Жаңалықтар

Ысқақбай Марал

1938 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты «Сұлутөр» ауылында туған. 1955 жылы орта мектепті бітірген соң, төрт жылдай ұжымшарда малшы, кітапханашы, құрылысшы болып жұмыс істеген. Теміртаудағы Қазақстан Магниткасы құрылысына қатысқан. 1965 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. 1964-1971жылдар аралығында орта мектепте мұғалім, директорлық қызметтер атқарған. Осы жылдары алғашқы туындылары «Етікші», «Көкжал» әңгімелерін, «Қырық қыз» хикаятын жазып жариялайды. 1971-1972 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында, 1973-1976 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, 1976-1977 жылдары республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып қызмет атқарған.
30.01.2013 03:42 5231

1938 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты «Сұлутөр» ауылында туған. 1955 жылы орта мектепті бітірген соң, төрт жылдай ұжымшарда малшы, кітапханашы, құрылысшы болып жұмыс істеген. Теміртаудағы Қазақстан Магниткасы құрылысына қатысқан.

1965 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. 1964-1971жылдар аралығында орта мектепте мұғалім, директорлық қызметтер атқарған. Осы жылдары алғашқы туындылары «Етікші», «Көкжал» әңгімелерін, «Қырық қыз» хикаятын жазып жариялайды. 1971-1972 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында, 1973-1976 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, 1976-1977 жылдары республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор болып қызмет атқарған. 1977-1984 жылдар арасында Қазақстан Компартиясының Орталық  Комитетінде жауапты қызмет атқарған. 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметіне сайланып, 1985-1986 жылдары «Мектеп» баспасында, 1986-1988 жылдары «Жазушы» баспасында директор болған. 1991-1997 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігіінің төрағасы, ал 1997 жылдан қоғамдық бірлестік «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы жауапты қызметтерін атқарған.

Әр кезеңде ҚР Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссиясының, ҚР Өкіметі жанындағы Мемлекеттік бірыңғайластыру жүйесі жұмыстарын орталықтандыру және бірізге салу жөніндегі Үйлестіру кеңесінің, ҚР Өкіметі мен Парламенті жанынан құрылған мәдениет жөніндегі комиссиялардың құрамына кірді, алаштың ұлы тұлғалары Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақыптарды ақтау үшін құрылған мемлекеттік комиссияның, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының, Терминологиялық комиссияның мүшесі болды, оншақты жыл бойы қазақ прозашылары секциясының төрағасы қызметін атқарды.

«Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Шілде басталғанда», «Көңіл жұбанышы», «Менің көршілерім», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек» деп аталатын прозалық, «Шығарма  шырайы – шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» (Күйші Байсерке) деген сыни, зерттеу кітаптары жарық көрген. Әңгіме, хикаяттарының желісі бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» секілді телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі жасалған. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша Караоке» деген атпен CD-ға жаздырды.

Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1994 жылдан бері Қазақстан Республикасы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға