Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие ісі жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Исабек Баршагүл Қашқынқызы да Елбасының «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына байланысты өз пікірін қосты.
Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты мәжілісте Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Қазақстан Республикасы ұзақ мерзімді стратегиялық ірі жоспарлар жасап, іргелі бағдарламалар қабылдап, оны сәтті жүзеге асырып келеді. «Қазақстан 2030» стратегиясы ескірген жоқ, ел есейді. Енді, 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімге арналған стратегиялық бағытты бағамдадық. Яғни, басты мақсат - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.
Қазақстан мемлекеті 2050 жылға дейін бабалардың ерлігіне, бүгінгі буынның ерен істеріне, жас ұрпақтардың жасампаздығына сүйенген Мәңгілік Ел стратегиясын қабылдады. Мазмұны терең, ауқымы кең, болашағы мәнді бұл бағдарлама халықтың тағдырын, тарихын күрт өзгертетін нақты істің бағдарламасы болмақ.
Жолдаудың төртінші және жетінші бағыттарында білім беру мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолдары айқындалып, нақты міндеттер қойылды. Төртінші бағытта заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары анықталып, білім беру саласындағы жұмыстың басымдықтары баяндалған. «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзарта отырып, Елбасы инженерлік білім беру мен білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамытуды тапсырды. Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты мен технологиялары трансферті, ғылым мен бизнестің кооперациясы, перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыратын жол картасы сынды бағыттың жекелеген тараулары білім саласына қатысты айтылған тың ой, жаңа тапсырмалар деп білеміз. Елбасы жастарға өз үндеуін арнады: «Мен сіздерге жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер.
Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым.
Естеріңізде болсын: сіздердің табыстарыңыз ата аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз бен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы». 1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 5 қарашадағы № 1394 Жарлығымен «Болашақ» халықаралық бағдарламасы құрылып, жастарды шетелдерде оқыту басталды. Мемлекет тарихында алғаш рет талантты жастарға толықтай мемлекет есебінен шетелде білім алу мүмкіндігі берілді. Түсіне білген әрбір жасқа бұл Елбасы артып отырған үлкен жауапкершілік, ел алдындағы абыройлы міндет.
«Жаңа қазақстандық патриотизм көпұлтты және көп конфессиялы қоғам табысының негізі» деп аталатын жетінші бағытта жаңа қазақстандық патриотизм, барлық этностар азаматтарының тең құқықтылығы, қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы, Қазақстан халықтарының мәдениеті, дәстүрлері мен даралық қасиеттері, жаңа замандағы ұлттық интеллигенциясының рөлі, ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін мәселелері терең қозғалған. Қазақстан экономикасы тұрақты, шекарасы бекем, халқы тату, береке бірлігі тасыған, өзге елдер санасар әлем мойындаған ел. Қазақ халқы азаттық рухын терең сезініп, жан жүрегімен түсіне біледі.
Қазақстан халқы алдында тәуелсіздікті қорғау, татулықты сақтау, тұрақтылықты орнықтыру сияқты аса күрделі тарихи істер тұр.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «2050 жылға қарай, біз Қазақстанның кез-келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек.
Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы, өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс» деді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл тарих заңы. Сондықтан, қазақтың бірлігі елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге, қазақтарға керек. Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай. Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан кемел де, келісті елге айналуына бізден қазақтардан артық кім бар?!» дей келе,алдыңғы толқын ағаларға,ортаңғы буын мен кейінгі толқын жастарға тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» ету мұратын міндеттеді.
Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы ұлыстың ұйытқысына айналды. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді! Тәуелсіздік арқылы мәдениетіміз кеңге жайып, қарқынды дамуға зор мүмкіндік алды, ата дініміз де өркен жайып келеді. Діннің діңгегі дәстүрмен берік. Тәуелсіз мемлекетіміз өзге ұлт өкілдерімен татулықта тіршілік етіп келеді, тіршілік ете бермек.
BAQ.kz
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға