Model 3 электрикалық көлігін Хауторн зауытында таныстырды.
01.04.2016 06:59 4876

Дәл қазір жаңа Tesla Model 3 таныстырылды

Он жылдан астам болған дақпырттан кейін Tesla Motors компаниясы дәл қазір Model 3 электрикалық көлігін Хауторн зауытында көпшілікке таныстырды. Model 3 туралы жаңалықтар енді ғана жарық көруде. Сондықтан әзірге белгілі болған бар ақпаратпен сіздермен бөлісе отыруға шештік.

Су жаңа Model 3 седаны оған дейін болған Model Х кроссоверына қарағанда әлдеқайда қолжетімдірек болады. Оның бастапқы бағасы $35,000 айналасында межеленеді. Бұл ғаламшардың экологиясына бейжай қарамайтын адамдар үшін жақсы жаңалық. Егер қаласаңыз Tesla Motors-тың ресми сайтында Model 3-ке алдын ала тапсырыс бере аласыз. Қазіргі уақыттың өзінде төрт сағат ішінде 133 000-нан астам алдын ала тапсырыс келіп түскен екен (тапсырыс беру Астана уақыты бойынша 7:15 басталды).

Дәл қазір жаңа Tesla Model 3 таныстырылды

Компанияның бас директоры Элон Маск электрикалық көліктер әлемге таралады деген үлкен үмітте. Оның айтуы бойынша сіз 35,000 АҚШ долларына Model 3-тен артық көлік таба алмайсыз.

Жаңа темір тұлпар 100 км/сағ жылдамдығын 5 секунд ішінде өрбіте алады. Бүкіл Model 3 көліктері жоғары жылдамдықты операциялық жүйемен қамтамассыз етіледі.

Автопилот жүйесі Tesla-ның өзге көліктеріндегідей қалыпты режимде жұмыс істейді. Сол себепті қауіпсіздік туралы алаңдамауыңызға болады.

Дәл қазір жаңа Tesla Model 3 таныстырылды

Көлік алдыңғы шынысынан бастап жүксалғышқа дейін түгел әйнекпен қапталған. Сонымен қатар, бұл көліктің екі жүксалғыш бөлімі бар: алдында және артында. Элон Масктың айтуы бойынша сіз көлігіңізге тіпті 2 метрден асатын серфинг тақтайын да сыйғыза аласыз.

Tesla Motors компаниясының бұған дейін көлік нарығына шыққан Model S және Model Х моделдері өте қымбат. Бұл көліктерді алу үшін қалтаңыздан кем дегенде $100,000 шығару керек болады. Ал су жаңа Model 3 көлігін компанияның болашағы деп нық сеніммен айтуға болады.

Көлікті Хауторн зауытында таныстыру кезеңінде

Алайда компания өз көлігін 18 айдан кейін, яғни 2017 жылдың соңында шығаруды жоспарлап отыр. Компанияның басты мақсаттарының бірі диллерлік және сервистік қызметті екі есе ұлғайту. Сол арқылы Tesla көліктерін екі есе көбірек сатып, барлық көліктеріне «күтім» жасай алады.

Бас директор бүгін 3-моделді таныстыру барысында Model S және Model Х көлігінің иелеріне көліктердің жетілдіруіне қаржылай өз үлестерін қосқаны үшін үлкен алғысын білдірді.

Қазіргі таңда Элон Маск өз компаниясын сәттілік атты жолмен жүргізіп бара жатыр деп айтуға толық мүмкіндік бар.


Айсауле НҰРЛЫБЕК

Дереккөз: theverge.com

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға