Жаңалықтар

Батырлар жекпе-жегі

Жаяу жарыс Бәйге Найза лақтыру Садақпен нысана көздеу
22.12.2012 08:12 3662

Жаяу жарыс

«Жаяу жарыс» ойыны ойыншының қимыл-әрекетті бақылау қырағылығын байқауға арналған. Белгіленген қашықтыққа жүгіре жарысқан екі адамның бірінің озып, бірінің қалып қоюы ойнап отырған адамға байланысты. Өзіңіз басқарып отырған кейіпкерді оздыру үшін пернетақтадағы қажетті түймені пайдалану керек. Бірінші  ойыншы үшін «spaсe» түймесін басып тұрып, жарысушының қимыл-қозғалысын мұқият бақылап, ойыншы сұлбасы бұлдыр тартқанда түймені жібере салу керек. Егер сіздің әрекетіңіз дәл сәтінде істелген болса, дыбыстық белгі беріліп, сіздің ойыншыңыз жылдамдығын арттырып, жеңіске біртабан жақындайды. Егер үлгермей қалсаңыз, сәйкесінше дыбыстық белгі беріліп, ойыншыңыздың жүгірісі баяулап, сылбыр тартады. Осы тәрізді амал екінші ойыншыға да қатысты, бірақ екінші ойыншының қимылын арттыруға пернетақтадағы «shift» түймесі белгіленген.

Бәйге

Бәйге – ұлттық ат спорты ойыны. Бәйгенің жалпы сипатына негізделген, онлайн ойнауға лайықталған бұл ойында өзіңіз қалаған салт атты шабандозды қарсыласынан оздырып, шекті жерге бірінші жету ең басты мақсат болып саналады. Шабандоз жолында әртүрлі бөгеуілдер кездесіп отырады. Белгіленген уақыт ішінде барлық кедергілерде сүрінбей, атын секіртіп өтіп, жылдамдығын жоғалтпай ұстап отырса, шабандоздың экранда көрсетілетін жылдамдық көрсеткіші толығып отырады. Ойыншының толған көрсеткішті (индикаторды) қолдануына болады. Егер қолданар болса, шабандоз аты жылдамдығын арттырып, мәреге жақындай түседі. Онлайн ойнауға болатындықтан, екі ойыншы бір-бірімен жарысып ойнауына толық мүмкіндік жасалған.

Найза лақтыру

Найза лақтыру – әскери спорттық ойын. Байырғы көшпенді халықтардың әскер құрамаларында найзамен қаруланған арнайы найзагерлер тобы болған. Ат үстінде алысқа құлаштай найза лақтырып, нысанаға дөп тигізетін сарбаздар тобынан құрастырылған найзагерлер тобы жау әскерінің серпінін қайтарып, қатарын сиретіп отырған. Онлайн ойнауға лайықталып жасалған бұл ойынның негізі осы найза лақтыру өнерінің элементтерін қамтыған. Алайда мұнда найза лақтырушы ат үстінде емес, жаяу болады. Бұл жағынан алғанда кәдімгі Олимпиялық ойындар қатарына енгізілген «Найза лақтыру» сайысына ұқсас.

Ойыншы найзагерді найза лақтыру қимылына дайындап «оң» бағытты нұсқама арқылы жүгіртіп, екпін алдырып алады. Найза лақтыру үшін алдын ала «space» түймесін басып отырып, мәреге жете тоқтап, «space» түймесін босату арқылы найзаны лақтыру қажет. Найзаның ұзаққа, тез және биіктете лақтырылуына екі фактордың әсері бар. Біріншісі, найзагердің лақтыру сәтінде мәреге қаншалықты жақын болғандығына байланысты; екіншісі, найзагер үстінде көрсетіліп тұрған көрсеткіш нұсқамасы дәл орта тұсына келгенде найзаның лақтырылуы елеулі әсер етеді. Егер найзагер мәре сызығынан өтіп кетер болса, ойын аяқталады.

Садақпен нысана көздеу

Садақ тарту – спорттық ойын түрі. Садақ ежелден келе жатқан көне қару түрі. Қай қоғамда болмасын садақпен нысанаға дөп тигізер мергендер өз ортасында зор қошеметке бөленген. Сарбаздар арасында арнайы садақкерлер тобы жасақталып, олар соғыстың бетбұрысына себепші болып отырған.

Садақпен нысана көздеу ойыны 2 ойыншының ойнауына лайықталып жасалған. Жақты нысанаға дәл көздеу үшін ойыншы тінтуірдің сол жақ батырмасын, нысананы атуы үшін «space» түймесін басуы тиіс. Әрбір тигізген нысана үшін ұпай беріледі.

Ойын бірте-бірте күрделене түсетін 3 кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің алдында ойыншылар кезекпен нысанаға садақ тартады. Ойын соңында кімде жинақтаған ұпай саны артық болса, сол жеңіске жетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға